15 Шілде 2013, 05:57
1987 жылдың қазан айы болатын. Отырар музейінде суретші-реставратор болып жұмыс істейтін досым Әділхан Мәліков Созаққа бірге баруымды өтінді. Теріскейде өмір сүрген Құлыншақ ақынның портретін салмақ ниетте екен. Жездем Амангелді Мырзалиев Созақ ауданы атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметінде. Және Бектай, Нұртай деген әскерде бірге болған достарым да бар. Мен келісіп, кезекті еңбек демалысын алып, Теріскейді бетке алдық.
Жездемнің үйіне түсіп, мән-жайды айттық. Ол кісі керемет күйші, ескі әңгімелерді көп білетін адам еді.
– «Құлыншақтың портретін саларсыңдар-ау, бірақ өлеңдері табыла қояр ма екен? Өйткені, сендерден бұрын ғалым Ә.Оспанұлы, профессор Р.Бердібаевтар ақынның өлеңдерін іздестірген. Көп ешнәрсе табылмады», – деді.
Біз тәуекел деп ел аралауға шықтық. «Сұрай-сұрай, Меккені де табасың» дегендей Құлыншақтың баласы Исаханның қызы Жәмила апайды тауып алдық. Шолаққорғанда дүкенде сатушы екен. Өлең табылмағанымен Исекеңнің суреті табылды. Бұған да шүкір деп сапарымызды жалғастыра бердік. Бір кісілердің жөн сілтеуімен «Жартытөбе» совхозында тұратын Рысқұл Рысжанов деген қарияға жолықтық. Құлыншақты да іздейтіндер бар екен деп қуанған ол кісі үйіне ертіп барды. Совхоздың шағындау үйі. Үлкен қабырға түгелімен сірескен кітап, газет-журналдар.
– Айналайындар, жиған-тергенімді қайда бастырам, кімге көрсетем деп жүрген едім. Жақсы келдіңдер. Аудандық газетке Құлыншақ ақын туралы талай мақала, өлеңдерін бердім. Бірақ бастыра алмадым. Себебі, біздің аудан – қатаң бақылаудағы аудан. Созақ көтерілісінің зардабы әлі де бар. Редакторлар феодализмнің сарқыншағы, қажының өлеңдерін баса алмаймыз деп жай ғана сыбырлайды.
Осыны айтқан Рысқұл қария қолжазбаларын қопара бастады. Көп қағаздан таба алмады да, соңымыздан хатпен жіберуге уәде берді. Біз суретке түсіріп, әңгімелерін магнитофонға басып алып, ауылға қайттық.
Рекең сөзінде тұрып, алғашқы бес өлеңін хатпен салды. Музейге келген хатты Әділхан бөлім меңгерушісі А.Жұмашевқа тапсырып, ол кісі Шымкентте тұратын ғалым Ә.Оспанұлына жеткізеді. Ақынның жаңа өлеңдері енді табылмайды деп үміт үзгенде өз аяғымен келген өлеңдерге балаша қуанып, алғысөзін жазып, облыстық «Оңтүстік Қазақстан», Созақ аудандық «Молшылық үшін», Қызылқұм аудандық «Қызылқұм» газеттеріне бастырады. Осыдан кейін ақын шығармашылығына даңғыл жол ашылады.
Алмас Ақылбек,
ҚР Журналистер одағының мүшесі
ҚАЗЫНАЛЫ ОҢТҮСТІК: ҚҰЛЫНШАҚ КЕМЕЛҰЛЫ. ШЫҒАРМАЛАРЫ. – Алматы: 2013