18 Маусым 2013, 11:23
“…Асылы, адам көңiлi өмiрдiң көп өткiншiсi шұбырып жататын айдау қара жолының үстiндегi қайыршының кетiк тостағаны сияқты; өткiншiлердiң бiреуi у тамызады, бiреуi бал тамызады, өңшең у болса, әлдеқашан жер қабар едiң, аз болса да, анда-санда бiр тамса да, жер үстi тiршiлiктiң тәттiлiгiн сездiрiп, таңдайыңды татытып кететiн балы бар ғой тағы да…”
Жазушыны адам жанының бiлгiлi, үлкен психолог деуге болады. Ол қарапайым детальдан, өмiрдiң өзiнен философиялық түйiн жасауға шебер.
“Адам алдана бiлмесе, кеп-келте ғұмырында басынан кешiретiн сан-сапат тауқымет пен азапқа бiр күн де төзе алмас едi. Көңiлдiң қорғанышы алданыш. Адам армандаймын деп жүрiп алданумен болады, алданып жүрiп-ақ талайды бiтiредi…”
Еңсептiң сол алданышы ризығын табар кәсiпке айналады. Бүткiл аймақ елi Еңсептi қадiрлеп, оның өнерiн құрмет тұтады. Өлке шонжарлары құдық қазуға тек оны шақырады. Ендiгi жерде Еңсеп кiмнiң құдығын қазуды өзi бiледi, өзi шешедi. Қазған еңбегiне қояр ақысы аздары Еңсептiң үйiнiң маңына да жолай алмайды. Еңсеп—шебер. Шебер болғанда аймақта соңынан жан iлесе алмайтын бiрiншi шебер, бiрiншi құдықшы. Алайда, дүние-кезек дегендей, Еңсеп жер ортасы жасқа келiп, қуаты қайта бастаған шақта Хорезмнен Қалпақ деген көшiп келiп, ел арасына соның аты жайыла бастайды. Еңсептiң үйiнiң маңына жолай алмайтындар соны жағалайды. Аруағы асып, бай-шонжарларың да оның өнерiн марапаттай бастайды. Иен далада меңiреу күй кешкен Еңсеп қарымта қайтармақ болады. Сөйтiп, Маңқыстау түбегiндегi ең терең құдықты өзi қазбақшы болады. Алғашында ата кәсiбiне ризық табудың көзi деп қараған Еңсептiң бойында бертiн келе екiншi кұш, екiншi Еңсеп пайда болады. Екiншi Еңсеп адамдарға жақсылық әкелер қарапайым да сұлу өнерiнен атақ, даңқ iздей бастайды. Еңсептiң қателесуiнiң өзi осы—өнерге жат даңқ iздеген үннiң оянуы. Сол үн Еңсепке Хорезмнен көшiп келген Қалпақты бақас қылады,түбектегi ең терең құдықты қаздыруға үгiттейдi, көндiредi. Шынайы өнердiң түзу де қасиеттi жолынан тайдырып, даңққұмарлық, атаққұмарлық аулына бастайды. Ендiгi жерде Еңсептiң алдында бiр мақсат—түбектегi ең терең құдықты қазу. Сөйтiп, Қалпақтан мерейiн асыру, жер қылу, табалау. Ендiгi жерде қызлкөз Еңсеп дым көрмейдi; өзiнiң iшкi әзәзiлiнiң сыбырына ерiп, жер қойнауына енiп барады, тереңдей кеулей енiп барады. Ақ жолдан, қасиеттi жолдан ауып, Ажал құшағына енiп барады…
“Не де болса, ол бұкiл үстiрттiң үстiндегi ең терең, ең мол шыңырау боп атағы жайылды. Бiрақ “Еңсеп қазған” емес, “Еңсеп өлген” атанып кеттi”.
Пенденiң iшiне түскен қызғаныш деген, бақталастық деген әзәзiлдiң араны ақыры өзiн жұтып тынды.