27 Маусым 2013, 17:23
Қожанұлы Сұлтанбек – көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері. 1894 жылы қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысы Созақ ауданы Ақсүмбе деген жерде дүниеге келген. Түркістандағы орыс-түзем мектебін, үш кластық қалалық училищені бітірген. 1913-1917 жылдары Ташкенттегі Түркістан мұғалімдер семинариясында оқиды. Осы кезден саясат істеріне араласып, «Кеңес» атты жасырын ұйымның мүшесі болады. 1917 жылы ақпан төңкерісінен соң үлкен саясатқа бел шеше кіріседі. Сол жылы тамыздан М.Шоқай ұйымдастырған «Бірлік туы» газетіне редактор болады. Осы басылымда қоғамдық-саяси мақалалармен бірге әдеби материалдар да жариялап отырады. Жаңа заман амалына сай 1920 жылы коммунистік партия қатарын қабылданып, үлкен қызмет баспалдақтарынан өтеді. 1920-1924 жылдары Түркістан компартиясы ОК мүшесі, ТүрОАК төрағасының орынбасары, Түркістан республикасының ішкі істер халық комиссары, Халық ағарту халық комиссары, «Ақ жол» газетінің редакторы. 1921 жылы кеңестердің бүкілресейлік ІХ съезінің бір үзілісінде В.И.Ленин оны төралқаға шақырып, біршама әңгімелескен. Қайраткер 1922 жылдан қази соттарын қалпына келтіру, тартып алынған вакуф жерлерді мұсылман жамағатына қайтару, жағымды дәстүрлерді қайта жолға қою секілді шетін мәселелерді қолға алып, түркістандықтардың алғысына бөленді. 1924-1925 жылдары Қазақ өлкелік партия комитетінің хатшысы. 1925-1926 жылдары БК/б/П ОК ұлт республикалары мен облыстары бойынша жауапты нұсқаушысы, Мәскеу марксизм-ленинизм курсының тыңдаушысы. 1928 жылы БК/б/П ОК Орта Азия бюросының үгіт-насихат бөлімі меңгерушісінің орынбасары. 1929-1931 жылдары Орта Азия мақта-ирригация политехникалық институтының алғашқы директоры, 1931-1932 жылдары Орта Азия мақта орталығы басқармасының төрағасы, 1932-1933 жылдары Мәскеуде Одақтық мақта өнімдері басқармасының орынбасары, 1933-1934 жылдары КСРО ХКС мақта тобы басшысының орынбасары, 1934 жылдан кеңестік бақылау комиссиясының Өзбекстан бойынша өкілі. 1928 жылы Орта Азия партия тарихы институты қайраткердің «Кеңестік Түркістан автономиясының он жылдығына» аты кітабын басып шығарды. Осында ол жаңа республика құрудың қиын өткелдері мен алдағы міндеттерді айқын жазады. Сондай-ақ осы ұлт күрескерінің И.Сталинмен пікірталасы әлі күнге аңыз болып айтылады. Ол қиын жылдары Алаш азаматтарына да көп көмектесті. 1923 жылы Мағжанның өлең кітабына алғысөз жазып жариялады. Фольклоршы Ә.Диваевқа ерекше қолдау көрсетті. Өзі де елдің мәдени-рухани шараларына атсалысып, «Ақ жол», «Еңбекші қазақ» газеттері мен «Шолпан» журналына сан салалы мақалалар жазады. Қайраткер 1937 жылы 16 шілдеде ұсталып, 1938 жылы 8 ақпанда нақақ атылды.