ХСІІІ бөлім

20 Маусым 2013, 09:31

Қаламгердiң «Мұхтар жолы» /1988/ туындысы парасат биiгiмен дара құбылысқа айналған адам-Мұхтар Әуезовтiң  мағыналы әрi бай өмiрiнiң соңғы кезеңiн қамтыған, сол арқылы суреткердiң адамшылық-жазушылық мұратын, рухани сiлкiнiстерiн, жазушылық машықтың қыры мен сырын көркем кестелеген роман-толғау. Жазушылығы әр қилы бағаланатын Дүкенбай Досжанов “Мұхтар асуы” повесiнде Мұхтар Әуезов табиғатына ене алған. Әсiресе бала Мұхтар мен ата Мұхтар, Ахмед Ясауи мен М.Әуезов “сырласуы” ой жарыстырып үнсiз тiлдесуi аңыз оқиға, миф, елес сарынына ден қойып жүрген жазушының табысы, повестегi сәттi жетiстiк деп бiлемiз. Сөйте тұра, өзi жақсы бiлетiн оңтүстiк өңiрi әлеуметтiк-экономикалық жай-жағдайын материал ретiнде iрiкпей еркiн, iрiктемей сапырылыстырып повестке талғаусыз енгiзгендiктен көздеген межеден кем соғатын тұстар бар. Ұлы жазушы үнемi өзiнiң өткен өмiрiн ойға алумен жүредi. Бейнебiр Мұқаң оңтүстiк өңiрiне “Өскен өркен” романын жазу үшiн емес, өткен күндерiн ой сарабына салып, тiршiлiкпен қоштасу үшiн келгендей әсер етедi. Шығармада творчестволық мақсаттағы жазушының өмiрлiк материал екшеуi, шымырқанған шабытты күй кешуi жоқ. Халықпен кездесуге де зауқы соқпайтын, өз ойын сауып өзiмен-өзi болып жүрген бiреу. Әсiресе, Әуезов секiлдi кемел жазушы жұртпен жадырап әңгiмелеспес пе, өмiр, тiршiлiк жайлы кенересiнен асып-төгiлiп жатқан ойын бөлмес пе? Түркiстаннан Құнанбай тiлегiмен көшкен арғы аталарын еске алмас па? Көшпелi тiршiлiктен өндiрiс иесiне айналған ел-жұрты, олардың келешегi жөнiнде терең-терең ой айтылмас па? Сонда Ұлы жазушы интеллектуальдық деңгейi өсiп дана кейiпкер дәрежесiне көтерiлмес пе? Қазiргi қалпында Мұқаң бiр бөлек те, халық бiр бөлек[1]. “Мұхтар асуы” повесi тiлi ең құнарлы, бай тiл деуге келедi. Көп жағдайда автор кейiпкерiн сөйлеткенде жазушы Әуезов мәнерiне жақындатуы жарасымды. “Әу баста түстiк елiне келгенде жазушы иретiлген Арыс өзенiнiң бас сағасына түстене қонып, малшы қауымның аужайын бiлiп, көргенiн көңiлге түйiп едi, ендi мiне, сол өзеннiң Сырдарияға құяр құйымшағында кiлдiреген суына ауыз шайып, қол жуып кеңес құрып отыр” (301-бет) деген бiр сөйлемге автор түстiк халқы үшiн үлкен проблемаға айналып отырған су тапшылығын сыйғызып суреттеген жоқ па?! Сана ағымы мәнерiмен баяндалатын шығармада кейiпкер ойы – кейiпкер тiлiне жүредi. Автор куәлiгiне қарағанда көпшiлiктiң қабындауын жақтырмай тұнжыр тұрған Мұхтар Әуезов: олардың арасында “Домбырасын тыңқылдатқан, қобызын қиқылдатқан жыршы, қобызшы бар ма деп қалды” (226-бет) деп суреттейдi. Кейiпкердiң осы сөзiнде (ойында) Әуезов табиғатына жараспайтын, кейiпкер парасатына нұқсан келетiн кiлтипан бар. Кейiпкер халық өнерiн сүймейтiн жан кейпiнде көрiнiп қалып тұр. Шындығында Мұқаң сол сапарынан қызыға табысып, қуана тыңдап, жоғын тапқандай шаттанып қайтатын жай—оңтүстiк өңiрiнiң қайталанбас ән-күйi емес пе едi?[2]             «Абақты» /1992/ кiтабында  халқымыздың аяулы ұлдары Мұхтар Әуезов, Жүсiпбек Аймауытов, Мiржақып Дулатов, Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаевтардың сталиндiк зұлматқа ұшырауы, iстi болу тарихы баяндалады. Жазушы 60 жыл бойы  құпия сақталып келген құжаттарға жол тауып, шындық пердесiн ашуға қыруар еңбек сiңiрген.             Д. Досжановтың «Алаң» романы /1993/-1986 жылғы желтоқсан ереуiлiнде  қанжоса болып, бүгiнде еңсесiн тiктей бастаған ұлтымыздың рухани сiлкiнiсi туралы шығарма. Шығарма түптұлғаға, авторлық толғанысқа, пәлсапалық ой-ағымына  құрылған көркем туынды. Кiтаптағы Қайран, Абылайхан, Жандар от болып жанған жастардың, Оразкүл жiгерлi қыздардың, Рым партия тоқпағыныың астында  тiстенумен күнi өткен ағалардың, Драбарник  ешкiмге жаны ашымайтын немқұрайды, жүрегi суық соттың жиынтық бейнесi. Он бiр тарау-он бiр мiнездiң айнасы, әр қиырдан басталған бұлақтай тұс-тұстан арна-алаңға құйып тоғысып жатады.  Шығарма жазушы iзденiсiнiң соны бетбұрысын танытады.   Дүкенбай Досжанов шығармашылығы туралы еңбектер:   1.      Бердiбаев Р. Қазақ тарихи романы. Ғылым. Алматы, 1979. 2.      Бердiбаев Р. Замана сазы: Зерттеу.-Алматы: Жазушы, 1985. 3.      Бердiбаев Р. Тарихи роман. Алматы: 1997. 4.      Сөзстан. Жас қаламгерлер кiтапханасы. Алматы, Жалын, 1985. 5.      Тоқбергенов Т. Қос қағыс. Алматы, Жазушы, 1981. 6.      Тоқбергенов Т. Тоғыз тарау. Алматы, Жазушы, 1974. 7.      Әшiмбаев С: Ақиқатқа iңкәрлiк. Әдебиет пен өнер жайлы толғау. Алматы, Ана тiлi, 1997. 8.      Ыбырайымов Б. Көркемдiк көкжиегi. Әдеби сын. Алматы, Жазушы, 1981.   [1] Қ.Ергөбеков. Баянғұмыр.—Алматы Жазушы, 1991.—22-23 беттер. [2] І.Ергөбеков. Баянғұмыр.—Алматы Жазушы, 1991.—26-бет.  

