7 Шілде 2013, 05:32
Астана күнінің құрметіне ұйымдастырылған мерекенің көркін ат жарысы қыздыра түсті. Бәйгеге көршілес облыстарды айтпағанда алыстағы Орал, Ақмола, Павлодар, Қызылорда облыстарынан да сәйгүліктер қатысты.
Жұмабек ЧАЖАБАЕВ, Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары:
- Астана – Елбасы айтқандай отанымыздың жүрегі, еліміздің тірегі. Астанаға қарап бүкіл аудандар, облыстар, облыс қалалары барлығы соған бой түзеп, соған өздерін ұқсатуға тырысады.
Көкбастау атшабарындағы ат жарысы топ бәйгеден басталды. Жүйріктер 15 шақырымға шапты. Қарасай ауданының тұрғыны Әлнұрдың Қамбары мәреге бірінші жетіп, иесіне көлік ұтып әперді. Тай жарыс пен құнан бәйге де тартысты өтті. Құнаннан Қордай ауданының тұрғыны Аликтің Темучині, тайдан Алакөл ауданының тұрғыны Ербатырдың Нұрайы алдына қара салмады.
Ғани НҰРМАҒАМБЕТОВ, көрермен:
- Астана күнін атап өту жақсы дәстүрге айналуда. Қазақстанның түпкір-түпкіріндегі әрбір қазақтың үйінде бүгін мереке. Сондықтан мереке құтты болсын дегім келеді.
Көптің асыға күткені аламан бәйгеге мықты аттар түсті. Тұлпарлар мен шабандоздар арасында қызу бәсеке. Бас бәйгеге – Jeep автокөлігі. 25 шақырымды құраған аламан бәйгеде бабы мен бағы қатар келген Жамбыл ауданының тумасы Ғабиттің Ұлытауы мәреге бірінші жетті.
Авторлары: Ұлан Нарынбек, Ернат Бөртібаев