11 Шілде 2013, 09:34
Жапалақ батырдың ұрпағы
Рысбек қызы Ркен былай дейді:
-Ұлы бабамыз Жапалақ батырдың шөбересі Рысбектің бәйбішесі Меркіт бидің қызы Кәукеннен Төлеутай деген ұл бала болған. Бірақ ол жас кезінде қайтыс болыпты. Көп ұзамай бәйбішесі Кәукен де қайтыс болған соң, балдызы Шәукенге үйленіпті. Шәукеннен Торғай,Рым және Оян деген қыздары болған. Рым 13 жасында қайтыс болыпты. Торғайдан мен - Ркен туыппын.Мені нағашы атам Рысбек алты айлығымда бауырына салып алған екен. Мен қазір Алғабас ауылында тұрамын, 11 бала тәрбиелеп өсіріп отырған ардақты анамын.
Ал, Рысбек атамның ағасы Жуасбек атаның Наушан деген қызы және Сәрсенбек деген ұлы болған. Ол ұлы 10 жасында қайтыс болған. Енді Рысбек пен Жуасбек аталарым ұлдары өліп қалған соң, мені ұлым деп атқа мінгізіп өсіріп, мынадай өсиет қалдырған-тын:
-Сен, мыналарды есіңе сақта, қарағым: бабаң Жапалақ атақты батыр жастай қайтыс болған Өгізбай деген баласына арнап, кірпішін қырық ешкінің майымен,жылқының жал-құйрығының қылымен араластырып бастырып құйып, зират салған.Зираттың ішінде қамырдың бас жағында Құран мен сия қарындашы болған еді,-деп еді. Балалығым ғой, сол қасиетті Құранды өзім алмағаныма қазір қатты өкінемін. Зиратқа жолдасым Әжітаев Советхан екеуіміз балаларымызбен жылда басына барып, бір мал сойып, құран оқытамыз.
Жапалақ атамыздың «Ақ тиін» деген аты болған екен. Ұзақ жолға сол аты ғана шыдаған. Әбу қыстағының жанында биік тау бар . Сол таудың басында батыр атамыздың тоғыз құмалақ ойнайтын орны бар екен және осы таудың басына шығып, үнемі қарауыл қарап отырады екен. Қартайып өлген «Ақ тиін» аттың бас сүйегі сол таудың басына қойылыпты.
Батыр атамыздың болаттан тоқылған кіреукесін 1958 жылы кейін менің қайын атам болған Қосшұғылов Әжітай колхозда бригадир болып жүргенде сол таудағы жақпар тастың арасына тыққан қоймадан тауып алып әкеп, менің Рысбек атама әкеп берген. Атам «Мен малдағы адаммын, сен ие бол» деп, ана жылдары «Доғалаң» совхозында партком болған Шахмарданов Бағдаттың әкесі колхоздың бастығы Түшкенге аманат етіп берген екен. Қазіргі уақытта сол сауыт Бағдаттың үйінде болуы тиіс.Жапалақ бабаның Ақ патшадан алған шекпені Рысбек атамның үйінде болған еді. Шәукен апамның кімге аманат етіп қалдырғанын қазір білмеймін. Әбеу қажының Меккеден әкелген құраны Оянның қолында. Бірақ Оян 2012 жылы тамызда қайтыс болып кетті. Бабамның бәйбішесін Шыңғыс ханның ұрпағы деуші еді. Ол кісіні «Шегір бәйбіше» деп атаған екен. Зиратта баласы Өгізбай, бәйбішесі және өзі жатыр. Қазіргі кезде батыр атаның сүйегі жоқ, оны Әлікей Марғұлан деген ғалым алып кеткен дейді бүгінгі күнгі үлкендер.
Бабамыз туралы әлі де айтылмаған әңгімелері болуы мүмкін.Соның бірі ол кісінің мынадай өсиеті бар екен: «берер батамды бердім,бірақ саналы ұл болар ма екен? Егер де саналы ұл болмаса өлдім- талдым дегенде қыздың қызынан біреу шығар да , сол қозғау салар депті. Бұл өсиетті айтушы Сармұқтың Қонысбайы,қазіргі кезде «Фрунзе» совхозында тұратын Қонысбаев Болаттың әкесі. Осы сөзді маған өсиет қып тапсырған осы Болат-Оянның жолдасы, менің жездем.
23 қыркүйек 2012 жыл