9 Шілде 2013, 06:09
Астана қаласының 15 жылдық мерейтойына орай «Хан Шатыр» сауда және ойын сауық орталығы жанындағы алаңда ақындар айтысы өтті, деп хабарлайды kazaitys.kz.
Белгілі ақын Серік Тұрғынбек төрағалық еткен қазылар алқасының құрамында Дихан Қамзабек, Айбек Қалиев, Бөрібай Оразынбетов, Нұрлан Асқаров сынды ел ағалары болды.
Екі күнге созылған айтыстың бірінші күні он төрт ақын жекпе-жекке шығып, сөз жарыстырды. Екінші күні Ринат Заитов, Жақсылық Орынбасар, Айсәуле Бейсенқан, Алик Бекмұсаев, Білімбек Сексентай, Тоба Өтепбай сынды ақындар финалда айтысты.
Қазылар алқасы бір ауыздан шығарған шешімі бойынша үшінші орынды Білімбек Сексентай мен Алик Бекмұсаев иеленсе, екінші орынды Тоба Өтепбай мен Айсәуле Бейсенқан еншіледі.
Екі күнге созылған айтыста екі рет сөз жарыстырған Жақсылық Орынбасар мен Ринат Заитов бір-біріне есе жібермеді. Қазылар алқасы екеуін бөліп-жармай Бас жүлдені теңдей бөліп, әрбіріне 700 мың теңгеден қанжығасына байлап берді.
"Астанадағы айтыс не болды?" деп елеңдеп отырған жұртқа әзірге осыны айта тұралық. Жалпы бұл жолғы айтыс туралы толыққанды мақаланы және жұрт көңілінен шыққан айтулы айтыстардың аудио нұсқасын бұйырса алдағы уақытта kazaitys.kz сайтынан табасыздар.
Baq.kz