23 Шілде 2013, 04:52
Бажайлап қараған адам бұл пікірдің жаны бар екенін аңғарады. Расында да кейде оңай шешуге болатын, бірақ ұсақ-түйек деп кейінге сырыла беретін, ал шынтуайтына келгенде, егер жүзеге асырылса, адамдардың тұрмысына әр беретін, өмірдің сәнін түзеп, көңілді сергітетін шаралар күнделікті қарбалас тіршіліктің көлеңкесінде қалып қоятын жайлар ұшырасады. Осы тұста ауданның жекелеген шаруашылықтарының орталық мекендеріндегі күл-қоқыс үйінділері мен мал қиының бейберекет шашылып жатуы, жасыл желектің тапшылығы әлгіндей самарқаулық пен немкеттіліктің салдары емес пе екен деген де ой келеді. Барлық мүмкіндік бола тұра қырсыздық таныту қынжылтады. Үй маңын, көше бойын күл-қоқыстан аластап, сыпырып-сиырып, тап-тұйнақтай таза ұстауға, көгалдандыруға тек ынта-ықылас жетпейтін тәрізді. Мысалы, «Қызбел», «Речный», «Торғай» шаруашылықтарын алайық. Бұлардың барлығы Торғай өзенінің бойына орналасқан. Сондықтан да шындап қолға алса, осы шаруашылықтардың әрқайсысында көгалдандыру жұмысын жүргізуге мүмкіндік мол. Амал не, іргеде тиіп тұрған өзен суы игілікті іске пайдаланылмайды.
«Ауылына қарап, азаматын таны» дейді халқымыз. Торғай өңірінде сый-құрметке лайық, ауылдастары мақтан тұтар, интеллигент деген ұғымның атына да, затына да сай азаматтар көп. Олардың біразы жөнінде әңгімеледік те. Алайда интеллигент деп үлгі-өнеге тұтып жүргендердің арасында кейде қоғамдық жұмыстан бойын аулақ салуға тырысатын, кітап оқып ой-өрісін кеңейтудің, рухани жан-дүниесін байытудың орнына шөлмек түбіне үңілуді тәуір көретін мамандар да кездесіп қалады. Мысалы, дәрігер Шынберген Әбдіғалиев кезінде үлгілі қызметімен танымал болды. Ол партия қатарына қабылданды. Бірақ Ш. Әбдіғалиев ұжымның сенімін ақтамады. Ұшқалақ мінез көрсетті, ішімдікке әуестенді. Сондай-ақ «Қызбел» кеңшарының бұрынғы директоры Марқабай Сманов шаруашылықтың мал дәрігері қызметін атқарып жүрген тұста өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын еді. Алайда шаруашылық директоры қызметіне жоғарылағаннан кейін М. Смановтың мінезі күрт өзгерді, ішімдікке салынды, шаруашылықты құлдыратты. Ақыр аяғында бұлардың екеуі де жұмыстан босатылды.
Іске самарқау қарайтындар мәдениет қызметкерлерінің арасында да бар. Мысалы, «Еңбек», «Аққұм» кеңшарларының орталықтары мен бөлімшелеріндегі кітапханалар өз дәрежесінде қызмет атқарып отырған жоқ. Олардың бірқатары мезгілінде ашылмайды, жұмысын жоспарсыз жүргізеді.