16 Шілде 2013, 07:27
Абай мен Әбіш
Наушабай дейтін кісі жол жүріп келе жатып,Абайдың үйіне түсіпті. Жайғасып отырған соң ол:
- Абайжан, өзіңе асыл сөз, алғыр ой тауып айтқан кісі болды ма? - деп сұрапты.Абай сәл ойланып отырыпты да:
- Менің Әбдірахман деген балам бар еді. Оны тоғыз жасында Семейдегі орыс мектебіне оқуға бердім. Оны бітірген соң, Петербурға жібердім. Қыс оқып, жаз демалысқа үйге келді. Сұрастырып байқасам, оқуы жақсы
көрінеді. Баламның алымдылығын сынап білейін деп ойладым да, бір күні жай әңгімелесіп отырып:
- Қалқам Әбіш, осы әлемдегі жаратылыста ақ зат асыл ма, қара зат асыл ма? - деп сұраған едім. Ол іркілместен:
- Ақ зат асыл ғой, - деді.
- Неге, қара зат асыл емес пе? - дедім мен. Әбіш бетіме қарап күлді де:
- Қараны қалай асыл дейсіз? - деді. Мен:
- Біріншіден, адам баласы барлық дүниедегі жаратылысты көзбен кереді емес пе, - дедім,- Бірақ көздің ағы көрмейді, ортасындағы кішкене қарашығы ғана көреді. Қараның асылдығына осы дәлел. Екіншіден, қағаз ақ, одан адам оқып білім ала алмайды, үстіне жазған қара сиядан
өнер-білім алады. Үшіншіден, жас шақта адамның сақал-шашы қара болады. Осыған байланысты жас күнде адамда ақыл, білім, қайрат көп болады. Қартайғанда шаш-сақал ағарады. Ал, адамда ақыл, білім, қайрат та азаяды. сондықтан ақтан қараны асыл ма деп ойлаймын, - дедім.
Сонда Әбіш:
- Оның бәрін қалай білдіңіз? - деді.
- Ақылмен білдім, - дедім мен.
- Олай болса, ақыл мида болмай ма, ал ми ақ зат емес пе!
Екіншіден, ақыл - нұр, жарық зат. О да аққа ұқсамай ма? - деді.
Мен баламның тауып айтқан сөзіне риза болып, маңдайынан иіскедім.
Абайдың жұмбағы
Абай үйінде отырып, өзінің досы Бегештен:
- Дауасыз не? арзан не, қымбат не? - деп сұрапты. Бегеш оған:
- Дауасыз - кәрілік; арзан - өтірік; қымбат - шындық,- деп жауап береді. Абай риза болады.Тағы бірде үйіне Төлтай, Ошыбай деген кісілер келгенде Абай:
- Қаттыда не қатты, тәттіде не тәтті? - депсұрайды.Ошыбай:
- Құрттың ақ малтасына қосып жеген қанттан тәтті бар дейсіз бе? - дей бастағанда, Төлтай құрдасы Ошы байға кейіп:
- Әй, сен оттама! Қатты деген жоқшылық, тәтті деген жан емес пе? - депті. Абай мырс етіп күліп:
- Жарайсың, Төлтай! - депті.
"Айды аспаннан бір-ақ шығардым"
Қожанасыр бір күні әбден шөлдеген соң су алып ішпек болып, түнде құдыққа барады. Құдыққа қауға салып тартса, шықпайды. «Бұған не болды?» - деп, Қожанасыр үңіліп қараса, құдықтың түбінен ай көрінеді. «Ә, қауғам айға ілініп қалған екен ғой», - деп, Қожа жұлып тартып қалғанда, қауғасы шығып кетеді, өзі шалқасынан түседі. Жерге басын соғып, есеңгіреп қалған Қожанасыр әлден уақытта көзін ашса, ай аспанда тұр. Сонда Қожекең қуанып:
- Не болса, о болсын, айды аспанға бір шығардым-ау! - депті.