4 Шілде 2013, 11:52
Соңғы бес жылда «Қазақфильм» киностудиясының 175 туындысы 200-ден астам кинофестивальдер мен 50-ге жуық елдің халықаралық көрсетілімдеріне қатысқан. Бұл жайында «Қазақфильм» киностудиясының киножобаларды дамыту орталығы хабарлады.
Қазақстандық кинотуындыларды мойындайтын елдердің саны жыл сайын артып келеді. Соңғы жылдың ең жарқын жаңалығы Эмир Байғазинің «Үндестік сабақтары» атты фильмінің Берлин кинофестивалінде «Күміс аю» жүлдесімен марапатталып, Қазақстан тарихындағы Берлинале конкурсында жеңіске жеткен алғашқы фильм болса, жақын арада Пусанда өтетін әлемдік беделді кинофестивальдердің бірінде Ербол Жұмағұловтың «Кітап» картинасының әлемдік көрсетілімі өтеді деген ақпарат тарады. Фильм Азияның ең танымал кинолары жиналған «Азия киносына терезе» атты секцияда көрсетіледі.
Қазақстанда 2012 жылы шетелдік, ресейлік және қазақстандық кинотуындыларды қосқанда барлығы 281 фильм прокатқа шыққан: 225 шетелдік, 42 ресейлік және 14-і қазақстандық, ал оның жетеуі «Қазақфильмнің» өнімі. Отандық өнім прокатта барлығы 5 %-құрайды.
«Қазақфильм» жүргізген зерттеуінің нәтижесі бойынша 2012 жылы кинотеатрларда 13,4 миллион дана билет сатылған. Ол 2008 жылмен салыстырғанда екі есеге көп. Ал кинотеатрлардың өзіне келетін болсақ, елімізде 2008 жылы олардың саны 77 болса, 2012 жылы 95-ке жеткен. Сондай-ақ кинозалдар саны 129-дан 245-ке, орын 27 341-ден 40 000-ға өскен.
«Қазақфильмнің» президенті Ермек Аманшаевтың айтуы бойынша, отандық өнімдеріміз көрсетілімге әлемдік прокат көшбасшыларымен қатар шығап бәсекеге қабілеті артуда. Мысал ретінде ол тарихи «Жаужүрек мың бала» драмасының америкалық «Кек қайтарушылар» («The Avengers») блокбастерімен бір уақытта көрсетілімге шығып, екінші аптада-ақ Ақан Сатаевтың туындысы қарсыласын басып озғандығын келтірді.
«Қазақфильм» киностудиясының көркем фильмдерді өндіру жылдамдығы 2000 жылдан 2008 жылға дейін жылына 4 фильм болса, соңғы 5 жылда жыл сайын 10 фильм шығарылуда. Салыстыру үшін артқа шегініс жасасақ, 60-жылдары жылына 3 фильмнен шығып тұрса, 70-жылдары – 4, 80-жылдары – 7 және 90-жылдары - 3 фильмнен шығып тұрған.
2013 жылы «Қазақфильм» 10 фильм шығаруды жоспарлаған еді. Бүгінгі күні қазақстандық көрермен «Жеңіс семсері», «Ер Төстік пен Айдаһар», «Риэлтор», «Студент», «Лотерея» және «Оқытушы», фильмдерін көріп үлгерді. Ендігі кезекте осы күзде шығатын «Жол» атты спорт драмасы.
Baq.kz