8 Шілде 2013, 19:29
Астана күні мерекесі аясында еліміздің әр түкпірінде түрлі бастамалар қолға алынып, мерекеге өз үлестерін қосуда. Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданының Сарытерек ауылының тұрғындары бұл мерекені өткенге тағзым етуден бастады. Ауыл тұрғындарының «Астананың 15 жылдығына 15 игі іс» атты бастамасы аясындағы бұл іс көңілге қуаныш ұялатары анық.
Ауыл орталығында орналасқан саябақтағы Ұлы Отан соғысындағы хабарсыз кеткен боздақтарға арналған мемориалды тақтаны жаңарту сарытеректіктердің көңіліндегі көптен бергі сауал еді. Ауыл әкімі Берік Айтбаев бұл істі өз қолына алды. Сарытерек мектебін 30 жыл бұрын бітірген түлектер бұл тақтаны жаңартуға ауыл әкіміне барынша қолдау көрсетті. Соғыста хабарсыз кеткен боздақтарға арналған ескерткіш мемориалды кешенді жаңартып, жазылмай қалғандырды толықтырудаға басты мақсат аңыз тұлғалардың атын ұмытпай, тағзым етер орны болсын деген ниет болатын. Ардагерлер кеңесінің мүшелері С.Ахметжанов пен Қ. Ақтайбеков елдімекен үшін жасалған игі іс шараға өз алғыстарын білдіріп, бата берді. Аудандық мәслихат депутаты Т.Тұяқбаев, ауған соғысының ардагері С.Қалыбаев, Ақтоғай аудандық ішкі саясат бөлімінің бастығы Е.Бизақов пен «Тоқырауын тынысы» газетінің редакторы М. Сейдахмет, Б.Кеңесбаев игі шараны ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді. Сарытерек ауылының азаматтары С. Амантай, Г. Мәзибек,Т. Айтханов және Т. Егінбаевтар әулеттері ас беріп, ауыл имамы Е.Яхин хабарсыз кеткен боздақтардың рухына құран бағыштады.
Baq.kz