18 Маусым 2013, 11:21
“Күй” хикаятында жазушының кредосын-нысанасын айқын танытар мынадай жолдар бар: “Адамшылықтың басы—аяушылық. Аяушылық жоқ жерде адамшылық та жоқ. Өзiң бөтен елге жасанып барсаң, жараланып қайтқаныңа ызаланба! Ол үшiн көктегi құдайды да, жердегi жауыңды да қарғама, өзiңдi өзiң қарға!.. Айуан екенiң бар, өзгеден адамшылық кұтпе!”
Кейiпкерiне осынау ауыр сөз айтқызған жазушы оқырман алдында өзiнiң өмiрлiк нысанасын ашып салған секiлдi. Ол нысана – ханнан да, қолбасыдан да, батырдан да, қарадан да адамшылық мұратын iздеу.
Қазақ, орыс, шет ел сыншылары тарапынан талай жылы сөз естiген “Күй” повесiнiң мазмұны мен идеялық пафосы, мiне, осындай.
Жазушы көтерiп отырған адамгершiлiк мәселелер ұлттық тар шеңберде қалмай, жалпы адам нәсiлiне ортақ мұраттармен үндесiп жататынын сыншылар ескертедi. Мысалы, Л.Теракопян былай деп жазады: “Өткен өмiрдiң көне беттерiн аша отырып, тарихи шындықтан ауытқымаса да, Әбiш Кекiлбаевтың бұл повесi бұгiнгi күннiң көкейтестi мәселелерiне жауап бередi. Бұл шығарма адам бойындағы творчестволық бастау көзiн, өзiнше ойлау хұқын әспеттейдi”. ГДР-дiң “Фольк унд вельт” баспасында екi рет қайта басылған кеңес жазушыларының таңдаулы повестерi туралы жазған мақаласында белгiлi немiс сыншысы Гельберт Кремпиен де осы жайларға назар аударады: “Адайлар мен түрiкмендер арасында жүздеген жылдарға созылған алауыздықтан хабардар ететiн осы оқиғалар көшпендi халықтарда бұрын тарих болмады деген қауесеттi жоққа шығарады, мұндай қауесет бұрын қазақтарға да таңылып келген едi…
Сонымен қатар, Орта Азия даласында өткен кiшi-гiрiм қақтығысты суреттеу арқылы да үлкен қоғамдық мәнi бар гуманистiк хикая жасауға болатынын дәлелдейдi. Қазақ жазушысы ертедегi ұлттық тарихқа үңiлсе де, бүгiнгi заманда мысалы, Африка халықтары үшiн айрықша мәнi бар өте көкейтестi жайларды қозғайды”.
Кекiлбаев тарихи дүниелерiнiң тақырыбы – ел тағдыры, оның iшiнде сол қат-қабат тағдырды жекелеген ер-азаматтардың басындағы оқиға арқылы өрбiте отырып, халық жүрген көштi кең тыныспен көзге елестету болмақшы. Халықтың жүздеген жылдар iшiнде не қилы тауқыметтi өткерсе де өзiне тән дәстүрiн, ойлау, өмiр сүру салтын жойып алмай, қайта керiсiнше құлпырта түсiп, ғасырмен қосыла жасасқан мықтылығын, сенiмiн, төзiмiн, ерлiгiн, рухының берiктiгiн тебiрене жазады. Кекiлбаев өз кейiпкерiн тарих белесiндегi бiр мезеттегi оқиғаға араластыра отырып тұтас бiр дәуiрдiң философиясын, ойын, мүддесiн арқалатуға күш салады.