3 Шілде 2013, 10:25
Индустрияландыру картасы аясында Ақмола облысында 665 млрд теңгенің 46 инвестжобасы жүзеге асырылып жатыр. Жыл соңына дейін 73,4 млрд теңгенің 8 жобасы іске асады деп жоспарланған, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасына сілтеме жасап.
Аталған жобаларды жүзеге асыру арқылы 40 мыңнан астам жұмыс орны ашылады. Құрылыс жұмыстары кезінде 10 710, іске қосылғанда 29 660 жұмыс орны ашылмақ.
«Агроөнеркәсіптік кешен мен ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласында 28 млрд теңгенің 26 жобасы жүзеге асырылуда. Құрылыс жұмыстары кезінде 1871, ал жобалар іске қосылған кезде 1153 жұмыс орны ашылады деп жоспарланған. Тау-кен металлургиясы саласында 64,8 млрд теңгенің 4 жобасы, энергетика саласында 17,8 млрд теңгенің 2 жобасы бар. Химия өнеркәсібінде 11,6 млрд теңгенің 2 жобасы қолға алынған. Сонымен қатар азық-түлік өнеркәсібі саласы мен жеңіл өнеркәсіпте бір бір жобадан іске асады. Туризмде 450 млрд теңгенің, ал машина жасау саалсында 335 млн теңгенің жобасы қолға алынған»,-деді басқарманың бөлім басшысы Ж.Бейсембаев.
Жыл соңына дейін 73,4 млрд теңгенің 8 жобасы іске қосылып, 2318 жұмыс орны ашылады деп межеленген. (Құрылыс жұмыстар кезінде -1191, іске қосылғанда -1127).
«Көкшетауда жиһаз жасаумен айналысатын «2 кит» ЖШС жаңғыртылуда, оның өндірістік қуаттылығы жылына 9600 текше метрге жететін болады (қазір 3200 текше метрге тең). Бұған қоса Целиноград ауданында («Агрофирма «Родина» ЖШС) қуаттылығы жылына 6570 млн кВт болатын жел энергетикалық құрылғы құрылысы бар (шілде айында іске қосылады деп жоспарланған). Желтоқсан айында Еңбекшілдер ауданында (Көкше-Цемент»)» жылына 2 млн тонна өнім шығаруға мүмкіндік беретін цемент зауытының ашылуы өтеді»,-деп атап өтті бөлім басшысы.
«Сондай-ақ, желтоқсан айында Степногордағы қайта жаңғыртудан өткен күкірт қышқылы зауыты пайдалануға беріледі. Астрахан ауданында жылына 3 мың тонна ет өндіретін құс фабрикасы да іске қосылмақ. Жыл соңына қарай Ақкөл ауданында жылына 90 млн дана тауық жұмыртқасы шығарылатын құс фабрикасы (Үш бұлақ-2005» ЖШС) құрылысы, диірмен кешені мен қуаттылығы 24 700 тонна болатын элеватор («Бұланды-Астық»ЖШС) құрылысы аяқталады. Қорғалжын ауданында («Agro Export LTD» ЖШС) 2500 бас ірі қара малды бордақылау кешенін салу жобасы іске асады, деп толықтырды Жарас Бейсембеков.
Келесі жылдары жалпы сомасы 492,6 млрд теңгені құрайтын 6 жобаны жүзеге асыру жалғасын таппақ.
Целиноград ауданында жылына 553 мың тонна цемент шығаратын зауыт («Bi-Сement» ЖШС) салынып жатыр. Ол 2014 жылдың желтоқсанында ашылады.
Келесі жылы Атбасар ауданында жылына 625 бас төл беретін 5 мың бас ірі қараға арналған репродуктор іске қосылмақ.
2021 жылы туристік орталық Бурабай ауданында («Tourism Borovoe City» ЖШС) тағы бір жоба жүзеге асырылады. 2014 жылдың желтоқсанында Целиноград ауданында ( «Трансформер KZ» ЖШС) құрғақ трансформаторлар зауыты құрылысы мен Ерейментау ауданында («Бірінші жел электр станциясы» ЖШС) қуаттылығы 45 Мвт жел электр станциясы құрылысын жүзгізу көзделіп отыр», деді ол.
Аталған жобалар аясында 30 557 жұмыс орны ашылады, олардың ішінде 6332-сі құрылыс жұмыстары кезінде, ал 24 225-і іске қосылғанда құрылады.