27 Маусым 2013, 17:19
Сұлтанбекұлы Жағыпар – көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері. 1898 жылы Қостанай уезі Қостанай уезі Аманқарағай болысында туған. Қостанайдағы екі кластық орыс-қырғыз школын бітірген. Осында мұғалімдер курсында оқыған. 1915 жылдан жергілікті жерлерде сабақ берген. Жасынан халықты ағарту, ояту істеріне тілеуқор болған. «Қазақ» газеті мен Алаш қозғалысының идеясын жас та болса елге таратуға күш салған. 1920-1922 жылдары уездік халық ағарту бөлімінің меңгерушісі, Аманқарағай болыстық атқару комитетінің төрағасы. 1922 жылы Қостанай губерниялық атқару комитетінің хатшысы. Осы уақытта республика орталығынан арнайы іссапармен келген қайраткер С.Садуақасұлымен танысып, өңірді дамыту туралы ой-пайымымен бөліседі. 1923 жылы губерниялық Жер-су мекемесінің басшысы, губерниялық атқару комитеті төрағасының орынбасары. 1925 жылы Ақмола губерниясына (Петропавл) жіберіліп, Жер басқармасының меңгерушісі болған. 1926 жылы Ақтөбе губерниялық атқару комитетінің төрағасы. 1926-1927 жылдары Қазақ автономиялық республикасы Егін шаруашылығы халық комиссары. 1927-1929 жылдары Қазақ ауыл-село одағы мен өлкелік мал өсірушілер одағының төрағасы. 1930-1931 жылдары Қарқаралы аудандық атқару комитетінің, 1931-1932 жылдары Кеген аудандық атқару комитетінің төрағасы. 1932 жылы «Қазқұрылысматериалдары» бірлестігінің басшысы, Жеңіл өнеркәсіп халық комиссариатының алқа мүшесі, Алматы облыстық атқару комитеті жеңіл өнеркәсіп бөлімінің меңгерушісі. 1932-1935 жылдары «Қарағанды көмір» тресі директорының орынбасары. 1935-1936 жылдары Ішкі сауда халық комиссариаты жоспарлау-қаржы бөлімінің бастығы. Қайраткер Қостанайдағы жылдарында «Ауыл» газетінің өрісін кеңейтуге көп атсалысқан. Сондай-ақ республикалық басылымдарда да оның мақалалары жарияланып тұрған. «Қазақстан шаруасының жайы, оның мұқтажы», «К вопросу о казахизации аппарата», «Атбасар уезінде» атты еңбектерінде қайраткер ел шаруашылығының мәселелерін және оны шешудің жолдарын жүйелі көрсетеді. Білгір маманның «Егіндік-шабындық жерлерді бөлу туралы» (1927), «Малшаруашылық серіктігін ұйымдастырудың пайдасы» (1930) атты кітапшалары өз тұсында үлкен сұранысқа ие болған. Әсіресе, қайраткердің 1925 жылы жазған «Бұрын һәм қазірде жер саясаты» атты зерттеуі - отандық ғылымның елеулі табысы. Мұнда ол жер саясатындағы отаршылдықтың зардаптарын жүйелі зерделейді. Бұл еңбекті С.Садуақасұлы, М.Дулатұлы жоғары бағалады. 1936 жылы қарашада ұсталып, 1937 жылы ақпанда нақақ атылған.