1 Шілде 2013, 05:59
Шоқай Мұстафа - көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, түрік халқының даңқты күрескері. Ол 1890 жылы Сырдария губерниясы Ақмешіт уезіне қарасты (қазір Шиелі ауданы) Наршоқы деген жерде туған. Ауыл молдасынан хат танығаннан кейін 1902 жылы Ташкенттегі ерлер гимназиясына оқуға қабылданады. 1910 жылы Санкт-Петербор Императорлық университетінің заң факультетіне оқуға түседі. Студенттік жылдары империя астанасындағы демократиялық қозғалыстарға қатысады. Ақпан төңкерісіне дейін Алаш көшбасшысы Ә.Бөкейханмен бірге Ресей Мемлекеттік Думасының мұсылман фракциясында хатшы қызметін атқарады. 1916 жылғы дүрбелең кезінде Түркістан және жалпы Қазақ жеріндегі бассыздықтарды әшкерелеп, Мемлекеттік Думаға арнайы құжатты мәліметтер ұсынады. Сөйтіп осыған байланысты комиссия құруға себепші болады. 1917 жылы төңкерістер тұсында мықты Түркістан мемлекетін құру идеясын ұстанады. Ташкентте «Бірлік туы» газетін ашады. Орынбордағы Алаш қайраткерлерімен тығыз байланыс ұстайды. Алаш партиясы құрылатын І жалпықазақ съезінің де, Алаш автономиясы жарияланатын ІІ жалпықазақ съезінің де ұйымдастыру және өткізу жұмысына белсене қатысады. Алғашқы съезде «Шораи ислам» жұмысына қатысатын 8 қазақ өкілінің бірі болып сайланады. Екінші съезде Алашорда үкіметі – Ұлт кеңесіне Сырдария атынан кіреді. 1917 жылы Жаңа Марғұланда өткен өлкелік мұсылмандар кеңесінде қайраткер Бүкілтүркістандық мұсылмандардың құрылтайын Қоқан қаласына шақыру туралы бастама көтереді. Қарашада Қоқанда Түркістан автономиясын жариялау шарасына бастан-аяқ қатысады. Осы жиында ол Түркістан автономиясы уақытша үкіметі сыртқы істер министрі болып тағайындалады. 1918 жылы қаңтарда Түркістан автономиясының алғашқы үкімет басшысы М.Тынышбайұлы өз еркімен жұмыстан босағанда, ол осы қызметке сайланады. Большевиктер бұл автономияны ақпанда қанды қырғынмен таратты. 1918 жылы қыркүйекте қайраткер Самарада бас қосқан Ресейдің азаттық жолындағы күрескерлерінің Құрушы мәжілісіне (Комуч) қатысады. 1919 жылы ақпанда Түркістан мемлекеті идеясын одан әрі қозғау үшін Бұхар әмірлігі мен Закаспийдегі ағылшын корпусы басшылығымен келіссөзге Ашхабатқа келеді. Сол жылы Баку мен Тифлисьте сәл аялдап, Стамбулға аттанады. Түркия арқылы алғаш Германияға, сонан соң Францияға барып орнығады. Эмиграцияда «Жаңа Түркістан», «Жас Түркістан» журналдарын шығарып, кеңестің озбыр саясаты туралы зерттеулер жазады. Қайраткер 1941 жылы 27 желтоқсанда Берлинде жұмбақ жағдайда қайтыс болады.
Әдебиеттер:
1. Шоқай М. Таңдамалы:2 том. Алматы, 1998-1999
2. Қыдырәлиев Д. Мұстафа Шоқай. Астана, 2007