Қаламгердiң «Мұхтар жолы» /1988/ туындысы парасат биiгiмен дара құбылысқа айналған адам-Мұхтар Әуезовтiң  мағыналы әрi бай өмiрiнiң соңғы кезеңiн қамтыған, сол арқылы суреткердiң адамшылық-жазушылық мұратын, рухани сiлкiнiстерiн, жазушылық машықтың қыры мен сырын көркем кестелеген роман-толғау.

Жазушылығы әр қилы бағаланатын Дүкенбай Досжанов “Мұхтар асуы” повесiнде Мұхтар Әуезов табиғатына ене алған. Әсiресе бала Мұхтар мен ата Мұхтар, Ахмед Ясауи мен М.Әуезов “сырласуы” ой жарыстырып үнсiз тiлдесуi аңыз оқиға, миф, елес сарынына ден қойып жүрген жазушының табысы, повестегi сәттi жетiстiк деп бiлемiз. Сөйте тұра, өзi жақсы бiлетiн оңтүстiк өңiрi әлеуметтiк-экономикалық жай-жағдайын материал ретiнде iрiкпей еркiн, iрiктемей сапырылыстырып повестке талғаусыз енгiзгендiктен көздеген межеден кем соғатын тұстар бар. Ұлы жазушы үнемi өзiнiң өткен өмiрiн ойға алумен жүредi. Бейнебiр Мұқаң оңтүстiк өңiрiне “Өскен өркен” романын жазу үшiн емес, өткен күндерiн ой сарабына салып, тiршiлiкпен қоштасу үшiн келгендей әсер етедi. Шығармада творчестволық мақсаттағы жазушының өмiрлiк материал екшеуi, шымырқанған шабытты күй кешуi жоқ. Халықпен кездесуге де зауқы соқпайтын, өз ойын сауып өзiмен-өзi болып жүрген бiреу. Әсiресе, Әуезов секiлдi кемел жазушы жұртпен жадырап әңгiмелеспес пе, өмiр, тiршiлiк жайлы кенересiнен асып-төгiлiп жатқан ойын бөлмес пе? Түркiстаннан Құнанбай тiлегiмен көшкен арғы аталарын еске алмас па? Көшпелi тiршiлiктен өндiрiс иесiне айналған ел-жұрты, олардың келешегi жөнiнде терең-терең ой айтылмас па? Сонда Ұлы жазушы интеллектуальдық деңгейi өсiп дана кейiпкер дәрежесiне көтерiлмес пе? Қазiргi қалпында Мұқаң бiр бөлек те, халық бiр бөлек[1].

