18 Маусым 2013, 04:47
“Жанталас” романында қазақ халқының жоңғар басқыншыларына қарсы ХVIII ғасырдағы азаттық күресiнiң шешушi кезеңдерi, сол күрестiң негiзгi күштерi, қазақ елiнiң саяси-әлеуметтiк ахуалы, iшкi қайшылықтар, сыртқы жаулар, әсiресе, Қытай богдыхандарының жартқыштық, арандатушылық саясаты, ар, намыс, өмiр үшiн кескiлескен ұрыстарда қазақ халқының өз тәуелсiздiгiн қорғауға қажыр, қайрат таба бiлгендiгi, осы оқиғалар тұсында қол бастайтын қаһармандар өсiп, жетiлiп шыққандығы туралы көп мағлұмат келтiрiлген. Оның үстiне Бұхар жыраудың төрт дүркiн әңгiмесi арқылы Хақназар, Тәуекел, Есiм хандар кезiндегi қазақ елiнiң ахуалы, үздiксiз, жанталас соғыстар, сыртқы жаулардың толассыз шабуылы, халықтың дұшпандарын жеңiп отырғандығы туралы қыруар дерек берiлген. Сонда “Жанталас” романы тек ХVIII ғасыр оқиғаларымен шегерiлмей, одан арғы екi ғасырдың да басты оқиғаларын қамтыған болып шығады. Мiне, осындай үш ғасырға жуақ кезеңнiң күрделi iстерiн бiр кiтап көлемiнде көрсету дегеннiң қаншалық күрделi уәзипа екенiн аңғару қиын емес. Романның өзiндiк жанры мен композициясын сөз еткенде, есте болар жайдың бiрi осы.
“Жанталас” романында көп кейiпкердiң аты аталады. Солардың негiзгi сюжеттiк желi үстiнде көрiнетiнi санаулы ғана. Ал басқалары түрлi оқиғалық баяндаулар тұсында қатарға қосылып, одан кейiн қара үзiп қалып қойып отырады. Әдеттегi әлеуметтiк-психологиялық роман шартымен өлшесек, мұнда көркем тұлғаның тарихы, қалыптасу жолы дейтiндей жүйелi суреттеулер, мiнездi бiрте-бiрте ашып отыратын сюжеттiк жүрiстер жиi кездесе бермейдi. Бұхар жырау аузымен айтылған әңгiмелерде ғана Хақназар, Тәуекел, Есiм хандар тарихы бiршама толық көрiнедi. Ал өзге қаһармандардан молырақ, нақтырақ көрiнетiндерi жоңғардың алғашқы соққысынан Түркiстанды қорғауды басқарған Елшiбек, жаудың арам ойын iске асырпау үшiн өз басын қауiп-қатерге байлап, асқан ерлiк көрсеткен қыз Гауһар, белгiлi баһадүрлер: Қияқ, Бөгенбай, Баян, хан, сұлтандар: Әбiлхайыр, Абылай, Барақ т.б. Бұл тұлғалардың iс-әрекетi, мiнез-құлқы кейде автор, кейде жырау атынан айтылып, едәуiр қомақты болып көрiнедi. Аталған қаһармандардың мiнезiндегi қат-қабат қайшылықтар да сенiмдi аңғартылған. Бұған бiрнеше мысал келтiрейiк.
Қазақ қосындарының қолбасшысы боп сайланып, жоңғарларға қарсы алғашқы екi-үш жеңiстi шайқаста басшылық еткен Әбiлхайыр ханды алып көрейiк. Оның басында бiрталай ұнамды қасиет – ақылдылық, әскери дарындылық, табандылық, айлакерлiк жан-жақты елес бередi. Әбiлхайыр қарсы келгендермен күресе бiлетiн, ерлiктi де, ездiктi де танитын алғыр адам сипатында суреттеледi. Ол Ресейге Қазақстанды ерiктi түрде қосып, өзi бүкiл қазақтың ханы болуды армандайды. Оның ел басқаруға арыны да, шалымы да жететiнi талай жерде байқалады да. Бiрақ кезiнде ептiлiк танытып, қазақ елiнiң тағдырын қуатты Ресей мемлекетiне тәуелдi етуге көп еңбек сiңiрген адам, түбiнде өзiнiң iшкi жеке мақсатына жете алмайды. Патшалық оны барлық қазақтың емес, Кiшi жүздiң ханы деп таниды. Сонымен Әбiлхайырдың үлкен үмiтi iске аспай, патшалық шешiмiне көңiлi толмай, бұлқынуға дәрменi болмай, трагедиялық халге түседi.