4 Шілде 2013, 11:09
Астана күнінің 15 жылдығы қарсаңында пошталық естелік маркалар шығарылды. Бүгін оны «Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Әркен Арыстанов қала әкімінің орынбасары Қанат Сұлтанбековке таныстырды. Пошталық қолданысқа «Естелік және мерейтойлық даталар» сериясынан 4 маркадан құралған екі көркемдік блок енгізілген.
Марканың бірінші блогында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың суреті бейнеленсе, қалған блогтарында қаланың гербі, ЭКСПО-2017 Халықаралық көрмесінің логотипі, «Бәйтерек», Ақорда, Тәуелсіздік сарайы, «Қазақ елі» монументі сынды елорданың көрнекті нысандары көрініс тапқан. Әр марканың құны -100 теңге. Ал, әр блоктың тиражы 10 мың дана.Марка дизайнының авторы – Қуат Ибрайшин.
Baq.kz