“Мұхтар асуы” повесi тiлi ең құнарлы, бай тiл деуге келедi. Көп жағдайда автор кейiпкерiн сөйлеткенде жазушы Әуезов мәнерiне жақындатуы жарасымды. “Әу баста түстiк елiне келгенде жазушы иретiлген Арыс өзенiнiң бас сағасына түстене қонып, малшы қауымның аужайын бiлiп, көргенiн көңiлге түйiп едi, ендi мiне, сол өзеннiң Сырдарияға құяр құйымшағында кiлдiреген суына ауыз шайып, қол жуып кеңес құрып отыр” (301-бет) деген бiр сөйлемге автор түстiк халқы үшiн үлкен проблемаға айналып отырған су тапшылығын сыйғызып суреттеген жоқ па?! Сана ағымы мәнерiмен баяндалатын шығармада кейiпкер ойы – кейiпкер тiлiне жүредi. Автор куәлiгiне қарағанда көпшiлiктiң қабындауын жақтырмай тұнжыр тұрған Мұхтар Әуезов: олардың арасында “Домбырасын тыңқылдатқан, қобызын қиқылдатқан жыршы, қобызшы бар ма деп қалды” (226-бет) деп суреттейдi. Кейiпкердiң осы сөзiнде (ойында) Әуезов табиғатына жараспайтын, кейiпкер парасатына нұқсан келетiн кiлтипан бар. Кейiпкер халық өнерiн сүймейтiн жан кейпiнде көрiнiп қалып тұр. Шындығында Мұқаң сол сапарынан қызыға табысып, қуана тыңдап, жоғын тапқандай шаттанып қайтатын жай—оңтүстiк өңiрiнiң қайталанбас ән-күйi емес пе едi?[2]

            «Абақты» /1992/ кiтабында  халқымыздың аяулы ұлдары Мұхтар Әуезов, Жүсiпбек Аймауытов, Мiржақып Дулатов, Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаевтардың сталиндiк зұлматқа ұшырауы, iстi болу тарихы баяндалады. Жазушы 60 жыл бойы  құпия сақталып келген құжаттарға жол тауып, шындық пердесiн ашуға қыруар еңбек сiңiрген.

            Д. Досжановтың «Алаң» романы /1993/-1986 жылғы желтоқсан ереуiлiнде  қанжоса болып, бүгiнде еңсесiн тiктей бастаған ұлтымыздың рухани сiлкiнiсi туралы шығарма. Шығарма түптұлғаға, авторлық толғанысқа, пәлсапалық ой-ағымына  құрылған көркем туынды. Кiтаптағы Қайран, Абылайхан, Жандар от болып жанған жастардың, Оразкүл жiгерлi қыздардың, Рым партия тоқпағыныың астында  тiстенумен күнi өткен ағалардың, Драбарник  ешкiмге жаны ашымайтын немқұрайды, жүрегi суық соттың жиынтық бейнесi. Он бiр тарау-он бiр мiнездiң айнасы, әр қиырдан басталған бұлақтай тұс-тұстан арна-алаңға құйып тоғысып жатады.  Шығарма жазушы iзденiсiнiң соны бетбұрысын танытады.

 

Дүкенбай Досжанов шығармашылығы туралы еңбектер:

 

1.      Бердiбаев Р. Қазақ тарихи романы. Ғылым. Алматы, 1979.

2.      Бердiбаев Р. Замана сазы: Зерттеу.-Алматы: Жазушы, 1985.

3.      Бердiбаев Р. Тарихи роман. Алматы: 1997.

4.      Сөзстан. Жас қаламгерлер кiтапханасы. Алматы, Жалын, 1985.

5.      Тоқбергенов Т. Қос қағыс. Алматы, Жазушы, 1981.

6.      Тоқбергенов Т. Тоғыз тарау. Алматы, Жазушы, 1974.

7.      Әшiмбаев С: Ақиқатқа iңкәрлiк. Әдебиет пен өнер жайлы толғау. Алматы, Ана тiлi, 1997.

8.      Ыбырайымов Б. Көркемдiк көкжиегi. Әдеби сын. Алматы, Жазушы, 1981.

 



[1] Қ.Ергөбеков. Баянғұмыр.—Алматы Жазушы, 1991.—22-23 беттер.

[2] І.Ергөбеков. Баянғұмыр.—Алматы Жазушы, 1991.—26-бет.

 

Бөлісу: