20 Маусым 2013, 06:10
“Гауһар тас” – Д.Исабековтiң алғашқы кезеңде жазған шығармасы. Аталған шығармада автордың әуелгi кезеңдiк iзденiсi, философиялық түйiнi бар. Ол – тағдыр қатал, адам өмiрге бiр-ақ рет келедi, адам бойындағы iзгiлiк iзсiз кетпейдi, адамға ықпал етуге болады т.б. ойлар.
Салтанаттың: “Әйтсе де мен ендi басқа жақтан бақыт iздемеймiн. Iздеп барып дәл үстiнен түскен бақыттың маған керегi де жоқ. Мен ол бақытты қиын жерден iздеймiн. Жоқ жерден iздеймiн. Өмiр сонысымен қызық, сонысымен мағыналы,”[1] – дейтiн ойы бар. Ол тоңмойын Ыбыштың жанына iзгiлiк егуге болады деп бiледi. Сол жолда күреседi. Шығарма финалында Ыбыш санасына сәуле жүгiргенiне куә боламыз.
Д.Исабековтiң “Гауһар тас” повесi бiрiншi жақтан баяндалады.
Жанрлық табиғатына лирикалық, психологиялық, философиялық шығармалар деп қарауға болатын Д.Исабеков повестерiн жазушы мәнерiне, стильдiк iзденiстерiне ойыса барласақ, “Гауһар тас” повесiнде эллегиялық сарын басым екенi аңғаралады. Ол алған тақырыбына орай стильдiк мәнер алмастырып отырады. Алғашқы сәттi шығармасының бiрi “Гауһар тас” повесi бiр жанұяның трагедиясын баяндайды.
“Гауһар тас” повесiнде Д.Исабеков оқиға шытырманынан гөрi жан дүниенiң шытырманын алға шығарады және адам жанының арпалысын әрбiр нүкте, үтiрiне дейiн дәл басып жазады.
Өмiр құбылыстары – сырларын, адамдардың өзара қарым-қатынастарының өзектi мән-мағынасын, қам-қарекетiн суреттеуде Д.Исабековтiң жазу мәнерi ерекше. Д.Исабеков қарапайым құбылыстардан, елеусiз әрекеттерден үлкен жинақтаулар жасауға үйiр.
“Тiршiлiк”, “Сүйекшi” повестерiнде автордың суреткер ретiнде толыса үн, көлденең екiншi бiр кiсiнiң тағдырына тiкелей авторлық талдау арқылы айтылатын ол ойлар – аумалы-төкпелi дүние, өмiр мен өлiм арақатынасы, тiршiлiк сыры, жеке адам және тағдыр салмағы ұрпақ жалғастығы жайлы.
Жазушы-сыншы Б.Нұржекеұлы өз замандасының шығармашылығы жайында: “Д.Исабеков адамдар арасындағы психологиялық тартыстар мен мiнез-құлық ерекшелiктерiн, мәдени және бiлiми деңгейлерiн сұрыптап, даралап көрсететiн, әркiм-әркiмдi оқыған бетте-ақ тани кететiн, не орынсыз оқиға қуып кетпейтiн, не нанымсыз бiрде-бiр сөз айтылмайтын, әрi шымыр, әрi жан дұниеңдi от пен суға кезек-кезек салатын, шын мәнiнде сүйсiнтер шығармалар жазған,”[2]—дейдi.
Повестерiнде Д.Исабеков оқиға шытырманынан гөрi жан дүниенiң шытырманын алға шығарады. Және адам жанының арпалысын әрбiр нүкте, үтiрiне дейiн дәл басып жазады. Қазақ қазаққа Д.Исабековтi талантты, өзгеше жазушы ретiнде танытқан негiзiнен повестерi.
Жанрлық табиғатына орай философиялық шығармалар деп қарауға болатын Д.Исабековтiң “Тiршiлiк”, “Сүйекшi” повестерiн жазушы мәнерiне, стильдiк iзденiстерiне ойыса барласаң трагедиялық мотив басым. Жоғарыда айтып өткенiмiздей оның шығармалары iштi келедi. “Тiршiлiк”—кемпiр мен шал, “Сүйекшiде”—адамнан әруаққа айналған жанның iшкi әлемi, психологиялық өзгеру күйлерiн талдау. Осы шығармада өткен ғасыр оқиғасы да, бүгiнгi күн оқиғасы да бар. Онда бай әулетiнің екi-үш ата тарихы, Тұңғышпен тәмәмдалғалы тұрған кедей әулеттiң тарихы да қамтылған.
[1] Исабеков Д. Таңдамалы. 1-том. Алматы: Жазушы, 1993, 208-б.
[2] Нұржекеұлы Б. Дулаттың ой азабы // Жас алаш, N125, 19 қазан, 2002 ж. 7-б.