18 Маусым 2013, 04:49
I.Есенберлиннiң “Қаһар” (1969) атты романы қазақ әдебиетiнде тарихи тақырыпты игеру тереңдеп келе жатқанын әйгiлейтiн шығарманың бiрi. Мұнда өткен ғасырдың 30-40 жылдарындағы Кенесары Қасымов бастаған қозғалыстың, сол оқиғаға қатысты түрлi топтардың, адамдардың жай-күйi әңгiмеленедi. Автор сөз болып отырған заманның әлеуметтiк, экономикалық, саяси ахуалын, қозғалыстың себебi мен салдарын зерттей келiп, солардың диалектикалық көркем шындығын көрсетудi мақсат еткен. Сонымен қатар романнан көркем шығармаға ғана хас көп әсерлi ақиқаттарды – адамдардың күйiнiш-сүйiнiшiн, арманы мен өкiнiшiн, ықыласы мен мұратын, кейiпкерлер тарихы мен тағдырын табамыз.
Суреткер өзiнiң көзқарасын төтелей айтып салмай, оқиғалар мен характерлердi ауанына жiберiп, еркiн сөйлеткен. Сондықтан да оқырман автор ұсынған шындықтың күнгей, терiскейiн түгел шолып, бағдарлап, бағалауға мүмкiндiк алған. Роман тарихи адамдарды көрсетуде жаңа қадам болып табылады. Тарихи кiтаптарда жазылған қысқаша тұжырымдар мен үкiмдердiң тасасында талай өмiр, қайшылық арпалыстары жатқанын танимыз.
“Қаһарда” патша отаршылдарының қысымына наразы елдiң қозғалысы, халықтың осындай серпiнiн пайдаланып, қазақ даласында тәуелсiз хандық орнатуды мақсат еткен Кенесарының кектескен сұлтандар мен патшалық бекiнiстерiне шабуылы, ата-бабасынан мирас боп келе жатқан елi мен жерiнiң бостандығы үшiн жанталасып күресуi, Кенесары дұшпандарының ұйымдасқан iс-әрекетi, сан алуан адам мiнездерi көрсетiлген. Автор тарихи адамдардың талай тайталаас күрестерiн нақтылы көрсеткен.
Кенесары Қасымов көтерген ту астына халық неге ердi деген сұрақтың жауабы романның алғашқы екi тарауында нанымды берiлген. Шұрайлы жерден айырылып, патшаның әкiмдерiнен қысым көрген ел бастаушы болса, соңынан ерiп кетерлiк жағдай туғанын тарих мысалдары да дәлелдейдi.
Жазушы қай құбылыстың да iшiндегi қайшылықты, қарама-қарсы күштердiң қақтығысын қатар алып, шындықты толық ашуға ұмтылған. арқадан Оңтүстiкке беттеген көштi суреттейтiн алғашқы тараудан да осыны көремiз. Патшалық тепкiсiнен қаша көшкен елдiң бастаушысы Сейтен батырдың қасында келе жатқан серiгi Ожар тыңшы, екi жүздi адам екендiгi бiрден сездiрiледi. Бұдан қазақ елiне деген тұзақтың әр жерден құрылғанын да көруге болады. Елдiң намысын жыртатын аңғал батырлар жанында көлеңкедей қалмай жансыз сатқындар да жүру отарлаушылықтың көнеден келе жатқан әдiсiнiң бiрi екенi мәлiм. Қапыда қолға түсiп мерт болған Сейтен батыр тағдыры бұл күрестiң қиындығынан да хабар бередi.