16 Шілде 2013, 07:56
Ақ көйлек
Қожанасыр бір күні түнде далаға шықса, есіктің алдында ағарып тұрған бір затты көреді. Жалма-жан үйіне жүгіріп кіріп, мылтығын алып шығып, әлгі ағарғанды атып тастайды да: «Не де болса ертең көрермін», - деп
үйіне кіріп жатып қалады. Ертеңінде тұрып түндегі атқан нәрсесін қараса, ол өзінің жуып, жайып қойған көйлегі екен, мылтықтың оғы шұрық-тесік қып кетіпті. Қожа көйлегін әрі-бері айналдырып көріп тұрып: «Қатын, қатын, апырай, көйлегімнің ішінде өзімнің болмағаныма шүкір, егерде өзім болсам не болар едім?» - депті.
Қожанасырдың ораза ұстағаны
Қожанасыр бұрын ораза ұстамаған кісі екен.«Пайғамбар жасына келіп қалдың, енді ораза мезгілі жетті»,-деп, әйелі мазалай берген соң Қожанасыр келісіп, ораза ұстапты. Бірақ қарны ашқан соң Қожа күннің көзінің ауыл сыртындағы тауға жетіп жасырынуын шыдамсыздана күтетін болыпты. Шыдамы кеткен Қожекең бір күні «ақыл таптым» деп, үйін жығып есегіне арта бастапты. Әйелі аң-таң болып: «Бұның не?» - деп Қожакеңнің
бірдемені бүлдіретінін сезіп, безек қағады. Қожанасыр:
«Үндеме, ақыл таптым, ораза біткенше күннің қысқа еріне барып отырамыз», - деп, таудың нақ шығыс жағындағы бір шұңқырға апарып үйін тігіпті. Бұл жерден күннің көзі түс ауса-ақ тауға жасырынып, қара көлеңке
тартып кетеді екен. Қожекең күннің қара көлеңке болуы аңдып тұрады да, күннің көзі таудан асысымен: «Қатын, күн батты, ас әкел!» - деп, аузын аша беретін болыпты.
"Тоғыз теңге болса да берші!"
Қожекең бір күні түс көреді. Түсінде тәжі қоразы бар екен дейді. Алдына бір кісі келіп:
- Қожа, қоразыңызды сатасыз ба? - деп сұрайды.
- Ақшаны көп берсең сатамын, - дейді.
- Кәне, қаншаға бересіз? - дейді кісі.
- Он екі теңге бер.
- Жеті теңге берейін.
- Жоқ.
- Болмаса сегіз теңге берейін.Осылай таласып, нарық тоғыз теңгеге шыққанда, Қожанасыр оянып кетіпті. Оянса қоразы да, алушы да, ақша да жоқ. Қожекең дереу көзін жұмып: «Тоғыз теңге болса да берші!» - деп қолын созады.
Қожанасырдың қой сойып алуы
Қожекең көшеде адасып жүрген бір қойды үйіне әкеп сойып алады және оны сыр ғып бір жолдасына айтады.
Жолдасы Қожекеңе «кияметке барғанда не деп жауап бересіз?» - дейді.
- Танамын, мен жегенім жоқ, деймін.
- Жоқ, тана алмайсыз, қойдың өзі келіп куә болады ғой!
- Қойдың өзі келсе тіпті жақсы болар еді, ұстап алып иесіне берер едім, - депті Қожанасыр.
«Оған саспай-ақ қой»
Қарызға белшесінен батқан бір кісі Қожаға айтыпты:
- Мойнымдағы қарыздарды үзгенше әзірейіл жанымды алып қоймаса жарар еді. Қожекең оған көңілін көтеріп:
- Сенің қарызың үзіліп біткенше әзірейілқартайып, жаныңды алуға да күші жетпейтін болар, оған саспай-ақ қой, - депті.