20 Маусым 2013, 09:31
Оралхан өзiнiң табиғат берген зерде, зейінi, сөзге, сөз өнерiне деген бейiмдiлiгi арқасында жастайынан өнерге, әдебиетке, сұлулыққа құштар болып өседi.
Мектептi бiтiрген соң, өз ауылында әуелi әр тұрлi жұмыстар, кейiнiрек тракторшы болған бозбаланы сол әдебиетке деген құштарлық 1963 жылы Қазақ мемлекеттiк университетiнiң журналистика факультетiне алып келедi. Содан берi ол өмiрден қол үзбей, сырттай оқып, ауылдағы жұмысын жалғастыра бередi.
Оралхан Бөкеев бiр сөзiнде “менi әдебиетке әкелген журналистика” дейдi. Өте орынды айтылған. Себебi, университеттiң екiншi курсынан бастап аудандық газетке ауысып, әуелi корректор, сосын тiлшi, кейiннен редактордың орынбасары болған. Ол қиын да қызықты журналистика өнерiнiң қыр-сырына қаныға бастайды. Ол тек аудандық газетпен ғана шектелмей, облыстық, республикалық газеттерге де (“Лениншiл жас”, қазiргi “Жас алаш”) суреттеме-очерктер жазып, өзiн таныта бiлдi.
Жазушының творчестволық толысқанын, өскенiн, нағыз реалистiк, психологиялық прозаға тән арнаға түскенiн айқындайтын дүниелерi—1984 жылы жарық көрген “Бiздiң жақта қыс ұзақ” атты кiтабына енген шығармалары деп бiлемiз. Бұл шығармаларда да жазушы өз заманы, замандастары туралы терең толғаныстарға барып, олардың жан-дүниесiне үңiлiп, адам—жұмбақтың iшкi әлемiндегi қыртыстарын ашуға ұмтылады. Осы кiтабы үшiн автордың Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк сыйлығына ие болуы да тегiн болмаса керек.
О.Бөкеев Ұлы Отан соғысы жылдары дүниеге келген ұрпақтың өкiлi. Сол бiр алапат-сойқанды көзiмен көрмесе де анасының құрсағында жатып, жылдағы ауыр еңбектен қабырғасы қайысып, күрсiне-күңiрене жүрiп күн кешкен қамкөңiл жандармен бiрге тыныстап, бiрге қиналып дүниеге келген бұл ұрпақтың да жанына соғыс салған жара аз болмаса керек.
Сонымен бiрге жазушының “Бәрi де майдан” повесi бiздi осындай ойға жетелейдi. Шығарманың негiзгi қаһарманының бiрi – Ақан. Қолына мылтық алып, қан майданға қатыспаса да, еңбек армиясының ауыр жұмысынан бүкiл iш құрылысынан айрылып, отыз жыл бойы азап шегiп жүрген, оның сырты бүтiн болғанымен iшi түтiн. Екi аяқ, екi қол сау демесең, ол да мүгедек. Шындап келгенде, соғысқа қатысқандардан аз азап шеккен жоқ қой. Қан төгiспен келген ұлы жеңiстен өзiн тысқарымын деп ешуақытта есептеген емес.
Иә, сол бiр ел басына күн туған қиын кезеңде Отанды қорғауға әркiм өз әлiнше үлес қосты. Соғыс елге қиындық, қайғы-қасiрет әкелумен бiрге сол елдiң елдiгiне, Отанға деген адалдыққа, азаматтық, адамгершiлiкке де үлкен сын болды. Ақан соғысқа қатыспайын деген жоқ. Қара жұмыста жүрiп, майданға қанша сұранса да жiбермедi, ретi келмедi.