11 Шілде 2013, 09:15
Біз айтып отырған өңірдің осы кезеңдерінде елін,жерін қорғаған батырлары болғандығы даусыз. Ел аузында әрісі Әлі мен Майда, берісі Бикелді, Толыбай, Қалыбай, Орал, Алтай, Олжашы, Боранбай, Тобышақ, Кемелбай, Жиенбай, Сартымбай, Жапалақ, тағы басқа батырлар делінеді. Б.Нәсенов «Абыралы-Сарыарқаның кіндігі» деген кітабында ел аузынан естіген Жасыбай, Асан, Бурапай, Өтеген, Қаңлыбай, Жанайдар, Қарасарт, Елемес, Тайлақ батырлардың есімдерін атайды.
Тарихшы Сейітжан Тәбәріков те осы батырлар есімдерін «Шәкәрім» энциклопедиясында Абыралы тарихына қатысты материалында келтіреді. («Тенгри» баспасы, 31-бет).
Осы батырлар жөнінде аңыз-әңгімелер ауыздан ауызға тарап, бүгінгі ұрпаққа дейін жеткен. Бірақ олар жайында қағаз бетіне түсірілмеген. Тек Жапалақ батыр жөнінде нақты деректер Абыралы елінің бір туар азаматы Болатбек Нәсеновтің бірнеше томдық еңбектерінің «Абыралы-Сарыарқаның кіндігі» деп аталатын (Новосибирск, 2005 ж. 312-319-бет) кітабында кездеседі.
Қаракесек Қамбар руынан шыққан Жапалақ батыр жөнінде белгілі жазушы Медеу Сәрсекенің шежіре кітабында, алаштанушы Сейітжан Тәбәріковтің «Жанақ ақын» кітабында, Дүйсенбай Қошқарбековтің тарихи очеркі «Абыралы асуларында», журналист жазушы Төлеуқадыр Нысановтың «Естігендерім мен көргендерім» кітабында, ел мен жер тарихын жинаушы Әзімхан Сәдуақасовтың «Тарихыңды танып біл» деген өмірнамалық кітабында, марқұм Ынтықбай Өмірзақовтың газеттік мақаласында, Бекен Исабаевтың абайтанумен шұғылданушы зерттеушілерге арналған «Ұлылар мекені» кітабында,тіпті сонау 1846 жылы қазақ жеріне жер аударылып келген поляк революционері А. Янушкевичтің «Күнделіктер мен хаттарында» оның елі мен жеріне қорған,сырт елге сыйлы,аймаққа абыройлы болғаны баяндалады.Болатбек Нәсенов Омбы мұрағатынан Жапалақтың би,болыс,заседатель болып, қазақтың талай танымал адамдарымен жақсы қарым-қатынаста болғандығын айғақтайтын құжаттарды, оның туған жылын, фотосуретін тауып, «Абыралы-Сарыарқаның кіндігі» деген деректі кітабында жариялады. Сонда келтірілген анықтама бойынша Жапалақ батыр 1787 жылы туған болып шығады.
Жапалақ батырдың ата қонысы қазіргі Қарағанды облысы Қарқаралы ауданына қарасты Томар ауылы аумағындағы Айғыржал деген ұсақ жоталы таудың батыс жағындағы Әбеу қыстағы. Осы қыстақтың терістігінде 10 шақырымдай жерде дөң үстіндегі шошақ бейітте Жапалақ батыр жерленген. Бұл зиратты Жапалақ батыр кенеттен жастай қайтыс болған баласы Өгізбайға арнап өз қолымен салдырғандығы бізге де жеткен.