20 Маусым 2013, 06:11
Д.Исабековтiң тынысты шығармасының бiрi – “Сүйекшi”. Осы повестегi философиялық ой салмағы жазушының белеңдi бiр сәтi. Қазақ прозасында көп тақырып жазылған, шиырланған. Ал көр қазушы, диуана тағдыры бұрын жазыла қоймаған. “Сүйекшi” осындай тақырыбымен де тосын шығарма. Осындағы Тұңғыш кiм? Тұңғыш – қазақша айтқанда тiрi әруақ. Автор нысанасы – адамның жүрек қазынасының тоналуын, адамның тiрi әруаққа айналуын көрсету.
“Өмiрге iңгәләй келген Тұңғыш ата-ана мейiрiмiнен гөрi жұрттың көз түрткi, тепкiсiн көп көрдi. Өмiрде жолы болмады. Бара-бара жұмыс басты пендеге тән сезiмдерден жұрдай болып тонала бердi. Бұл – адам жанының тоналуы, рухани мешеуленуi едi. Ақыры тiршiлiк үшiн жасалар саналы әрекеттен айырылып, жел қуған қаңбақтай хал кешедi”[1].
“Жұлдыз” журналының биылғы ұшiншi санында жас жазушы Д.Исабековтiң “Үндемес” деген жаңа повесi жарияланды,”[2]—деп жазады Т.Тоқбергенов.
Бұған қарап “Сүйекшi” повесiнiң алғашқыда “Үндемес” деген атпен жарық көргенiн бiлемiз. Кейбiр зерттеушiлер “Сүйекшi” повесiне қарағанда “Үндемес” әлдеқайда сәттi шыққан шығарма едi дейдi.
“Үндемес” – бiр адамның тағдыры. Қысқа өмiрдiң қызығын емес, қырсығын ғана көрген шарасыз бiр жан iңгәлап дүниеге келгенде Тұңғыш, сосын Аманат, одан соң Кеңкелес, Үндемес атаныпты. “Ол ештеңеге қызықпайды, ештеңеге жан таласып ұмтылмайды, еш уақыт опынбайды. Ертемен тұрып қолына кетпенi мен күрегiн, сүйменiн алып, қала сыртындағы молаға барады да, ымырт үйiрiлгенше көр қазумен болады”[3]. Көр қазғанға дейiн де ол тағдырдың талай тақсiретiн тартқан.
“Сүйекшiде” тiршiлiктiң бүкiл тауқыметiн тартып-тартып, ендi-ендi ғана соның қызығын көрем-ау дейтiн дәрежеге жеткен кезде бұ тiршiлiктi тастап, о дүниеге аттанатын Тұңғыш пен Ә.Кекiлбаевтың “Шыңырауындағы” Еңсептiң тағдыры ұқсас. Ол замандағы секiлдi адамдардың еңбегi көбiне еш болатын, ақыры ол да өз өмiрiнiң iшiндегi ең терең шыңырауды қазып жүрiп қазаға ұшырайды.
“Сүйекшi” мен “Тiршiлiк” повестерiнде жазушы өткен күндер зардабынан зар шеккен мұңлы жандар жайын алдымызға жайып салады. Және тарихи тақырыпқа жазылып жүрген өзге шығармаларда айтылған жайттарды қайталамай, өзiнше өрнек тауып, психологиялық талдауға жүгiнуi құптарлық.
[1] Ергөбеков І. Баянғұмыр. Алматы: Жазушы, 1991. 210-б.
[2] Тоқбергенов Т. Iшкi иiрiмдер // Қазақ әдебиетi, 1973. 4 мамыр, 3-б.
[3] Исабеков Д. Таңдамалы. 1-том. Алматы: Жазушы, 1993, 227-б.