11 Шілде 2013, 09:13
Абыралы атырабы деп кең байтақ қазақ даласының Сарыарқа аталатын өңіріндегі батысында Қарқаралы,солтүстігінде Баянауыл, шығысында Шыңғыстау, оңтүстігінде Қызыларай таулары аралығындағы адырлы алқапты атайды.Осы кең алқапта адам баласы жаралғаннан бері талай ұрпақ келіп,дүниеден қайтқаны баршаға мәлім.Оны қазір жер бетінде көрінер-көрінбес болып жатқан сақ-ғұн тайпаларының таспен қоршалған мола орындарынан байқауға болады.Әрісін Жаратқанның өзі ғана біледі. Қазіргі ұрпаққа жеткені XVII ғасырдың бірінші ширегінде басталған жоңғар қалмақтарының жойқын шапқыншылығында әр төбенің басында жерленген қазақ жауынгерлері мен шайқас даласында жеңіліс тауып,қырылған қалмақ әскерлері жерленген үйінді қорымдары оған куә.
Жоғарыда айтқандай, ұрпақтан ұрпаққа жалғасын тауып бізге жеткен ауызша деректер сол XVII ғасырдың алғашқы жартысынан бергі заманғы оқиғалар ғана.
Бұл өңірдің өткені мен кеткен тарихын жазып жүрген жазушы Сейітжан Тәбәріков «Тобықты руын Шыңғыстауға Мамай, Ырғызбай, ал Қаракесек руын, ел-жұртын соңынан ертіп, Абыралы тауының оңтүстік және батыс баурайына бастап,орналастырған көшбасшы батыр Толыбай Қожайұлы» дейді де,бұл деректің қағазға түспеген,ауыздан-ауызға жеткен аңыз екенін «Абылай сарбаздары» деген көлемді мақаласында («Жаңғырған Абыралы» газеті, 1 мамыр 1992 жыл) айтады.
Бұл оқиғаны Шәкерім Құдайбердиев:
«Келгені Тобықтының осы маңға
Мың жеті жүз сексенге тақағанда
Елді бастап әкелген Мамай батыр
Орда, Көкен, Ащысу, Доғалаңға,» - деп анық жазады.
Осы деректерді көрсетіп отырғанымыз бұл өңір жөнінде айтылған кезеңнен арғы жағы бізге беймәлім екендігі.
Алайда, жалпы Абыралы атырабы жөнінде XV ғасырда өмір сүрген Асан Қайғы бабамыз:
«Абыралы, Жалаулы
Сары қиың тұр қалаулы.
Қылтанақтай бір жусан
Бір тоқтыға балаулы» деп осы өңірдің табиғи жағдайын көрсетсе («Бес ғасыр жырлайды» I том,1984 ж. 85 бет), Үмбетей жырау (1706-1778):
Баянаула,Қызылтау,
Абыралы,Шыңғыстау,
Қозы Маңырақ, Қой Маңырақ
Арасы толған көп қалмақ, - деп Абыралы
атауының қалмақ шапқыншылығынан бұрын аталғанын айтады. (Бұл да сонда)
Ал, Абыралы атауы жөнінде керекулік ақын Бақи Әбдіқадырұлы «ГауҺар батыр» поэмасында:
«Қоңыр тау бұқпасы көп Абыралы
Жорықтың естіледі дабылы әлі.
Абылай заманында аталыпты
Мерт болып жекпе-жекте Абыр, Әлі – десе, журналист Қабидолла Шотанов «Осындай бір аңыз бар Абыралы» деген өлеңінде:
Қазақтан шыққан кезде Әлі батыр
Қалмақтан басын тікті батыр Абыр.
. . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . .
Жер болып Әлі қалды,Абыр қалды
Сол кезден таудың аты Абыралы, - дейді.
(Б.Нәсенов. «Абыралы қанды жылдарда (1905-1945)» 12-б.)
Бұл екі пікірге Қалиқан Алтынбаев ақынның 1993 жылғы 11 желтоқсанындағы «Жаңғырған Абыралы» газетінде Б.Әбдіқадыров пен Қ.Шотановтың келтіргендеріндей «Әбір мен Әлі бас түйістіріп өліпті,жер атауы содан қалыпты деген сөз жақсы ертегі ғана.Қалмақ батыры Әбірмен соғысатын Әлі Қабанбайдың 9 баласының ең кенжесі.Ол соғыста емес,өз ажалынан өлген,зираты Аягөз жерінде әлі бар» дейді де,мақаласының қорытындысында «Әлі батырдың Қабанбайдың 9-баласы екеніне мен дау айта алмаймын.Өйткені Әлінің қай рудың батыры жөнінде мәлімет менде жоқ» деп топшылайды.
Иә, айтса айтқандай, әр жерде жерленген Әлілердің Абыралы тауының аталуына қатысты бола қоюы қисынсыз. Өткен ғасырдың 60-жылдарының ортасында болар «Жұлдыз» журналында «Абыралы» сөзінің аталуы жайында бір ғалым «бұл сөз осы жерді тым ертеректе мекен еткен бір халықтың «абыра»-қорған бол,қалқан бол деген ұғымды білдіретін сөзі болуы керек» деп жазып еді.Осы бір болжам шындыққа жанасатындай көрінеді.
Ал, Абыралы өңірінің тарихы күні бүгінге дейін іргелес жатқан Қарқаралы аймағымен тікелей байланысты болып келеді. Абыралы елінің тарихы туралы жазба деректер Б.Нәсеновтің Омбы мұрағатынан тауып жариялаған құжаттарында анық көрінеді.Бұл деректер бойынша 1822 жылғы «Сібір қазақтарының жарғысы» негізінде 1824 жылы құрылып,1870 жылға дейін Қарқаралы сыртқы округтік Приказы деп аталады. (Б.Нәсенов. «Абыралы-Сарыарқаның кіндігі». 71-б). Оның құрамында 20 болыстың иелігіндегі қыс қыстауы мен жаз жайлауының жер атаулары және оларды басқарған болыстардың аты-жөні көрсетілген.Сонда Абыралыға қарасты 5 болыстың да деректері бар.
1888 жылы қазақ елін басқару Дала Генерал-губернаторлығы қолына көшеді.Оның қарамағында 16 уезд болған.Оның біреуі Қарқаралы уезі. Бұл уезге 21 болыс кіреді. Бұлардың ішінде Абыралы, Ақбота, Бөрлі, Дегелең, Темірші болыстары біркездегі Абыралы ауданы аумағында болған. (Б.Нәсенов «Абыралы-Сарыарқаның кіндігі» 560-565-б)
Содан бері кеңес өкіметі Қазақстан жерінде орнағанға дейін патшалы Ресейдің ықпалында болып,1928 жылы Абыралы ауданы деген әкімшілік аумаққа ие болды.Абыралы елінің 80 жылдық тарихы жайында материалдар баспасөз беттерінде азды-көпті жазылып, қалың оқырманның назарына ұсынылып жүр.Біз оны қайталауды мақсат етпедік.
Б.Тұрысбаев, "Ел қорғаны"