11 Шілде 2013, 09:26
Кенесарының Жапалақтан Көкшетауды сұрауы
Абылай,Қасым және Кенесары
Хан болған Орта жүзде мұның бәрі.
Орыстың патшасына қарсы тұрып,
Жоқтағаны—қазақтың мұң мен зары.
Хан Кене Жапалаққа берді хабар:
- Мың жылқы Көкшетауға енді барар.
Ақ патшамен айқасып жүргенімде
Қыстатып,іренжімей,берсең жарар.
- Деп осылай шаптырыпты атшысын
Түнде жетті қуырып жер апшысын.
Сартымбай мұны естіп ашуланып,
Тұра алмай,көкке қарай ол шапшысын.
Сонда Жапалақ батыр:
- Ей,Сартым,тыңда менің ақылымды
Тыңдамайсың басқадай жақыныңды.
Қаруыңды алғанда сен асынып,
Қысып мен отырамын тақымымды.
Хан Кене құтқарам деп бар қазақты
Патшадан көріп-ақ жүр көп азапты.
Жеңіліске ұшырап осы жолы
Бара жатыр бетке ұстап Шу,Созақты.
- Қасымның осал емес бұл баласы,
Ешкімнің бұған айтар жоқ таласы.
Ойласақ амандығын ағайынның
Жетеді Көкшетаудың сай-саласы.
- Деп осылай ағасы айтқан екен,
Інісі алған беттен қайтқан екен.
Қысылтаяң кезінде хан Кененің
Жылқысын Көкшетауда жайылтқан екен.
*** *** ***
Кененің орыстармен шайқасқанын,
Қырғыздың манабымен айқасқанын
Ел-жұрты білгенімен,біле қоймас
Сүйегінің қай жерде жайғасқанын.
Құнанбайдың әкесі Өскенбайға ас беруге
Жапалақтан Көкшетауды сұрауы
Ұнаған бұл Көкшетау Құнанбайға
Ас беруге әкесі Өскенбайға.
Үш жүзге сауын айтып шақырғанда,
Көрінген жер жанаты осындайда.
«Көп тентек Тобықтының ортасында
Олардың көбісінен қорқасың да.
Әкемнің асын дұрыс өткізейін
Көп батыр Қамбарлардың арқасында».
- Деген ой Құнанбайға кеп, ұнады
Әрі ойлап үлкен жоспар ол құрады.
«Жапалақпен келісіп алайын» деп,
Ат басын Көкшетауға ол бұрады.
Батырлар Жапалақ пен Сартынбай-тын
Ұрыстан анау-мынау тартынбайтын.
Жер дауы,барымталар болса егер,
Мәселе екеуінен артылмайтын.
Құнанбай аға сұлтан болғанымен,
Байлығы,қазынасы толғанымен
Кішірейіп келді де Жапалаққа
Дән риза Көкшетауды алғанымен.
Тамаша Көкшетаудың кең даласы,
Тоғайлы,тобылғылы сай-саласы.
«Қырық ошақ», «Сегіз ауыл» атанған жер
Қоршалып керегедей айналасы.
«Көк жайдақ» деп атаған Жайылманы 1)
Су жайылып жатқан соң ауыл маңы.
Жаз ортасы болғанша жолай алмай,
Төрт түлік мал бұл жерге жайылмады.
-------------------------------------------------------
1) Жайылма (Көкжайдақ)- Құнанбайдың әкесі Өскенбайға ас берілген жер.
Ас «Көкжайдақ» деген жерде берілді деп көрсетіледі «Абай» энциклопедиясында (284 б). Ол жер Көкжайдақ емес, Жайылма деген кең жазық. Жазықтың ортасында шағын өзен арнасы бар.Көктемде қар ерігенде осы жазыққа қар суы жайылып, жаз ортасына дейін құрғамай жатады.Осы жазықтың шетін «Қырық ошақ», «Сегіз ауыл» деп атайды.Бұл атаулар Өскенбайдың асына байланысты аталғаны анық.Осы өңірді ертелі-кеш мекендеген тұрғын халық бұл жазықты «Көкжайдақ» деп атағанын естіген емес. «Жайылма» күні бүгінгі күнге дейін үлкен-кішіге осылай аталуымен жетіп отыр.
Қырық ошақ осы жерде қазылыпты,
Тарихта дәл осылай жазылыпты.
Сегіз жерге тігілген көп ауылға
Жан-жақтан сойыс малы ағылыпты.
Үш жүздей киіз үйлер тігіледі,
Көзіңе тым алыстан ілігеді.
Қырық ошаққа асылған дәмді тағам
Дастарханға молынан төгіледі.
Бір ғасыр және елу жыл содан бері
Бұл күнде Қамбар емес,қоғам жері
«Қырық ошақ», «Сегіз ауыл» аты қалды
Үш күндік үлкен астың болған төрі.