9 Шілде 2013, 06:42
Биыл Индустрияландыру картасы аясында Алматы облысында 8 жоба жүзеге асырылатын болады.
Дамыту стратегиясы бойынша аграрлық өндіріске, көлік құрастыру, құрылыс индустриясы мен жаңартылған энергия көздеріне басымдық берілмек. Мемлекеттік бағдарламаның жүзеге асқан 3 жылында өңірге 325 млрд. теңге көлемінде инвестиция тартылды.
Жылыжай кешеніне күніне 15 тонна көкөніс алынады. 5 гектар аумақты алып жатқан бақша өткен жылы пайдаланылуға берілді. Жобаның жалпы құны – 2,5 млрд. теңге. Бақша дақылдарын өсіруге заманауи тәсілдер қолданылғандықтан, 1 шаршы метр жерден күніне 100-120 келі қияр мен қызанақ жиналады.
Наталья ГУЖА, бас агрономның көмекшісі:
- Тозаңдандыру жұмыстары жүргізілмесе, қызынақтан түсім көп болмайды, тез өсіп жетілмейді. Сондықтан мына араларды Бельгиядан әкелдік. 3-4 аптада бір рет жаңартып отырамыз.
Кешен жұмысы озық тәсілдермен жүргізіледі. Жылыжай компьютерлік қондырғы арқылы басқарылады. Ауа температурасын бақылау, тұмандандыру, суды тазарту және тамшылатып суару барлығы бір жүйеге келтірілген. Бұның барлығы 8 ай бойы өнімдерді тұтынушыларға үздіксіз жеткізуді қамтамасыз етеді.
Леонид САДОВСКИЙ,бас инженер:
- Биыл 2-жылыжайдың құрылысын бастадық. Оның жер көлемі 5 гектарға жуық. Бұл жердегі жылыжай кешенінде енді тек қияр өсірілетін болады, ал ана бақшаға қызанақ пен бақша өнімдерін егеміз.
Қапшағайдағы мына күн сәулелі электр станциясы тамыз айында іске қосылады. Монокристалды тақта 6 гектар аумаққа орналастырылған. Оның 30% – бақылау, 70% стационарлық жүйесімен қатамасыз етілді. Пилоттық жоба болып саналатын электр станциясының қуаты – 2 мегаватт. Оған 2 млрд. теңгеге жуық инвестция тартылды. Бұл – Елбасының «жасыл экономика» стратегиясын жүзеге асыруға бағытталған қанатқақты жобалардың бірі.
Бағдат ОРАЛ, жоба менеджері:
- Бұл аймаққа күн сәулесі жақсы түседі, шамамен жылына – 300 күн. Радиацияның деңгейі 1 шаршы метрге сағатына 1500 киловатты құрайды. Сондықтан күн қуаты арқылы энергетика өндіру жобасын дәл осы өңірде жүзеге асыру өте қолайлы деп ойлаймын.
«Үдемелі индустриялды-инновациялық даму» бағдарламасы 3 жылда өңірді дамытуға 325 млрд. теңге инвестиция салынып, 5,5 мың жұмыс орны ашылды. 35 инвестициялық жоба іске асты. Келер жылдың еншісінде тағы 6 индустриялдық жобаны жүзеге асыру бар.
24 kz.