18 Шілде 2013, 03:33
Екінші дүниежүзілік соғыс, оның ішінде Ұлы Отан соғысы аяқталғалы, міне, табаны күректей 68 жыл өтті. Ал, енді осы сұрапыл соғыс шежіресі беттерін парақтағанда, әлі де болса айтылмаған сөз, ашылмаған құпиялар көп екеніне көз жеткізесің. Басқаны былай қойғанда, күні бүгінге дейін осы қанды шайқасқа қанша қазақстандық қатысқанын, олардың қаншасы қаза тауып, қаншасы тірі қалғанын да дөп басып айта алмай келе жатырмыз.
Оған кінәліні алыстан іздеудің қажеті жоқ. Бәрін шатастырып жіберген Кеңес мемлекеті мен Коммунистік партия жүргізген идеология. Мысалы, И.В.Сталин кезінде КСРО халықтары Ұлы Отан соғысында 7 млн. азаматынан айырылды десе, Н.С.Хрущев адам шығыны 12 млн. деді. Ал, Л.Брежнев заманында 15-20 млн. деп жүрдік. Ол, ол ма, 1991 жылы КСРО Қорғаныс министрі алапат соғыста опат болғандар санын 29 млн. адам деп көрсетті. Кейбір ғалымдар КСРО 40 млн.-ға жуық азаматынан айырылды дегенді де айтады.
Міне, осындай жайларды ескеріп біз соғыс тарихы әлі толық ашылған жоқ дейміз. Мысалы, қанша адам тұтқынға түсті, қаншасы неміс жағында соғысты, соның да анығын айта алмай келеміз.
2011 жылғы 7 мамырда «Егемен Қазақстан» газетінде жазушы Пернебай Дүйсенбин Ұлы Отан соғысы кезінде 103 қазақ Кеңес Одағының Батыры атағын алды деген деректі оқырмандар назарына ұсынды (Кеңес дәуірінде 96-98 деп көрсетілген).
Осы мәліметтерді қарап отырып, маған тарихшы маман ретінде көптеген ой келеді. Мысалы, осы батырлардың біразы Кеңес үкіметі кезінде 1920-1922, 1928-1933 жылдардағы аштықты бастан өткізген әке-шешелері қуғын-сүргінге ұшыраған жандар. Біздің батыр қыздарымыз – Шығыстың қос жұлдызы Мәншүк пен Әлияның биографиясына тереңірек үңілсек, Мәншүктің әкесі Ахмет Мәметов 1937 жылы ұсталып, 1938 жылы сталиндік лагерьде атылды. Мәншүк әкесінің қудаланғанын да, ұсталғанын да, әрине, білген (Ол кезде Мәншүк (Мәнсия) туыстарының қолында болған). Бірақ Мәншүк әкесінің атылғанын білмеген, қайта соғыста ерлігіммен көзге түссем әкемді ақтар деп ойлаған сияқты. Осындай оймен өздері тіленіп, соғысқа аттанғандар аз болмаған. Солардың бірі Смағұл Сәдуақасовтың баласы мен Әлихан Бөкейханұлының немересі Ескендір. Ол 1941 жылы Мәскеуді қорғаймын деп соғысқа кетіп, қаза тапқан.
Әлия Молдағұлованың шын фамилиясы Сарқұлова деп көрсетеді ақтөбелік тарихшылар. Әкесі ауқатты отбасынан шыққан, «тап жауы» деп қудалауға ұшыраған. Бәлкім, 30-жылдардағы шаруалар көтерілісіне де қатысқан болар?! Сол нәубет жылдары Әлия мен інісін жетегіне алып, балалары үшін жанұшырып жүрген Маржан апайды бір мекеменің жанында картоп жинаймын дегенде қарауыл атып тастаған. Осылай аяқ астынан жетім қалған екі сәбиді Әлияның нағашы әжесі ұлы Әубәкір Молдағұловқа беріп жіберген. Інісі қайтыс болған Әлияны Әубәкір нағашысы өз фамилиясына ауыстырып Ленинградқа оқуға түскен кезінде бірге ала кеткен. Әлияның Ленинград балалар үйінде тәрбиеленуінің сыры осында. Мұндай деректерді жан-жақты зерттеп, нүктесін қоятын мезгіл жетті деп ойлаймын.
Тарихшылар арасында дау туғызып жүрген тағы бір жағдай – 28-панфиловшылардың ерлігі. Панфиловшылардың Мәскеу түбінде ерлік жасағандары рас. Бірақ Дубосеково түбінде 56 неміс танкісін тек қана 28 (жалпы басында олар 29 деп аталған, старшина Добробабинді қосқанда) панфиловшы қиратқан жоқ. Ауыр кезең, елдің рухын көтеру керек. Сонымен, журналист Кривицкий 28-29-ды «Красная звезда» газетінде атаған соң, жоғары жақтан бәріне «Батыр» атағы берілсін деген нұсқау түскен. Олардың арасында Данил Кужабергенов та болды. Біреулер оны балалар үйінде тәрбиеленген қазақ баласы дейді. Ал басқалары әкесі қазақ, шешесі орыс, сондықтан аты орысша болған дейді. Д.Кужабергенов жараланып тұтқынға түскен, осыған байланысты оны «опасыз» деп жариялап, «Батыр» атағын сол дивизияның жауынгері Асқар Қожабергеновке береді. Д. Кужабергенов соғыстан аман оралып, көп жыл Алматы қаласында тұрды, қарапайым жұмысшы болды. Соғыс аяқталғаннан кейін журналист А.Кривицкийді, Д.Кужабергеновті НКВД талай тергеген, бірақ ақиқат айтылмай, жабулы қазан жабулы күйінде қалды.
