12 Шілде 2013, 05:40
Батыс Қазақстан облысында «Ұлттық тарихты зерделеудегі жаңа қағидаттар мен міндеттер» тақырыбында облыстық кеңес өтті. Кеңес жұмысына облыс әкімі, ұлттық тарихты зерделеу мәселелері жөніндегі өңірлік кеңестің төрағасы Нұрлан Ноғаев қатысты, деп хабарлайды БҚО әкімінің баспасөз қызметі.
«Бүгінгі басқосудың басты мақсаты – Елбасымыздың Жолдауында көрсетілген «қазақстандық патриотизмді дамыту және ұлттың тарихи санасын жетілдіру жөніндегі тапсырмасын іске асыру бойынша қандай іс-шаралар атқаруымыз керек?» деген мәселені талқылау. Президентіміз біздің қазақ халқының абыройлы өткені, мақтан тұтарлық тарихы бар екенін әрдайым айтып отырады. Жуырда Мемлекеттік хатшы Марат Тәжиннің төрағалығымен Астанада өткен еліміздің тарихшы, ғалымдарының кеңейтілген отырысында «Ұлттық тарихымызға қатысты ақтаңдақтар жо-
йылып, тарих пен мемлекетіміздің дамуындағы тұтастық халқымыздың мүддесі үшін біріздендірілу керек» деген Елбасы ұстанымы айтылған болатын. Бүгінде бұл идея қоғамның белсенді мүшелері тарапынан үлкен қолдауға ие болып отыр. Елімізге белгілі тұлға Олжас Сүлейменов бір кездері әлемдік тарих жайында сөз қозғалғанда «Ұлы даланы мекен еткен көшпелілердің тарихын ескермей, жалпы тарихтағы ақтаңдақтарды жою мүмкін емес» деген болатын. Біз де бүгін осы бағыттағы ойларымызды ортаға салмақшымыз», - деді кеңеске төрағалық еткен облыс әкімі Нұрлан Ноғаев.
Тарих ғылымдарының докторы, профессор Тұяқбай Рысбеков «Отандық тарихты зерттеудің кейбір өзекті мәселелері», облыстық тарих және археология орталығының директоры, тарих ғылымдарының докторы Мұрат Сыдықов «Батыс Қазақстан тарихының негізгі проблемалары», облыстық білім басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаева «Орта және кәсіби білім беру ұйымдарындағы Қазақстан тарихының оқытылу жағдайы», «Жайық Пресс» ЖШС-ның бас директоры Жантас Сафуллин «Ұлттық тарихты зерделеуге қатысты ұсыныстар», облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Әбіл Жоламанов «Ұлттық мәдени мұраны сақтау және оны насихаттаудағы музейдің рөлі» тақырыбындағы баяндамаларын көпшілік талқысына салды. Тұяқбай Зейітұлы отандық тарихқа қатысты Елбасы еңбектері мен ұстанымдарына кеңірек тоқталса, Мұрат Наурызғалиұлы «Батыс Қазақстан – қазақ халқының түп тамыры болып есептелетін тайпалардың бірі Сармат мәдениетінің ошағы» дей келе еліміздің батыс аймағы тарихының ұлттық тарихтан орын алуға лайықты тұстары-
нан сөз қозғады. Сондай-ақ ол Сырым Датұлы, Исатай-Махамбет және Алаш орда тарихын терең зерттеп, зерделеудің өзектілігіне де айрықша тоқталды.
Өз кезегінде облыстық білім басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаева мектептегі және кәсіптік білім беру орындарындағы Қазақстан тарихын оқытудағы бірқатар олқылықтарды айтып өтті. Бұл ретте ол тарих оқулықтарын жазуда оқушылардың жас ерекшелігі ескерілуі қажеттігін баса айтты. Оған қоса жылма-жыл ҰБТ нәтижесінде тарих пәні бойынша апелляциялық арыз-шағымның көп түсетіндігін және оның нәтижесінде талапкер пайдасына шешілетін жағдай көрсеткіші 50 пайыздан жоғары екенін мәлімдей келіп, Қазақстан тарихы бойынша тест сұрақтары мен жауаптарды нақтылау қажеттігін алға тартты. Ал «Жайық Пресс» ЖШС-ның бас директоры Жантас Сафуллин ұрпақ санасына шынайы патриоттық сезімді орнықтыруда уақыттың өзі қойып отырған заманауи талаптар мен ұсыныстарын нақты дәлелдер келтіре баяндады. Аталмыш баяндамада мектептегі тарихшы және әдебиетші мамандардың біліктілігіне аса мән беру, мектептегі тарих пәнінің мұғалімдеріне өлкетану бағытында арнайы жетілдіру курстарын ұйымдастыру, ішкі туризмді қалыптастыру бағытында тарихи негіздемелік жұмыстарды қолға алу және әр ауданда орта, арнаулы жоғары оқу орындарының оқушыларына арналған өлкені тану бағытындағы танымдық жорықтарды тұрақты ұйымдастыру, тарихи тұлғаларға лайықты құрмет көрсету, құлпытастар картасын жасау, әр ауданның тарихи және табиғи көрікті жерлеріне байланысты деректі фильм түсіру секілді тың идеяларды жүзеге асырудың тиімді жолдары да қоса айтылды.
Облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Әбіл Жоламанов музей ісі мен қазақы салт дәстүріміздегі ата-баба мұрасын жалғастыру, тарихи тұрғыдан құнды жәдігерлерді ұрпақтан-ұрпаққа көз қарашығындай сақтап жеткізудің маңызына тоқталды.
Кеңесте талқыланған мәселелердің келелілігіне шынайы ризашылығын білдірген ақын Ақұштап Бақтыгереева өлкеміздегі кең зерттеуді талап ететін қазақ тарихының болашақ ұрпаққа қажетті ұлы парақтары жайынан сөз қозғады.
Жиын соңында ұлттық тарихты зерделеу мәселелері жөнінде қарар қабылданды.
bnews.kz