25 Маусым 2013, 12:07
Орта салмақ бойынша WBA/IBO тұжырымдағы әлем чемпионы қазақстандық Геннадий Головкин алдағы жексенбіде британдық Мэттью Маклинге қарсы өтетін кездесудің тартысқа толы және қызықты өтетіндігіне сенім білдірді. Бұл туралы BoxingScene.com хабарлайды.
"Менің ойымша жекпе-жек тартысқа толы болады. Үлкен драма болатынына сенімдімін. Алайда бұл кеште кімнің жеңімпаз болып шығатыны белгісіз. Мен барлықтарыңызға осы кездесуді тамашалауға кеңес берер едім",-деп мәлімдеді Гена.
Сондай-ақ қазақстандық боксшы өзінің жақын келешектегі жоспарларымен де бөлісті: "Мен қазір орта салмақта жұдырықтасып жүрмін. Бірақ болашақта неге басқа салмаққа ауыспасқа? Ал Андре Уорд бұл спорт түріндегі ең үздік болып есептеледі. Егер кездесіп жатсақ, барлығы үшін тамаша жекпе-жек болар еді. Бұл тек қана фанаттар үшін емес, жалпы бокс әлеміне жаңалық болатынын білемін. Мен қазір HBO арнасымен жұмыс жасаймын және кездесемін деген барлық үміткерді қуана қарсы аламын. Алайда Showtime арнасының кейбір жігіттерімен келіспеушіліктің болатынын да жоққа шығармаймын. Хулио Сезар Чавес кіші - ең мықты боксшылардың бірі. Мен болашақта онымен де кездесіп жатсам нұр үстіне нұр болар еді. Ал қазір менің барлық назарым Маклинмен болатын кездесуде".
Естеріңізге салсақ, осыған дейін Головкин 2014 жылы орта салмақтағы әлемнің ең үздік боксшыларының бірі аргентиналық Серхио Мартинеспен кездескісі келетінін айтқан болатын.
Енді назарларыңызға Геннадий Головкиннің соңғы өткізген кездесулерінен түсірілген, HBO арнасы ұсынған қысқаша видеоны ұсынамыз:
http://www.massaget.kz