15 Шілде 2013, 06:01
Көтеншіде Құлыншақ,
Өлең сөздің ұстасы,
Майлықожа, Мәделі,
Бұлар оның тұстасы.
Сөздерінің бар еді,
Тістейтіндей қышқашы.
Ең озығы Құлыншақ
Өлең десе ұрыншақ.
Шу асауды тоқтатқан
Бұғалықты бұрын сап! – деп қыпшақ Бұдабай ақын шын бағасын берген ерен жүйріктің дүниеге келген жылы мен өмірден қайтқан жылы әлі де нақтыланбаған.
Ә.Оспанұлы ақынның 1831 жылы туып, 1901 жылы қайтыс болды деп есептейді. Бұл мерзімде Құлыншақтың ұлы Исаханның әңгімесі негіз болғанын айтады. Әйтсе де, 2001 жылы өзінің құрастыруымен шыққан кітаптың («Жыр-мұра». Астана «Елорда», 2001, 496-бет) 42-бетінде 1832-1901 ж.ж. деген тоқтаамға келеді.
Ә.Оспанұлының дерегіне сүйенген профессор Х.Сүйіншіәлиев («Қазақ әдебиетінің тарихы» Алматы: Санат, 2005, 588-599 беттер) ақынның туған жылын 1831 жыл дейді де, қайтыс болған жылын 1892 жыл деп көрсетеді.
Ал, академик Р.Бердібай ағамыз «Ақын аманаты» атты зерттеу мақаласында: «Енді ақынның өмірбаяны, шығармалары және олардың идеялық-көркемдік мәні, бағыты туралы бірер сөз.
Ақын 1840 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Созақ ауданының Жартытөбе деген жерінде туылып, 1911 жылы Меккеден қайтып келе жатқанда дүние салған. Құлыншақтың өлер адындағы бір ауыз өлеңі бұл мәселені растайды.
Бұл адам көп жасаса жүзге келер,
Бәрібір үйде өлсең де, түзге көмер.
Қайыр-қош, аман боп тұр, қайран елім,
Ағайын енді қайда бізге келер.
Кейбір деректерде ол 1831 жылы туған делінеді. Бірақ оның ауылдасы, елінің әңгіме-шежіресіне қанық Әлішер Қосмұханбетовтің және Оңтүстік Қазақстан облысы Отырар ауданының «Шәуілдір» совхозында өмір кешкен, Құлыншақтың біраз өлеңін жатқа білетін ақын Омар Байымбетовтің дәлелдеуіне қарағанда, ақынның 1840 жылы туғаны сенімдірек деп есептеуге болады», – деп жазады.
Есіркеп Өмірбеков өз кітабында («Шежірелі өлке», «Ғасыр-Ш» баспасы, Шымкент, 2002 жыл, 194-195 беттер) «Құлыншақ өз заманында аты алысқа кеткен ақпа ақын. Ол Созақ ауданының Жартытөбе деген жерінде Кемел деген дәулетті шаруаның отбасында 1840 жылы дүниеге келген. Құлыншақ дүниеден таршылық көрмеген адам. Құлыншақ кейбір ақындарға ұқсап, дүние қууға салынбаған. Өлеңді таза өнер деп білген. Өзінің отбасында екі әйелі, екі ұлы, үш қызы болған. Үлкен ұлы Ысқақ та ақын болған. Оның Қызқадишамен айтысы айтыс туралы жинақтарда жарияланған. Кіші ұлы Исахан 1986 жылы қайтыс болды. Құлыншақ 1904 жылы Меккеге қажылыққа барып, содан қайтып келе жатқанда ауырып, жол үстінде өледі. Оның сүйегінің қайсы жерге қойылғанын анықтап ешкім айта алмайды. Қасындағы серіктері «Елге сәлем» деген бір ауыз өлеңін ғана айтып келіпті.
Алмас Ақылбек,
ҚР Журналистер одағының мүшесі
ҚАЗЫНАЛЫ ОҢТҮСТІК: ҚҰЛЫНШАҚ КЕМЕЛҰЛЫ. ШЫҒАРМАЛАРЫ. – Алматы: 2013