15 Шілде 2013, 06:28
Жылжымайтын мүлiк объектiлерiнiң техникалық паспортын алуға өтініш беру енді едәуір жеңіл. Өтініш берушіге электрондық үкіметтің www.egov.kz порталы арқылы онлайн өтініш беріп, Жылжымайтын мүлік орталығының қызметкерінің қоңырауын күту ғана керек. Мамандар клиентке техниктің келуіне ыңғайлы уақытты нақтылау үшін қоңырау шалады. Бұл жөнінде baq.kz тілшісі хабарлайды.
Онлайн өтініште құқық белгілейтін құжаттың скан-көшірмесі және қызметке төлем төленгені жайлы түбіртек қоса болуы қажет. Болашақта қызметті электрондық үкіметтің порталы арқылы онлайн түрде төлеуге мүмкіндік ашылады.
Өтініш қабылданбаған жағдайда, пайдаланушының жеке кабинетіне бас тарту себебін түсіндірген дәйекті жауап қайтарылады. Сонымен, өтініш берушіге атқарушы органға құжаттарды тапсыру үшін бару қажеттілігі жоқ. Онлайн өтініш берілгеннен кейін, клиент белгіленген уақытта ХҚКО-на дайын құжатты алуға келеді. Бұрын өтініш беруші мемлекеттік органға 5 не одан да көп құжаттармен келіп және техпаспортты 5-тен 30 күнге дейін күткен.
Дайын техникалық паспортты беру мерзімі жылжымайтын мүлік объектісінің түріне байланысты. Мысалы, пәтерлер мен жатақханадағы бөлмелерге құжат үш жұмыс күні аралығында беріледі. Үйлер, гараждар, саяжайларға жеті жұмыс күні аралығында, ауданы 1000 ш. метрге дейінгі объектілерге техпаспортты он күнде, ал ауданы 1000 ш. метрден астам объектілерге жиырма күн аралығында алуға болады.
Техпаспорт алу барысының жеделдетілуі бизнес – үдерісті автоматтандыру мен оңтайландыруға, қызмет көрсету кезінде халықтан талап етілетін құжаттар санының азаюының арқасында болды.
Бүгінде бұл қызмет Астан мен Алматы қалаларында іске қосылды. Пилоттық режимі аяқталғаннан кейін қызмет республиканың барлық аймақтарында колжетімді болады.
baq.kz