26 Маусым 2013, 07:47
Жүрелей секіру — ойын мектеп ауласында, спорт залында ойналады. Ойынға қатысушылар екі топқа бөлінеді. Таңдалған алаңға бір жарым метрдей ұзындықта екі қатар көлденең сызық сызылады. Сол сызықтардың қарсы алдына тұспа-тұс он метрдей жерден екі шеңбер сызылады.
Әр топтан екі-екіден ойыншы шығады да, өз тобы жақтағы көлденең сызыққа келіп жүресінен отырады. Бастаушы белгі берген кезде, екі-екіден қатар отырған ойыншылардың оң жақтағысы жүресінен отырған күйі қарсы алдындағы шеңберлерге секіріп барып кері оралуы керек. Әлгі ойыншы ілгері секіріп кеткенде, оның орнын қасындағы ойыншы басады да, тағы бір ойыншы сол қатарға келіп отырады. Жүрелей секіріп ойыншы сызыққа жеткен заматта, келесі ойыншы жарысты әрі жалғап әкетеді. Ойын барлық балалар секіріп болғанша жалғасады. Секіріс кезінде жиылып қалса немесе тізесін жазып түрегеп кетсе, ұпай саналмайды. Әр ойыншыға бір ұпай саналуға тиіс. Қай топ көп үпай жинаса, сол жеңіске жетеді. Ойын төзімділікті, дененің шымырлығын қажет етеді.
Жатып күресу — ұлттық ойын.
Күші теңдес болып келетін екі жігіт бірінің аяғына бірінің басын келтіре, шалқаларынан кілем үстіне қатарласып жатады. Бұдан кейін сол жатқан беттерінде бірінің қолынан бірі (түйісіп жатқан жақтағы бір-бір қолдарымен) қатты қыса қолтықтасып алады да, әркім сол қатарындағы адамды жоғары көтерілген аяқтарының өкшесімен іле қағысады. Мақсат — әркім өзінің қатарындағы палуанды тақымынан аяғымен іліп алып, басынан асырып аударып тастау. Осы мақсатты орындағаны жеңген болып саналады.
«Бүркіт» — бұл ойын дене шынықтыру, спорт залында, мәдениет үйінде өткізіледі. Ертеде үйде өткізілетін болған. Ойынды жүргізу үшін биіктігі 25—30 см. орындық не спортшылар отыратын ұзын орындық — сәкі қажет болады. Сол орындықтың үстіне шығып, жүресінен отырған ойыншы, екі аяғының арасынан екі қолын әлгі орындыққа не сәкіге тіреп, еңкейіп барып, жерде жатқан тақияны аузымен тістеп алуы қажет. Бұл ойынды орындағанда адамның екі тізесі шалқайып сыртына қарай көтеріледі де, дене салмағы екі қолының білегіне түседі. Ойын дене шынықтыруға, оның қуатын жетілдіре түсуге қолайлы.
Қырықаяқ — бұл ойын тегіс алаңды жерде, мектеп ауласында, дене шынықтыру, спорт залдарында ойналады. Ойнаушылар орталарынан басқарушы тағайындап алады. Басқарушының талап етуіне орай ойынға қатынасушылар тең екі топқа бөлінеді. Екі топтағы ойнаушылар да бірінің белінен бірі құшақтап қатар тұрысады. Олар тұрған жерден 25—30 метр қашықтықта көмбе белгіленеді. Басқарушының командасы бойынша екі топ та сол қалыптарымен аяқтарын тепе-тең алып жүгіре жөнеледі. Қай тап көмбеге бұрын жетсе, сол жеңіске ие болады. Басқарушы ойын тәртібінің бұзылмауын қадағалап тұрады. Ойын қайталанып отырады. Ойынды әбден игергеннен кейін басқарушыны жаңадан сайлап алады. Ойын жастарды қимыл бірлестігіне, коллектившілдікке, жауапкершілікке, ұйымшылдықка тәрбиелейді.