23 Шілде 2013, 03:26
Бұл сәттіліктің сырын жазушы «...олардың поэзия тіліндегі (образ) теңеуді – жалғыз қазақ тілінде мәлім болған теңеулермен «болды, бітті» деп есептемей, қайта Пушкин болсын, ...не басқа ілгері-соңғы өзге тілдерде жазған ірі ақындар болсын – бәрінің де теңеулерін өз түрінде келтіріп, сонымен жаңа қазақ тілінің орамдылық, көріктілік жағын байыта түсуге тырысатындығынан...» (М. Әуезов. Жиырма томдық шығармалар жинағы. 14-том, 310-бет) іздейді. Әсіресе Ілияс Жансүгіров аударған «Евгений Онегин» романының қазақ тілінде де түпнұсқадағыдай еркін көсіле құлаш сермейтінін қуана қолдап, қуаттайды. Ақынның роман табиғатын терең түсініп, оны аудару барысында түпнұсқаның стилін, түрін бұрмаламай, одан ауытқымай әрі қазақ жанына мейлінше жақын әдісті дәл тапқанына шын ниетімен қуанады.
Сөз ретіне қарай М.Әуезовтей ұлы дарынның ілтипатына бөленген аударма туындыдан шағын үзінді келтірейік:
Театр толы: жайнап ложа;
Кресло, партер қайнап тегіс,
Жоғарғы жақ шулап қозды,
Перде ашылып, шықты дыбыс.
Бейне бұлт етіп жалт-жұлт
Мәжілісті құрмет қылып,
Ньюмина тобы қоршауында,
Тұр сахнада Цитомина
Бір аяқпен жерде жылжып,
Бір аяқпен айналар жай
Еволь үрген мамығындай:
Бірде ұшып, бірде ырғып
Бір бүгіліп, бір жазылып,
Аяқты аяқ қағып лып-лып...
Немесе «Арнау сөзге» назар аударайық:
Достым, осы-ақ келген қолдан:
Шала сықақ, шала мұңнан,
Ел өзінен, ұлы арманнан
Жас жемісім, жұбанудан,
Таң күзеттен толғанудан,
Өспеуімнен, өшкен жылдан,
Салқын ақыл байқауынан,
Күйген көңіл түйген сырдан –
Ала-құла жазылған сөз
Құмарлана қолыңды соз...
Осындай жүйрік аударылып, қай тұрғыдан алғанда да түпнұсқаның мәнін мейлінше ашып, мінсіз ұқсатылған туындының жаратылысына сүйсінумен қатар, М. Әуезов оған кейбір олақ сыншылар тарапынан тырнақ астынан кір іздегендей шабуыл жасалуы мүмкіндігін алдын ала ұққандай сыңайда «Евгений Онегиннің қазақшасы туралы» деген мақаласында аудармашыны арашалай сөйлеп, былай деп жазады: «... мұнда Ньюмина, Еволь, Истомина сияқты, немесе көпшілік ұға қоймайтын, «партер», «ложа» сияқты аттар да бар. Ал аударушы ақынға бұл жөнінде не бұйрық етесіз? Өлең жолының ішінде «Ньюмина» пәлен, «Еволь» түген десін бе? Әлде, басты қатырмай, біз білмейтін аттың бәрін өлең ішінен айдап таста дейміз бе? Біздің кейбір аудармашыларымызда ол да болып еді-ау. Бірақ енді олай десек, онда тіпті аш құлақтан тыныш құлақ. «Евгений Онегинді» қазақшалағанды қояйық. Үйткені, осы жаңағылар сияқты бүгінгі аударушы мен біздің бүгінгі оқушыны біраз қинайтын өзгешелік, ерекшеліктері болмаса, «Евгений Онегиннің» барлық, шыңыраудай терең мәні де, сегіз қырлы сыры да өшіп, семіп қалады» (М. Әуезов. Жиырма томдық шығармалар жинағы. 17-том, 64-бет).