22 Шілде 2013, 09:37
Қазақ Елі дербестікке ие болған соңғы жылдарда жетіге келгенше жерден таяқ жейтін бала сияқты талай қиындықты бастан кешіп жатса да, сол сәбидің өміріндегі қуанышты жаңалықтарды саусақпен бүгіп санап, тәубе-тәубе дегендей жағдайымыз бар. Алғашқыда сәбидің дүниеге келгеніне қуандық, сонан соң былдырлап ана тілінде сөйлей бастағанына қуандық, сонан соң ай санап, жыл санап емес, ертегілердегідей сағат санап, күн санап ержетіп, бірер жылда санадан қалтарыс қала бастаған есімдер мен атауларды қайтарып қана қоймай, елінің қамын жеп атқа қонған, сөйтіп, мемлекеттің іргетасын қалауға кіріскен атпал азаматты көргендей болдық.
Иә, Елдік тізгіні қолға тигеннен кейін біткен жұмыс, сүйсініп еске алар тірлік баршылық. Соның бір парасы халықтың ар-ожданымен, рухани жан-дүниесімен астасып жататын әдебиет пен өнерге де қатысты.
Әрине, бүкіл халыққа салмақ салған ауыртпалық өнер иелерін де айналып өткен жоқ. Соған қарамастан, соңғы жылдары жарық көрген әдеби шығармалардың сапасы Кеңес өкіметі тұсындағыдан әлдеқайда ілгерілеп кетті десек, артық айтқандық болмас. Бұрындары айтарын айта алмай құса болып жүрген жазушы да, зәру дүниеге қолы жетпей қор болған оқырман да ендігі жерде бойын тіктеп, бір жасап қалды. Оның үстіне шынайы талантты танып, мойындауда да қоғамның бір адым алға басқаны аңғарылады.
Қазақстан Республикасының әдебиет саласындағы Мемлекеттік сыйлығына ұсынылған шығармалардың баспасөзде жарияланған тізбесін оқығаннан кейін жоғарыда айтылған ойға тағы да көз жеткізгендей болдық.
Сыйлыққа ұсынылған шығармалардың арасында есімдері оқырманға бұрыннан таныс болғанымен әдеби сыншылар тарапынан лайықты бағасын ала алмай, қағажу қалып жүрген авторлардың да аты аталуы көңілге медеу. Солардың бірі осыдан бірер ай бұрын ердің жасы елуге толған мүшел тойын атап өткен белгілі, әрі талантты жазушы Мәди Айымбетов.
Ең алдымен байқағанымыз – мұнан бұрын балалар мен жасөспірімдер өмірінен «Шілденің күні», «Ертегіден келген бала», «Көгілдір соқпақ», «Көлге шомылған ай», «Күнікей», «Ғашық болу бақыты», «Шыққа тұнған нұр» тәрізді айшықты шығармалар жазған автордың мына еңбегінің тақырыптық үрдісі бөлекше. Оның оқырманы бұл жолы дүниетанымдық әлемі жалпыадамзаттық құбылыс-сипаттармен көрініс беретін ересек кейіпкерлермен жүздеседі.
Тегінде әрбір адам өзінше бір әлем. Ал сол адам жанының терең иірімдеріне көңіл көзімен қарасақ, бұрындары елеп-ескере бермейтін біраз жәйттерге қанығарымыз ақиқат. Мұндайда ең алдымен ақ пен қара, мейрімділік пен қатыгездік тәрізді адамзатпен бірге жасасып келе жатқан алуан категорияларды безбенге салып, елеп-екшеген кезде адам мінезінің сан алуан қырларымен қатар, оның өмірден алар орны да, пешенесіне жазғаны да қылаң беріп қалады.