Кезінде «Қазақ ұлттық энциклопедиясы» біршама ақпарат жинап (5 том), 100-ге тарта қазақ батыры бар деп жазған болатын. 339-бетте Қеңес Одағының Батыры атағын алған 11 қазақ республикадан тыс жерде туған деп көрсетілген еді.
Жақында Омбы қазақтарымен кездескен кезде олардың Омбы қазақтарының энциклопедиясын жасау үстінде екенін естіп қуанып қалдық. Дайындаушы – Игілік Тұрсынов және тарихшы профессор Зиябек Қабылдинов. Олар берген деректер ішінде Төлеу Сәрсембаев деген азамат туралы оқып, таң қалдым. Төлеу Сәрсембаев – 1921 жылы Қарағаш ауылында туған, Омбы облысы Нововаршавский (Черлак) ауданынан әскерге шақыртылған. Радист-ұшқыш Төлеу Сәрсембаев Иркутск әскери училищесін бітірген. Елде қалған Қайрат деген ағасына хат жазып тұрған. Бір хатында «өртенген самолетті жерге қондырдым» деп жазған. Украина аспанында «Хутор Михайловское» стансасы жанында болған қанды ұрыста ұшағымен неміс эшалонына түскен. 1943 жылы 21 шілде күні М. Воронковтың әуе эскадрильясының құрамында болған Төлеуден «эшалонға беттедік» деген соңғы хабар келіп жеткен. Қаза тапқан Төлеу Сәрсембаев Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылған болатын.
Омбылық қарапайым қазақ Алмұқ Майемеров Даңқ орденінің үш дәрежесін де алған. Даңқ орденінің 3 дәрежесін алған солдат Кеңес Одағының Батырына теңелетін. Соғысқа Москаленко ауданы Жаңа ауылдан (Ебейті көлі жағында) аттанған. Ленинград пен Волхов маңайында соғысқан, ұрыс даласында ерлігімен танылған Алмұқ ағамыз соғыстан аман елге қайтып, қарапайым механизатор болып өткен екен.
Омбылық Дүйсеке Мүсетов пен Лұғат (Люкот) Серікбайұлы Сағындықов – Социалистік Еңбек Ері атанған қазақ батырлары.
Бейіскенов Ескендір Құрманғалиұлы – Омбы облысы Шарбақкөл ауданы Қопа ауылының тумасы. Даңқ орденінің толық кавалері. 30-жылдары отбасымен бірге көрші ауданға көшіп барып, Бұланкөл ауылында тұрған. Ескендір Құрманғалиұлының құрметіне өзі тұрған ауылда ескерткіш тұрғызылған. Бір таңғалатын жай, Е.Бейіскеновтің туыстарының барлығы – ер-азаматтар кеңес билігі тарапынан қуғынға ұшыраған.
Өкінішке қарай, осындай азаматтардың аттары Ресейде көп айтылмайды. Қазақстан зерттеушілері де оларды естен шығарып алған сияқты. Менің естуімше, Алтай өңірінде де 2-3 қазақ Батыр атағын алған, олар туралы да ешкім тіс жармайды. Ресейдің бізбен шекаралас Астрахань, Саратов, Волгоград, Орынбор, Челябі, Қорған, Түмен, Барнаул облыстарынан мыңдаған қазақ соғысқа аттанған. Олардың тағдыры не болды? Бізге беймәлім. Іздеп жатқан адам жоқ.
Тарихтан атақты 316-шы Панфилов дивизиясымен қатар Мәскеуді қорғауға бірнеше Сібір дивизияларының қатысқанын білеміз. Оның арасында полковник (кейін генерал) А.П.Белобородов басқарған дивизияның құрамында көптеген қазақтар болғаны мәлім. Мысалы, Омбы облысына қарасты Қарағаш ауылының (бұрынғы Қопа ауылы) тұрғыны Бектұровтың отбасынан 9 ұл соғысқа кетсе, олардың сегізі – Сейпі, Темірғали, Қара, Балта, Соғымбай, Ғалинұр, Ерғали, Ахмет от пен оқтың арасынан оралмады, тек бір ұлы ғана аман қалды. Ұлдарын жоғалтқан анасы уайымнан көзден айырылған, зағип болған. Сол сияқты, Қаратал ауылында тұрған Асылбеков отбасынан 9 ұл соғысқа кетіп, біреуі де оралмаған, әкелері болса, репрессиядан қаза тапқан.
Осындай қасіретті еске алғанда біз заман сондай болды деп жұмсартуға тырысамыз. Менің ойымша, сол азаматтардың өмірлерінің ойыншыққа айналғанына заман емес, кеңестік жүйе кінәлі. Билікке жеткен большевиктік номенклатура (бюрократия) елде жаппай репрессия арқылы талай адамдардың өмірін қиды. Төніп тұрған қауіпті ескермей, фашистік Германиямен соғысқа дайындалмай миллиондаған адамдарды құрбандыққа шалды. Ал ең сорақысы, сол соғыста жеңіп шыққан қарапайым азаматтар ұмыт қалып, олардың ерлігі мен өрлігін паш етудің орнына жалған аңыздарды таратты.
Бүркітбай АЯҒАН,
Мемлекет тарихы институтының
директоры, тарих ғылымдарының
докторы, профессор.