Құлыншақ көптеген арнау өлеңдер жазған

15 Шілде 2013, 05:03

Өз бетімен сауатын ашып, Шығыс шайырларының шығармаларын оқыған, қисса-хикаяларды жаттаған. Қобызға, домбыраға қосылып жыр, қисса, толғау, терме айтқан. Оның «Қыз Жібек», «Шора батыр», «Шекер –  Шырын» тағы басқа халық дастандарын домбыраға, сырнайға, қобызға қосылып, нәшіне келтіре жырлағанын көнекөз қарттар күні бүгінге дейін айтып отырады.  Құлыншақ көптеген арнау өлеңдер жазған. Оқиғаның мән-жайына орай табан астында шығарылып, тапқырлығымен, ұрымталдығымен, ұтымдылығымен замандастарының ілтипатына ие болған осындай бірсыпыра өлеңдері қазақтың ел ішіндегі ежелгі дәстүрі бойынша ұрпақтан ұрпаққа ауызша беріліп, бүгінгі күнге дейін жетті. Мысалы, «Көлбайға», «Дүйсенбіге», «Жаманқараға», «Ондыбайға», «Майлықожаға», «Қожабергенге», «Нарынбайға», «Үмбетке», «Өзігелдіге» тағы басқа арнау өлеңдерінде ақын әлеумет құбылыстарын терең талдаумен бірге, адамның жеке басындағы артықшылықтар мен кемшіліктерді қысқа да нұсқа түрде көкейге қонымды етіп, шебер жеткізе біледі. Құлыншақ көп жылдар Сарыарқа жағында ел аралап, әйгілі Шөже ақынмен дидарласқан. Поэзия алыбы Жамбыл: «Майлықожа, Құлыншақ, пірім еді бас ұрған» деп Құлыншақтың ақындық үлгісін жоғары бағалаған. Міне осындай үзік-үзік деректердің өзі Құлыншақтың өз заманында аты алысқа кеткен ақпа ақын екенін дәлелдей түседі. Бізге жеткен мәліметтер бойынша Құлыншақ дүниеден таршылық көрмеген. Ол өзінің кейбір замандас ақындарына ұқсап, мал-мүлік қууға салынбаған. Ақын шығармаларын зерделеген адам оның өлең-жырлары арасынан жиын-тойларда салтанат иесіне көпшік қойып, марапаттаумен арзан бедел жинап, ат-шапанға ие болу барысында айтылатын шығармаларды мүлде кездестірмейді. Бұл кездейсоқтық емес. Себебі ақын өлеңді таза өнер деп білген. Сондықтан жоғарыда өзіміз айтқандай арзан мадақтауларға, дүние үшін адам бойындағы кемшіліктерді іркіп қалуға бармаған. Қисық батырға, Ондыбай болысқа айтқандары, «Мазақ қылма Көлбайым», «Құдабайға айтқаны», «Ағайынға болыспаймын» атты тағы басқа өлеңдері осы сөзіміздің дәлелі. Ақын шығармаларының ұрпақтан ұрпаққа ауызша беріліп, бүгінгі күнге жеткен жұқанасының өзінен Құлыншақ Кемелұлының халқын, туған жерін сүйгені, елінің салт-дәстүрін қадірлегені және өзгені де елдікті сақтауға үгіттегені, көзі ашық, көкірегі ояу ақынның отаршылдыққа жан-тәнімен қарсы болғаны айқын аңғарылады. «Амалсыз асы біз күмірә», «Пәнденің көп-ті күнәсі» және тағы басқа өлеңдерінде ақын қоғам қайшылықтарын тайпалған жорға тілмен айшықты жеткізеді. ҚАЗЫНАЛЫ ОҢТҮСТІК: ҚҰЛЫНШАҚ КЕМЕЛҰЛЫ. ШЫҒАРМАЛАРЫ. – Алматы: 2013

Өз бетімен сауатын ашып, Шығыс шайырларының шығармаларын оқыған, қисса-хикаяларды жаттаған. Қобызға, домбыраға қосылып жыр, қисса, толғау, терме айтқан. Оның «Қыз Жібек», «Шора батыр», «Шекер –  Шырын» тағы басқа халық дастандарын домбыраға, сырнайға, қобызға қосылып, нәшіне келтіре жырлағанын көнекөз қарттар күні бүгінге дейін айтып отырады. 

Құлыншақ көптеген арнау өлеңдер жазған. Оқиғаның мән-жайына орай табан астында шығарылып, тапқырлығымен, ұрымталдығымен, ұтымдылығымен замандастарының ілтипатына ие болған осындай бірсыпыра өлеңдері қазақтың ел ішіндегі ежелгі дәстүрі бойынша ұрпақтан ұрпаққа ауызша беріліп, бүгінгі күнге дейін жетті. Мысалы, «Көлбайға», «Дүйсенбіге», «Жаманқараға», «Ондыбайға», «Майлықожаға», «Қожабергенге», «Нарынбайға», «Үмбетке», «Өзігелдіге» тағы басқа арнау өлеңдерінде ақын әлеумет құбылыстарын терең талдаумен бірге, адамның жеке басындағы артықшылықтар мен кемшіліктерді қысқа да нұсқа түрде көкейге қонымды етіп, шебер жеткізе біледі.

Құлыншақ көп жылдар Сарыарқа жағында ел аралап, әйгілі Шөже ақынмен дидарласқан. Поэзия алыбы Жамбыл: «Майлықожа, Құлыншақ, пірім еді бас ұрған» деп Құлыншақтың ақындық үлгісін жоғары бағалаған. Міне осындай үзік-үзік деректердің өзі Құлыншақтың өз заманында аты алысқа кеткен ақпа ақын екенін дәлелдей түседі.

Бізге жеткен мәліметтер бойынша Құлыншақ дүниеден таршылық көрмеген. Ол өзінің кейбір замандас ақындарына ұқсап, мал-мүлік қууға салынбаған. Ақын шығармаларын зерделеген адам оның өлең-жырлары арасынан жиын-тойларда салтанат иесіне көпшік қойып, марапаттаумен арзан бедел жинап, ат-шапанға ие болу барысында айтылатын шығармаларды мүлде кездестірмейді. Бұл кездейсоқтық емес. Себебі ақын өлеңді таза өнер деп білген. Сондықтан жоғарыда өзіміз айтқандай арзан мадақтауларға, дүние үшін адам бойындағы кемшіліктерді іркіп қалуға бармаған. Қисық батырға, Ондыбай болысқа айтқандары, «Мазақ қылма Көлбайым», «Құдабайға айтқаны», «Ағайынға болыспаймын» атты тағы басқа өлеңдері осы сөзіміздің дәлелі.

Ақын шығармаларының ұрпақтан ұрпаққа ауызша беріліп, бүгінгі күнге жеткен жұқанасының өзінен Құлыншақ Кемелұлының халқын, туған жерін сүйгені, елінің салт-дәстүрін қадірлегені және өзгені де елдікті сақтауға үгіттегені, көзі ашық, көкірегі ояу ақынның отаршылдыққа жан-тәнімен қарсы болғаны айқын аңғарылады. «Амалсыз асы біз күмірә», «Пәнденің көп-ті күнәсі» және тағы басқа өлеңдерінде ақын қоғам қайшылықтарын тайпалған жорға тілмен айшықты жеткізеді.

ҚАЗЫНАЛЫ ОҢТҮСТІК: ҚҰЛЫНШАҚ КЕМЕЛҰЛЫ. ШЫҒАРМАЛАРЫ. – Алматы: 2013

Бөлісу: