27 Маусым 2013, 17:21
Жоғары білімді алғашқы қазақ дәрігерлерінің бірі, Алаш қозғалысының қайраткері Нұрғали Ипмағамбетовтің ( 1883 – 1922 ) Филолог-ғалым Мақсат Тәж-Мұраттың зерттеуіне қарағанда, Нұрғалидың әкесі Ипмағамбет орта шаруалы адам болған. 1896 жылы Қароба болыстық 4 класты орыс-қазақ мектебін мақтау грамотасымен бітірген соң ағасы, кейін Жайық өңірінде Кеңес өкіметін орнатуға белсене қатысқан Меңдігерей Ипмағамбетовтің көмегімен және Қароба болыстық мектебінің директоры Василий Романов пен белгілі заңгер Бақытжан Қаратаевтың қолдауымен Орал реальдық әскери училищесіне түсті. Аталмыш білім ордасында сол тұста кейін Күнбатыс Алашордасын құрған Халел Досмұхамедов, Жанша Досмұхамедов сынды озық ойлы қазақ жастарының оқығаны мәлім. Сондай-ақ Нұрғалидың «Уралец» газеті баспаханасының әріп терушісі, татар әдебиетінің болашақ классигі Ғабдолла Тоқаймен танысып, достасуы оның өмірлік ұстанымын бірте-бірте айқындауға жетелеп, таным көкжиегін кеңейткені анық. Реальдық училищені алтын медальмен бітірген соң бір жылдық курсты тәмамдап, Санкт-Петербордағы әскери-медициналық академияның есігін ашуы Нұрғали Ипмағамбетовтің алдыңғы қатарлы өз тұстастары секілді жасынан-ақ алдына биік мақсат қойғанын аңғартса керек. Тіпті бірінші орыс революциясы тұсында студенттер толқуына қатысып, оқудан шығарылып, түрменің де дәмін татады. Дегенмен білімді жастың болашағынан үміт күткен академия оқытушыларының араласуымен қайта қабылданып, жоғары оқу орнын 1911 жылы бітіріп шықты. Әуелі Термез қаласында дәрігерлік қызметін атқаруды бастаған ол кейін Түркістан атқыштар дивизиясының 113-полкінде аға дәрігер болса, 1914 жылы 1-дүниежүзілік соғыс басталғаннан кейін Кавказ майданына жіберіледі. Майдандағы орыс армиясының бас хирургі дәрежесіне дейін жетіп, медицина қызметінің полковнигі атағын алған Н.Ипмағамбетов 1917 жылдың басында бірқатар жауынгерді жарамсыз деп әскер қатарынан босатуға қатысқаны үшін тұтқындалып, Сібірге жер аударылады. Ақпан төңкерісінен соң туған еліне оралған көзі ашық, көңілі ояу қайраткер Алаш қозғалысына араласпай тұра алмайды. 1917 жылғы шілдеде Ойыл бекінісінде өткен 2-Орал облыстық қазақ съезіне өзінің Қароба болысынан делегат болып қатысқан Нұрғали Ипмағамбетов бірден көзге түсіп, Орал уездік земство управасының мүшесі болып сайланды. Ал сол шілде айындағы 1-Жалпықазақ съезінде Алаш партиясы атынан Құрылтай жиналысы депутаттығына аталды. Кейін 1917 жылғы желтоқсанда 2-Жалпықазақ съезіне Орал облысынан делегат болып қатысып қана қоймай, Алаш автономиясын дереу жариялауды жақтап дауыс берді. 1918 жылы қаңтарда Қаратөбе кентінде өткен 3-Орал облыстық қазақ съезінде Ғұбайдолла Әлібеков тобын жақтап, «Ақжол» ұйымының құрамына кірді. Содан соң Орал қаласына жол тартып, Орал облыстық солдат, жұмысшы, шаруа және казак депутаттарының құрылтайына қатысып, облыстық совдеп атқару комитетінің денсаулық сақтау комиссары болып сайланды. Орал әкери үкіметінің төңкерісінен соң Темір уезіне келіп, жергілікті басқару органының жұмысына қатысты. Осында «Ақжол» тобының мүшелерімен бірге Ташкенттен келе жатқан Мұстафа Шоқайдың Орал, Орынбор бағытына өтуін ұйымдастырды, ақ казактардан ығысып, Темір, Ақбұлақ маңына келген Әбдірахман Әйтиев пен Меңдігерей Ипмағамбетовтерге де көмектесті. Н.Ипмағамбетов – 1918 жылғы тамыз айында жергілікті қазақ атқару комитеттері мен Алаш партиясы атынан Самарадағы Құрылтай жиналысы мүшелері комитетіне ( Комуч ) мүше болып кірген 11 Алаш қайраткерінің бірі. Қыркүйектегі Уфа мәжілісінде Комуч тарапынан Алашорданы тану жөнінде декларация қабылданып, ресми түрде Батыс Алашорда құрылғаннан кейін жаңа ұлттық мемлекеттік құрылымның Уақытша Бүкілресей үкіметінің ( Директория ) саясатын жүргізу жағында болды. 1919 жылы жазда Батыс Алашорда үкіметі Нұрғали Ипмағамбетовке қалаған қызметін атқаруды ұсынды. Алайда бұған майдандағы текетірес жағдай мен ағасы М.Ипмағамбетовтің ақ казактар қысымымен Батыс Алашорда тарапынан тұтқындалуы кедергі болды. Кейін өзі де РК(б)П қатарына өтуге арыз берді, 1919 жылғы қарашада Қызыл армия ақ казактардан босатқан Жымпиты, Қаратөбе атырабына дәрігерлік-санитарлық жасақты бастап келіп, ауылдарда етек алған сүзек індетіне қарсы күрес шараларын ұйымдастырды. 1919 жылы желтоқсанда Қазәсревкомның ұсынуымен Орал облыстық денсаулық сақтау бөлімі меңгерушісінің орынбасары болып тағайындалған ол Орал губревкомының мүшесі, 1920 жылы ҚАКСР ОАК мүшесі болып та сайланды. 1922 жылы тамыздың 13-інде қайталап соққан сүзектен қайтыс болған Н.Ипмағамбетов білікті дәрігер ғана емес, халық қамын ойлаған қайраткер ретінде де ел есінде қалды. Оның ұлы Әнуар Ипмағамбетов ( 1912-1996 ) әкесі Алаш қозғалысының қайраткері, патша армиясының полковнигі болғандықтан, жас кезінде қуғын көрсе де, кейін өз мақсатына жетіп, Мәскеудегі М.Горький атындағы әдебиет институтын бітіріп, республикалық деңгейде лауазымды қызметтер атқарып, елге танымал жазушы әрі аудармашы болды.