18 Маусым 2013, 04:56
Қазақ әдебиетiндегi тарихи-ғұмырнамалық шығармалардың бiрi – дарынды жазушы Сәкен Жүнiсовтiң “Ақан серi” (1971) атты романы. С.Жүнiсов есiмi оқырман жұртшылыққа бiрнеше прозалық жинағы, “Жапандағы жалғыз үй” романы, тартымды драмалық шығармасы арқылы таныс. Бұл аталған туындылар қазақ әдебиетiне қаламы жүйрiк, шығармашылық қабiлетi айқын жазушының келгенiн әйгiлеген болатын. Әсiресе “Жапандағы жалғыз үй” романы, “Аманай мен Заманай” повесi автордың ғана емес, бүкiл қазақ әдебиетiнiң елеулi, мәндi шығармаларының бiрi ретiнде қабылданған.
“Ажар мен ажал” т.б. пьесалары оның әдебиеттiң ең қиын саласы саналатын – драматургияда да жақсы мүмкiндiгiн байқатқан едi. С.Жүнiсов өз күшiн тарихи роман жанрында да таразыға салып, талап қылғанын көремiз.
“Ақан серi” романына тоқталудан бұрын осы тақырып төңiрегiнде ертелi-кеш жазылған шығармалар жайында да аз-кем кiдiргенiмiз жөн. Қазақтың классикалық ән өнерiнiң асқар таудай биiк тұлғаларының бiрi, әрi керемет ғазалдар жазған шайыр Ақан серi Қорамсаұлының өмiрi мен өнер жолы талай суреткердi қызықтырып келген. Отызыншы жылдарда iрi ақын Қлияс Жансүгiров Ақан өмiрiнiң аса бiр маңызды тұсынан “Құлагер” дастанын жазды. Онда Құлагердей дүлдүлдiң дүлей қастандық құрбаны болғаны, Ақан жанының жараланып, қасiрет шегуi үлкен көркемдiк күшпен бейнеленген. “Құлагер” өзiнiң идеялық-көркемдiк қуаты жағынан осы күнге дейiн бiрегей бiтiмдi дастандардың бiрi. Осы дастан оқиғалары негiзiнде “Құлагер” фильмi түсiрiлгенiнен де жұртшылық хабардар. Ақан серi өмiрiнiң тағы бiр кезеңiн әйгiлi драматургiмiз Ғабит Мүсiрепов “Ақын трагедиясы” пьесасында бейнеленгенi белгiлi. “Құлагер” дастаны секiлдi бұл пьеса да қазақ драматургиясының қымбат мүлкiнiң бiрiне айналып отыр. Аталған тақырыпта күш сынап, қарымын байқап көрген өзге де қаламгерлердi бiлемiз. Солардың iшiнен төрт құбыласы тең дерлiк шығарма Тәкен Әлiмқұловтың “Көк қаршыға” әңгiмесi. Бұл айтылғандардан Ақан серi өмiрi мен өнегесi бiрталай сөз зергерiн өзiне ынтық етiп, шабытқа бөлегенi көрiнедi. Ақан серiнiң ақындық ерекшелiгi мен қазақ поэзиясына қосқан үлесi Әбдiлда Тәжiбаевтың зерттеу еңбегiнде әдiл бағасын алған. Тамылжыған әсем әндерi қазақ елiнiң бүкiл атырабына әйгiлi, талай жанға сұлулық, пәктiк, iңкәрлiк сабағын дарытқан Ақан есiмi тарихымыздағы ең нұрлы, қымбатты есiмдердiң бiрiне айналған.