20 Маусым 2013, 09:32
Жалпы, әдебиетiмiзде соғыс кезiндегi қара жұмысшылар және олардың еңбегi туралы жазылған шығармалар жоқтың қасы.
Автор, мiнеки, осы шындықтың қыр-сырын ашуға ұмтылады. Бар ақиқатты алдыңа жайып салады. Сөйтiп, Ақан бейнесi арқылы қарапайым да адал еңбек адамымен, Отанын сүйген парасатты азаматпен таныссақ, Құмырай бейнесiнен қулық сауған жымысқы қуды, арамза аянкестi, қорқақ та қызғаншақ, пасықты көрер едiк.
Асылы, адамның шынайы болмысы, бет-бейнесi басына iс түскен қиын сәтте танылып, ақтарыла ашылады ғой. Бiр ауылда өскен, тiптi күнi бүгiнге дейiн көршi тұратын Ақан мен Құмырай майданға бiрге аттанды.
Елде жүргендегi екеуiнiң арасындағы ағайындық дүрдараздықты, осындай ел басына күн туған қысталаң шақта, қанша ескермеймiн дегенiмен, Құмырай iс-әрекетi Ақанды алыстата бередi. Екеуiнiң, еш ымыраға келмейтiнiн екi түрлi көзқарас, екi түрлi сананың адамдары екенiн пайымдады Ақан. Бұл түптеп келгенде жеке бастың арасындағы бақастық емес, бұл жалпы мiнездiң өзгешелiгi, рухтарының бiр қазанда қайнаса да қабыспайтын қарама-қайшылығы тудырған бiтiспес майдан сықылды едi.
Повесте бұл жағдайларды жазушы барынша шынайы, кейiпкер iс-әрекеттерi, характер қақтығыстары арқылы ашып отырады.
Осы екi бейне арқылы автор бұл өмiрде қатар өмiр сүргенмен бiр-бiрiмен ешуақытта бiтiспейтiн Жақсылық пен Жамандықтың мәңгiлiк күресiн көрсеткен деймiз.
Мінеки, “Бәрi де майдан” повесi соғыс кезiндегi тылдағы өмiр шындықтарын көрсетуiмен, кейiпкер характерiн нанымды жеткiзуiмен құнды деп бiлемiз.
О.Бөкеев творчествосы шығарма сайын күрделенiп отырады. Ол – өз заманы, өзi бiрге жүрген замандастары алдындағы қарыз-парызды терең түсiнген қаламгер. Сондықтан да жазушы өз шығармаларында әрқилы түрлiк iзденiстерге барды. Бұрынырақ жазылған “Мұзтау” повесi мен “Жасын” әңгiмесiн айтпағанда жоғарыда сөз еткен “Бәрi де майдан” повесiндегi кейiпкер характерiн ашу жолындағы пайымдаулар мен толғаныстар да осы авторлық тынымсыз iзденiстердiң нәтижесi.
О.Бөкеев өз творчествосы туралы айта отырып: “Жер бетiндегi миллиондаған адамдар қаншалықты бiр-бiрiне ұқсамайтын, әйтеуiр бiр ерекшелiгiмен дараланса, олардың мiнез-құлқы, жан-қалтарыстары да соншалықты өзгеше, ешқандай iлiм-бiлiмнiң қолынан келмейтiн жұмбақты дер едiм,”—дейдi.
Автордың осындай адам—жұмбақ, ғалам—жұмбақтың тереңiне үңiлген iзденiсiн танытатын шығармасының бiрi—“Қар қызы” повесi.
Бұл повестiң алғашқы нұсқасы 1978 жылы жарық көрген едi. Орыс тiлiне аудару барысында мұлдем қайта жазылып, соны оқиғалар мен жаңа кейiпкерлер қосылған да, айтылар ой түп қазығын тауып, авторлық концепция анықтала түстi. Жаңа нұсқада бұл шығарма бiз жоғарыда сөз еткен кейбiр повестерiнiң сыңары есебiнде екеуi “Бiздiң жақта қыс ұзақ” деген жалпы атқа ие болған. Расында “Қар қызы” повесiнде де, “Сайтан көпiр” повесiндегiдей табиғатты негiзгi фон ретiнде ала отырып, оның құпия сырларымен бiрге адам жан сырының қалтарыстарын ашуға ұмтылады.
Жалпы, мынау дүние – ғаламның, өмiр – тiршiлiктiң жанды суретi, замандастарымыздың iшкi толғаныс-тебiренiсi О.Бөкеев шығармаларының негiзгi арқауы. Асылы, жазушы көңiл-күйiнен, түйсiк-сезiм, ой-толғанысынан тамыр тартқан шығарманың психологиялық дүниеге айналары анық.
Түйiндей келгенде, өмiрден ерте кеткенiмен артына мол мұра қалдырған Оралхан Бөкеев Ұлттық көркемөнерiмiзде өзiндiк орны бар iрi суреткер. Жазушының адамның сезiмi тұңғиығына, жан дүние тереңiне, ой-арманына үңiлген шығармалары туған халқымен бiрге жасасып, оның рухани игiлiгiне қызмет ете бередi.