18 Маусым 2013, 04:52
Қ.Есенберлиннқң “Ғашықтар” романы – ар, адамгершiлiк, өнер, сұлулық, сезiм, махаббат жайлы шығарма. Осынша тақырып бiр романды тарсынбай, қомсынбай сыйып тұр. Және олар шығарма өзегiне жарыса, жымдаса өрiлiп, өзгеше бiр әсем өрнек тапқан. Сонымен бiрге бұл шырайлы шығармада кеңдiк, кең тыныстылық, тереңдiк, тiптi керек десеңiз, биiктiк бар.
Роман оқиғасы алпысыншы жылдары Мыстауда өтедi. Бас кейiпкерлерi мүсiншi Жантас, оның көркемөнер техникумын тамамдаған қарындасы Базаргүл, “Сән атальесiнде киiмнiң жаңа үлгiлерiн киiп, жұртқа көрсетушi боп iстейтiн” Ұлбосын, ассистент Әбiлқас, профессор Шерубай. Жазушы бұл шығармасы арқылы бiздiң ұлттық прозамызда бұрын-соңды бейнеленбеген, немесе бiр мезетке ғана көрiнiп, көздеп ғайып болған мамандықтың адамдарын сахнаға шығарып отыр. Және бiр қуаныштысы, соған орай жазушы сол адамдардың өмiрi мен тұрмысын, сирек мамандықтардың сан сырын, алуан қырын, жан дүниесiнiң иiрiмдерiн жетiк бiледi екен. Бұл жерде шығармадан айқын аңғарылған автор эрудициясын да ол тартар жүктi бiраз жеңiлдеткенiн атап айту керек.
“Сiздер он тоғызыншы ғасырдың аяқ шенiнде өмiр сүрген француз мүсiншiсi Огюст Роденнiң Эрмитаждағы “Мәңгi көктем” деген сүйiсiп тұрған қыз бен жiгiттiң мәрмәрдан жасалған мүсiнiн көрген боларсыздар. Онда шебер қыз бен жiгiттiң iшкi сезiмiн, жүрек толқынының әр құбылысын тасқа тiл бiткiзгендей қандай нәзiк бере алған. Сүйiсiп тұрған екi жастың денелерi сондай жеңiл, жұмсақ, тас емес, нағыз тiрi жандардың тұлғасындай боп көрiнедi, егер қолыңды тигiзiп көрмесең, ауа мен сәуледен iстелген бе дер едiң! Не болмаса, айбарлы бiрiншi Петрге өлмес ескерткiш етiп “Мыс салт аттыны” қалдырған Фальконенiң “Қыс” деген мүсiнiн көрiңiздершi. Қыс түнiне әйел бейнесi арқылы аллегориялық теңеу берiп, адамның қыс деген түсiнiгiнде ғажайып бiр сұлу сезiм тудырмай ма!
Осының бәрiн паш еткен тас мүсiн – тас бейне! Сол тас бейненi тiрi жандай сөйлетiп тұрған адам! Дарын!”
“Ұлбосынның тағдыры жанымды жегiдей жеп маза бермедi. Оны аяп бiр күйiндiм, бiр ызыландым. Қолымнан бұдан басқа не келер? Жоқ, келетiнi көп. Егер дарыным жетсе мен оны мәңгi өлмес ете аламын. Менiң қолымда еш дәрiгердiң қолына түспейтiн қуат бар. Дәрiгер оның жанын ғана сақтайды. Ал мен бүкiл адам баласына, болашақ ұрпаққа оның есiмiн, бейнесiн, жүрек күйiнiшiн, қуанышын сақтай аламын. Бұл оның маған деген махаббатының, Шерубайдан көрген зәбiрiнiң төлеуi болмай ма?”
Мiне романнан алынған осы үзiк үзiндiлерден жазушының жаңалық табу жолындағы iзденiстерiн анықтайтын, оның өнерге деген талғамы мен талабына айғақ болатын ойлы пiкiрлерiн аңғару қиын емес. Бiр қуаныштысы, автор сол ойды айтып қана қоймаған, күре тамыры көп күрделi шығарманың өн бойына өрнегiн тауып өре бiлген. Бұған шығарма сюжетiндегi, композициясындағы, экспозиция мен ситуациядағы, тiптi керек десеңiз, оның шарықтау шегi мен шешiмiндегi, бүтiн оқиғасы мен бүкiл бiтiм-болмысындағы жаңашылдық нышандары айғақ. Рас, жазушының жан қинап тапқан жаңалықтары кенет атылған ғаламат жанар таудың ғажап жалынындай жарқырап, мен мұндалап атой сап тұрған жоқ. Әйтсе де оның алғашқы бiр ұшқындарын аңғармау – әбестiк, айтпау – қиянат.