15 Шілде 2013, 06:09
Құлыншақ Кемелұлының мұрасын жинау барысында көптеген кісілерге жолықтық. Көпшілігі бәрімізге бұрыннан аян жайттарды баяндаумен шектелді. Десек те құнды дерек, тың мәлімет беруші кісілер де табылды. Солардың бірі Оңтүстік Қазақстан облысы, Мақтаарал ауданы, Жетісай қаласының тұрғыны, бұрынғы заң қызметкері, бүгінде зейнеткер Есенгелді Бишеұлы Көпжанов ағамыз.
– Біз, Құлыншақ Кемелұлымен рулас, жақын ағайындармыз.
Ата-бабаларымыз Теріскейдегі Аққолтық, Үштөбе, Жартытөбені жайлаған. Бабаларымыз бақуатты, малды кісілер болған. 1930 жылғы Созақ көтерілісінен кейін әкелеріміз бай баласы, Қажының ұрпағы атанып қуғынға түскен. Зобалаң жылдары Күнгейге, Қазіргі Отырар ауданының «Сулыкесік» деген жеріне қоныс аударады. Біз осында өніп-өстік. Кейін қызмет бабымен Жетісайға келіп қалдық.
Менің атам Көпжан Аймырзаұлы, Құлыншақпен Меккеге бірге барған Тұрғанбай қажының туған ағасы. Тұрғанбайдан Шынтерек – ол атамыздан Төрехан, Исахан деген ағаларымыз болған. Төреханнан Амантай, Есенбай, Аманбай, Шолпан тарайды. Ұлдарының бәрі де Отырар ауданында. Бірі – аудандық мәслихаттың депутаты, бірі – ауыл әкімі, бәрі де абыройлы жандар. Ал, қызы Шолпан баба жолын жалғастырып, Меккеге екі рет барып қажы атанған. Қазір Алматы қаласында тұрады. Исаханнан Абай, бұл кісі де Отырарда.
Әкем – Бише, 1885 жылы туған, ескіше өте сауатты, ілімі күшті кісі болған. Кеңес үкіметінің қаһарынан қорқып, ілімін, молдалығын өлгенше жасырып өтті. Ол кісі бертінде 1970 жылы қайтыс болды. Бірінші анамыз қайтыс болғанда жаназасын өзі шығарған екен.
Ол кісі Құлыншақтың көзін көріп, жырын тыңдаған, өлеңдерін жатқа білетін. Ауыл қариялары бас қосқанда Құлыншақтың өмірі, өнері жайында сөз қозғап отыратын еді. Оған ақындық өнердің қалай дарығанын былай әңгімелейтін:
– Ол кездері аталарымыз жаздық бидай егеді екен. Күзде, егін піскенде, далада қос тігіліп, ас-суын өздерімен алып келіп, кешке бір адам қоста қалып, қалғандары үйлеріне қайтады. Бір күні қоста 11 жасар Құлыншақ қалады. Ай сүттей жарық. Бала түс көреді. Оянып кетсе, алдында ақ есек мінген, ақ киімді, ақ сақалды, қолында аса таяғы бар кісі тұрады. Мұрынының астынан Ай көрініп тұр екен. Саңлауы бар бала Қыдыр ата екенін сезіп, «Ассалаумағалейкум» деп сәлем береді. Амандасқанда ақсақалдың қолы жұп-жұмсақ, сүйексіз екен. Бала бата сұрайды. Қыдыр ата: «Қалауың не, балам?» – дегенде, Құлыншақ «Өлең мен көген» депті. Басқа не қалауың бар деп үш рет сұрағанда үшеуінде де «Өлең мен көген беріңіз, басқа қалауым жоқ», – деген екен. Сонда Қыдыр ата «Әумин» деп бата беріпті де, «Балам ана таяқты әперіп жібер», – депті. Еңкейіп таяқты алса, Қыдыр ата ғайып болыпты.
Әкем осыны айтып, «Әттең, ұрпағын қосып сұрамаған екен. Кейінгі ұрпағы өспей қалды», – деп өкініп отыратын.
ҚАЗЫНАЛЫ ОҢТҮСТІК: ҚҰЛЫНШАҚ КЕМЕЛҰЛЫ. ШЫҒАРМАЛАРЫ. – Алматы: 2013