17 Шілде 2013, 03:49
Облыс орталығында Ауған соғысы ардагерлері мен құрбандарына арналған ескерткіш алаңы бой көтереді.
Ауған соғысы ардагерлері мен құрбандарына арналған ескерткіш жобасын ұсынып отырған ҚР-дың еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық Сәулет академиясының профессоры Саматбек Бөкебайдың есімі атыраулықтарға жақсы таныс.
Ауған соғысы ардагерлері мен құрбандарына арналған ескерткіш алаңының ескерткіштің жобасы Астанадағы арнайы комиссия сарабынан өтіп, бекітілген.
Ескерткіштің жалпы биіктігі 10 метрдей. Шығыс елінің символикасын білдіретін күмбез тәріздес көмкерілген арка астына биіктігі 3 метрдей мүсін орналасады, онда бір-біріне арқа жонын тіреп, қолдарына қару ұстаған екі жауынгер бейнеленген. Жобадағы қызыл жұлдыз – Ауған соғысының Кеңес Одағы кезінде болғанын еске түсіретін белгі.
Жобада жоғарғы алаңдағы 10 баспа – 10 жыл (1979-1989ж ж.) соғысты білдіреді. Ақ арка силуэті, биіктігі 9 метрді құрайтын бітеу жар – Ауғанстандағы шың-шатқалдардың жиегін, Кеңес солдаттары жанын пида еткен жерлерді білдіреді. Құлпытасқа Ауған соғысына қатысқан және қаза болған жауынгерлердің аты-жөні жазылады. Екі жауынгер мүсінінің алдына қара қызғалдақ бейнесі орналастырылмақ. Бұл қаралы қазаны білдіретін символикалық композиция екенін аңғару көрер көзге таңсық емес.
Атырау облысының әкімі Б.Ізмұхамбетовпен болған кездесуде «Қазархстрой» жобалау-құрылыс компаниясының директоры және жоба авторы С.Бөкебай құрылысты жүргізуге 4-5 ай уақыт қажеттігін айтты.
Екі жауынгердің мүсіні Қарағанды қаласындағы арнайы мекемеде құйылып, Атырауға жеткізілетін болады. Сәулетшімен жүздесуде облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов алдымен құрылыстың сапасына баса көңіл бөлу қажеттігін және мердігер мекеменің жауапкершілікті түсіне алатындай болуын тапсырды.
Ауған соғысы боздақтарына арналған бұл ескерткіш шағын Жеңіс саябағы тұсындағы жаяу жүргіншілер көпірінің маңынан орнатылады. Ескерткіштің құрылысын Ауған соғысының аяқталғанына 25 жыл болуына орай 2014 жылдың 15 ақпанына дейін аяқтау жоспарланып отыр.