12 Шілде 2013, 05:45
БҚО Ақжайық ауданында «Өз өлкеңді өзгеден бұрын таны» бағдарламасы аясында Тайпақ өңірінің Есенсай, Қурайлысай, Қарауылтөбе, Базартөбе, Базаршолан және Сарытоғай ауылдық округтерінің аумағына тарихи-этнографиялық жорық ұйымдастырылды, деп хабарлайды облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.
Жорыққа қатысушыларды аудан басшысы Нариман Төреғалиев қабылдап, ақ жол тіледі. Құрамында Тайпақ өңірінің көне шежіресін жақсы білетін ақсақал Әленғали Кереев, «Орал өңірі» газетінің арнаулы тілшісі, «DANA.kaz» журналының бас редакторы Қазбек Құттымұратұлы, Ақжайық аудандық кітапханасының қызметкері, ақын Сағынтай Бисенғалиев және жергілікті өлкетанушы Бақтығали Қоспанов кірген топ үш күн ішінде жүздеген шақырым жол жүріп, шалғай жатқан алты ауылды аралап шықты.
Сапар барысында тарихта белгілі тұлғаларға қатысты тың деректер анықталды. Мысалы, 1827 жылы Бөкей ордасында Жәңгір ханға қарсы халықты бастаған белгілі батыр Науша Қаржауұлының зираты табылды. ХІХ ғасырдың қайталанбас сәулет ескерткіштері қатарына жататын көне кесенелер, құлпытастар суретке түсірілді. Одан бөлек, есенсайлық Ғилым Исмағұлов, өлеңтілік Наурызғали Әбілхайыров, базартөбелік Саясат Сәлімов, базаршоландық Қуан Нұрсұлтанов, сарытоғайлық Сансызбай Қабдоллашев жергілікті тарихи тұлғалар туралы қызықты естеліктерімен бөлісті. Сайқұдықтық Үзілдік Елеубаева өз ауылының тарихы мен танымал тұлғалалары жайында шағын кітап дайындап қойғанын айтады.
«Ақжайық ауданында мектеп оқушыларына арналған өлкетану оқулығы жазылып жатыр. Біз бұл кітапта әр кезеңде осы аудан аумағында болған оқиғаларға талдау жасаймыз. Мұнда құжаттарға, нақты архив деректеріне негізделген мәліметтер молынан болады», - дейді Бақтығали Қоспанов.
«Өз өлкеңді өзгеден бұрын таны» атты өлкетану жобасы ауданда бірнеше жылдан бері іске асырылып келеді екен. Биыл ұлттық тарихқа ерекше көңіл бөлініп, мемлекеттік деңгейде түрлі шаралар қолға алынғанда, Ақжайық ауданында да тың серпіліс пайда болғандай. Аудан әкімі Нариман Төреғалиев барлық ауыл әкімдері мен мектеп басшыларына, кітапхана қызметкерлеріне тапсырма беріп, әр ауылдың тарихы, көне шежіресін хатқа түсіру жұмысы жолға қойылған. Туған өлке тарихын түгендеу ісіне жергілікті басшылар да ерекше ынталы екен. Қурайлысай ауылдық округінің әкімі Асқар Жұмашев, Базаршолан ауылының әкімі Мәлік Ілиясов экспедиция мүшелерін жылы қабылдап, қолдау көрсетті. Базартөбе ауылының әкімі, ежелден тарих десе ішкен асын жерге қоятын азамат Амантай Сәлімов жорық мүшелерімен бірге жүріп, талай тарихи орындарды таныстырды. Базартөбе ауылында осы азаматтың жеке музейі ашылғандығынан оқырмандарымыз хабардар шығар. Ал Сарытоғай ауылдық округінің әкімі Абзал Әлжанов та өзі бастап жүріп, ХІХ ғасырдағы қазақ батыры Мырзагелді Аралұлының қабірін, Қожабек қауымын, Қаракөлдегі Рәш ишан медресесінің орнын, Сырым сарбаздарының Есім Нұралыұлын өлтіретін «Ханшапқан» мекенін, тағы басқа тарихи орындарды аралатты. Сапар нәтижесінде хатқа түскен деректер болашақта өңделіп, зерттеліп, халық назарына ұсынылатын болады.