18 Маусым 2013, 04:44
Романда Дештi Қыпшақтың қаһарлы ханы Әбiлхайырдың қарауында келген қазақ руларының жеке қазақ хандығы қол астына топталу процесi, бұл құбылыстың себебi мен салдары, бiр жағы Әбiлхайыр, екiншi жағы Жәнiбек, Керейлердiң тақ пен тәж үшiн таласы, өздерiнiң мансаптары үшiн халық бұқарасын пайдалану тәсiлдерi, хан ордасындағы шытырман қайшылықтар, алдау мен зорлықтар тiзбегi романның екi бөлiмiнде толық баяндалған. Кiтаптың бiрiншi бөлiмi Әбiлхайыр ұлысының екiге бөлiну жағдайын көрсетуге арналса, екiншi бөлiмi жаңа қонысты мекен еткен қазақ хандығының iшкi – тысқы жауларымен кескiлескен күрес үстiнде шынығып, ширау процесi, бұл жолдағы қыруар кедергiлер мен қиындықтар көрсетiлген.
Бұл романда желi тартып жатқан басты идея – қазақ руларының бiрлесу, бiр хандық шеңберiнде ынтымақ құру идеясы. Жазушы тарихи фактiлерге берiк сүйене отырып, мұндай бiрлiктiң аса қатал өмiр сынында, өлiм мен өмiр кезек алмасқан алмағайып, аласапыран ауыр жағдайда жүзеге асқанын, қазақтың жеке хандығын орнатқан күштер кiм, сатылғыш, дүниеқоңыз дұшпандар кiм екенiн тайға таңба басқандай тiзiп бередi. Өз халқы тарихының көп мәселелерiнен бейхабар оқырман үшiн мұндай мағлұматтар аса зәру. Бұл айтылғандар “Алмас қылыштың” танытқыштық мәнi зор екенiн дәлелдей түссе керек.
Сонау ХV ғасыр оқиғаларын, оның алдындағы бiрнеше жүз жылдық Шыңғыс хан әулетiне қатысты дерегiн бiр шығарма көлемiне сыйғызып айту оңай шаруа емес. Автор, әлбетте, сол заман шындығын түрлi дәрежеде жазып кеткен бұрынғы – соңғы шежiрешiлердiң мағлұматтарына сүйенген. Шығыстың, батыстың бұл тақырыпқа қатысты көп кiтаптарын қарап шығу, орыстың, қазақтың шежiрелерiн ақтару, қазiргi тарихшылардың iзденiстерiн есепке алу көп уақыт пен қажырды керек ететiн жұмыстар. Мүндай шығарма жазған авторға тек ризалық сезiммен қараған мақұл.
Романда орталық қаһармандар ретiнде хан, сұлтандар жүретiнi рас. Бiрақ бұған қарап ел билеушiлерi бiрыңғай дәрiптелген деуге әсте болмайды. Қаһарманның бойындағы қасиетiн iрiлеп көрсету – оны мадақтау болып саналмайтынын әрбiр сауатты оқырман бiлсе керек. Шығармада неғұрлым айқындалып шыққан тұлға — Әбiлхайырды алсақ, автор оның ерлiгiн де, қулығын да, қаталдығын да қалдырмай айтып, күллi қайшылығын ашады. Сондай-ақ, Жәнiбек, Мұхаммед Шайбани, Бұрындық мiнездерi де диалектикалық ақиқатымен берiлген. Автор белгiлi бiр қаһарманды не әдейi жақсы көрсету, не нақақ қаралау мақсатын көздемей, оқиға мен мiнездiң объективтiк ағысын қаз қалпында көрсетедi. Бүкiл Дештi Қыпшақты билеген Әбiлхайыр бiр жағынан айлакер, ақылды, арынды ел басшысы болса, екiншi жағынан, өз мақсаты жолында ешбiр арамдық, азғындықтан тайынбайтын қанды қол, мейiрiмсiз. Өзге қаһармандар бойынан да бейненiң жан-жақтылығын көремiз. Демек, “хандарды дәрiптедi” делiнетiн қаңқу сөздер көркем шығарманың табиғатын елеумеуден туған көрiнiс. Патша, хан атаулыны тек жамандап көрсету керек дейтiн бiр жақты, тұрпайы ұғымның ғылыммен, көркемдiк шындықпен қатысы жоқ.