26 Маусым 2013, 05:52
Қарғымақ — бұл тіпті ескіден келе жатқан қазақтың көне ойындарының бірі. Оны әсіресе жылқышылар мен бие сауушылар ойнайтын болған. Ойынның мәні мақсаты осы күнгі биікке секіру, алысқа секіру, сырыққа таяна секіру сияқты спорт ойындарымен шендеседі.
Ойын түрлері:
1. Биіктік мөлшерін дәлдеп алып керіп ұстаған жіптен жүгіріп келіп қарғып, ар жағына барып түседі.
2. Белгілі биіктік мөлшерде керіліп қойылған жіптен, қолына ұстаған сырыққа сүйене, оның бір басын жерге тіреп, бүкіл денесін өз күші екпінімен жоғары серпілте қарғиды.
Осындай әдістердің бірімен ара алыстығы өлшеніп, белгі жасап қойған жазықтан секіреді. Қарғымақ ойналатын алаң не ұсақ құм, не ағаш ұнтағы төселген жұмсақ болуы шарт. Қазіргі кезде «қарғымақ» ойынын өткізу мүмкіншілігі мол. Оны мектептегі дене шынықтыру залдарында, мәдениет үйлерінде т. б. жерлерде өткізуге болады. Кім биік және алысқа секірсе, жүлдені сол алады. Ойын тәртібін ойын жүргізуші қадағалайды.
«Жаяу көкпар» — ұлттық ойын.
Бұл ойын жазды күні, кең жазықта ойналады. Ойын өтетін жердің ұзындығы 50—60 метр, көлденеңі 25—30 метрден кем болмайды. Сол жазық алаңның бір шетіне шағын дөңгелек шеңбер сызылады да, ішіне құм түйілген ак, шүберек қойылады. Алаңның екінші шетінен де сондай сызық сызылып оны көмбе деп белгілейді. Ортадан сызық сызылады. Ойынға қатынасушылар екі топқа бөлінеді де сол ортадағы сызықта сан құрып тұрады. Ойынды жүргізу үшін екі топқа ортақ бір басқарушы тағайындалады. Орамал жатқан және көмбе етіп белгіленген жерде екі ойыншы бақылаушы болып тұрады. Басқарушының берген белгісі бойынша ойын басталады. Әр топтың ойыншысы құм түйілген шүберекке бұрын жетіп, оны көмбеге жеткізуге тырысады. Топтың қалған ойыншылары оған көмекке келеді. Ал қарсы топ, одан шүберекті алып, өздері апаруға тырысады. Қызу тартыс басталады. Ойынға қатысушылар айла-амал қолданып, алаңның ішінде бұлтарып қаша жүріп, өз тобының көмбеге бұрын әкелуін қарастырады. Бірақ белгіленген межелі жерден шығуға болмайды. Көмбеге белгіленген мерзімде жеткізген ойыншы ұпайды көбірек алады, Ойынға допты да пайдалануға болады.
Ойын жастардың дене күшін, жүгіру қабілетін жетілдіріп, денелерін шыңдап, денсаулықтарын жақсарта түседі.
«Таяқ ойнау» — ұлттық ойын.
Бұл ойынды жастар қыста ойнайды. Ойын алаңды жерде өтеді. Ойынға ұзындығы 1,5—2 метр үшкір таяқ қажет. Ойынға қатынасушылар қардан қалыңдығы 0,5 метр қабырға қалайды.
Ойынға қатынасушылар орталарынан біреуін басқарушы етіп белгілейді. Ол бақылаушы, төреші рөлін де қоса атқарады.
Ойын басталғанда әр ойыншы, қолындағы таяқты белгіленген жерден қардан қаланған қабырғаға қарай бар пәрменімен лақтырады. Таяқ қабырғаға бойлай кіреді. Егер таяқ қатты ұрылатын болса, таяқтың ұшы қабырғаның екінші жағынан шығады. Кімнің ұрған таяғы қабырғаның екінші жағынан көбірек шығып тұрса, сол жеңген болып табылады.
Жеңілгендер алдын ала белгіленгендей ұпайларын орындайды — өлең, тақпақ, жаңылтпаш айтады. Ойын қол күшін дамытып, денені шынықтырады. Таза ауада дем алып, денсаулықты шыңдай түсуге мүмкіншілік береді.