18 Шілде 2013, 10:49
John Fraser & Son деп аталатын шотландиялық жерлеу бюросы ел тұрғындарына жүннен тоқылған табыт ұсынып отыр.
130 жылдық тарихы бар аталған бюро Инвернесс қаласында орналасқан. Қоршаған ортаны қорғауға бел буған кәсіпорын қызметкерлері жерлеу рәсімдері барынша табиғатқа зиянын тигізбесе екен дейді. Сол себептен олар ағаштан немесе металлдан жасалған табыттардың орнына кәдімгі жүннен тоқылған табыттарды ұсынып отыр.
"Адамдардың қызығушылығы артты. Тіпті, біздің өнімге қазір сұраныс та көбейіп келеді" дейді жерлеу агенттігінің жетекшісі Вики Фрейзер.
Тоқылған табыттар Йоркшир қаласында әзірленеді. Ал, оған жүнді Ұлыбританиядан алып келеді екен. Қаңқасы қатты, су өткізбейтін биоматериалдан әзірленген.
Айта кетейік, Бұған дейін де итальяндық дизайнерлер табиғи таза табыттарды айналымға шығармақ болған. Ол крахмал мен пластиктен әзірленген және қалыбы жұмыртқа тәріздес. Итальяндықтар бұл табытқа мәйіттің аяқ-қолын бүгіп жатқызу керек деп жұртты бір шулатып еді. Ол аздай, "жұмыртқа-табытты" жерге тігінен көміп, үстінен тал отырғызу керек дегенді де айтқан болатын. Бірақ, бұл идея көпшілік тарапынан қолдау тапқан жоқ.
Baq.kz