15 Шілде 2013, 06:10
Меккеге Құлыншақ Кемелұлы, Тұрғанбай Аймырзаұлы, Жамаяқ Құлсымақұлы, Шорнақбай, тағы басқа кісілер бірге аттанады. Сол сапарда (барарында не қайтарында екені есімде жоқ) ақын кеме үстінде ауырып, мұсылман еліне жеткенде қаза болады. Қазақы дәстүрмен «Ой, бауырымдап» жылап жатқанда кемедегі өзге мұсылмандар «Әй, сендердің бұларың не? Бұл Алланың әміріне қарсы келу. Жылағанды қойыңдар, жағалауға жеткенде жер қойнына беріңдер», – депті. Осылайша бабамыздың денесі жат жерде қалыпты. Қай жерде екенін әкеміз айтатын. Кезінде жазып алмаған соң бүгінде ұмыттық.
Ал, сіз көрсетіп отырған «Елге сәлем» деген отыз жолдық соңғы өлеңі мынадан көлемді болатын. Осы өлеңді мақамына келтіріп айтқанда шалдар еңіреп, жылап отырып тыңдайтын еді. Кезінде іздеушісі болмаған соң, айтылмады, жазылмады. Бұрынғы жинақтарға енбеген бес-алты шумақ өлеңін айтайын, жазып алыңыз.
Еркектердің бәрі егін орағында екен. Ауылдағы бір шал талқан жеп, бидай көже ішіп, артынан ет жеп, сіңіре алмай күпті болып қалады. Келіндері атамызды ұшықтайтын еркек бар ма деп қараса, Құлыншақ жүр екен. Рұқсат етсеңіздер мен ұшықтайын депті Құлыншақ. Ұртын толтырып, суды бүркіп жіберіп:
Қара қойдың құйрығын,
Қуырып жедің, тоймадың.
Қос-қос талқан қоймадың,
Жалмагөй болсаң жарып шық,
Теспегей болсаң тесіп шық,
Е, Құдайым, жар болсаң,
Осы кештен қалмай,
Жаның шық! – депті. Сонда орнынан тұра алмай жатқан шал, Құлыншақты қуа жөнеліпті. Құлыншақтың осы айтқаны заматта ауылға тарап кетеді.
Атамызға ақындық өнер қонып, енді танылып келе жатқан жас кезі екен. Бір топ ауылдастарымен Түркістанға базаршылап барады. Базардан керек-жарағын түгендеп, боза ішіп, көңілдері көтеріңкі келе жатқан Бибосын, Бәзілбек, Төленді деген ағалары: «Әй, Құлыншақ, сені өлеңші дейді. Ақын екенің рас болса, бет-жүзімізге қарамай, кемшілігімізді көрсетіп, үшеуімізге бір-бір шумақтан өлең шығаршы», – дейді. Құлыншақ ол кісілерге базардан өрік-мейіз, тәтті-пәттісін алдырып, өлеңі ащы шықса ұрмаймыз деген уәделерін алып, Бибосыннан бастайды.
Сексеуілді жақсаңыз, түтіні жоқ,
Бибосын жақсы жігіт, күтімі жоқ.
Бірі соқыр, бірі таз, бірі пұшық,
Бір үйлі жан ішінде бүтіні жоқ, – дегенде Бибосын, «Ойбай-ау, мен саған мінімді айт дедім бе?» – деп тұра ұмтылғанда, қасындағы екеуі оны ұстап қалады.
Кезек Бәзілбекке келгенде:
Бәзілбек етік тігіп дарылдайды,
Қолынан сідік көңі арылмайды.
Бәзілбек етік тігіп, майлы ет жесе,
Аттай көті пысқырып, парылдайды, – дейді. Бәзілбек те «Мынау бүлдірді-ау», – деп ұмтылғанда, жанындағы екі серігі тоқтатады.
Үшінші ағасы Төленді денесі ірі, есерсоқтау болса керек, Құлыншақ қашықтау жерге барып:
Төбет болсаң болар ең дәңгіл шолақ,
Жүрер ең күллі иттің бәрін талап, – дегенде, Төлендінің мінезін дәл сипаттаған Құлыншаққа ырза болған екеуі Төлендіні жабыла ұстап қалады.
ҚАЗЫНАЛЫ ОҢТҮСТІК: ҚҰЛЫНШАҚ КЕМЕЛҰЛЫ. ШЫҒАРМАЛАРЫ. – Алматы: 2013