20 Маусым 2013, 09:32
/1942/
Ақын, Қырғызстан халық жазушысы. Қазiргi уақытта ақын, қоғам қайраткерi-Мұхтар Шаханов Қазақстан Республикасының Қырғызстан Республикасындағы өкiлеттi елшiсi.
Өскен ортасы, бiлiм алған мектептерi, еңбек жолы, қызметi.
М.Шаханов Оңтүстiк Қазақстан облысы, Төле би ауданы, Қасқасу ауылында дүниеге келген. Шымкент педагогикалық институтын сырттан оқып бiтiрген. Қазақ радиосында аға және бас редактор, Қазақ ССР Баспа, полиграфия және кiтап саудасы жөнiндегi мемлекеттiк комитетте көркем әдебиет және оқу-методика бөлiмiнiң бастығы, «Жалын» журналының бас редакторы, Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасының хатшысы, т.б. қызметтер атқарған. Ақынның идеялық-көркемдiк құны жоғары шығармаларының iшiнен «Қасымды қабылдамаған ақын хақында», «Менi неге Мұхтар қойған?», «Түсiнiс» теоремасы», «Ғашықтық ғаламаты», «Бақытпен тiлдесу», т.б. бөлiп айту орынды.
Ақынның «12-3?» поэмасының арқауы-аға ұрпақ пен жас ұрпақтың қарым-қатынасы, үйлесiмi, гармониясы. Ақынның «Отырар эллегиясы» поэмасында Шыңғысханның қанды жорығының бiр кезеңiн суреткерлiкпен баяндаған. Поэмадағы шынайы әдеби бейнелер-басқыншы қанiшер Шыңғысхан мен оның ұлы Шағатай, опасыз сатқын Қарашоқы және сол басқыншыға қарсы қаһармандықпен алысқан халықтың жиынтық кейпi, ауыр шайқаста халықтың басшысы болып тайсалмай тұрып қалған табанды қайраткер Қайыр.
М.Шаханов «Сенiм патшалығы» поэмасында адамзат тарихындағы ұлы мұрат-әдiлет үшiн күрес пен адамдар арасындағы бауырмалдық идеясын асқақ леппен жырлайды. Ақын поэманың алғашқы тарауында сонау көне дәуiр тарихынан сөз қозғаса, шығарманың кейiнгi бөлiмiнде өз заманы шындығынан сыр шертедi. Ақын әр дәуiрдiң түрлi кейiпкерiн сөйлетедi, айтыстырады. Осы монологтар мазмұны адамзаттың даму тарихында әр заманда, әр қоғамда әдiлет пен озбырлықтың, достық пен қастықтың ылғи алысып келгендiгi, бұл күрес өмiрде тынымсыз жүрiп жататындығы жайында терең ойлар ұқтырады.
Ақынның таңдамалы өлең-баллада, поэмалары орыс тiлiне аударылып, Е.Евтушенконың кiрiспе сөзiмен 1982 жылы «Уақыт бедерлерi» деген атпен жеке кiтап болып жарияланған.
«Құз басындағы аңшының зары» /1997/ кiтабы-заңғар жазушы Шыңғыс Айтматов пен ақиық ақын Мұхтар Шахановтың уақыт пен өмiрдiң көкейтестi мәселелерi жөнiндегi ой бөлiсу, емiн-еркiн сырласуынан туған дүние. Авторлар кiтапта туған жер құдiретi, ата-баба жолы, түркi жұртының түп тарихы, ел басқару үрдiстерi, өз өмiрлерiне шапағат сәулесiн түсiрген ұлылар, табиғат ғажабы, саддизм дертi т.б. туралы ой толғап, философиялық терең де қазақты түйiндеулер жасайды, сондай-ақ өз бастарының сүйiнiштi, кейде күйiнiштi жүрек құпиялары жайында да ыстық тебiренiстi сыр шертедi.