17 Маусым 2013, 13:45
Сейдағаң ерекше киінетін. Шалбары бір түсті, ал пиджагі торкөзді өзге түсті. Кейде галстукті шешіп тастап мойнына косынка байлайды. Бұл сонау сексенінші жылдары ешкімнің ойына келмейтін. Кейін де сондай киінуді Асанәлі Әшімов пен Олжас Сүлейменов ағаларым сәнге айналдырды. Бұл тек үшеуіне ғана жарасатын үрдіс еді. Бірі – журналист, бірі – актер, бірі – ақын. Ал Сейдағаңда Асанәлі де, Олжас та қайталай алмайтын бір киім бар. Ол – бас киім. Кепка. Шетелде жүргенде әкелетін болуы керек, тігісі бөлек, түрі бөлек. Ол тек Сәкеңе ғана жарасуы мүмкін. Киінуі де – стиль. Деталь.
***
Қаламгер ағамыздаң үйіндегі Күләтай жеңгеміз өте сұлу, жайлы, қонақжай кісі еді. Ашуланғанын көрген емеспін. Кейде қонаққа бірге барамыз. Көбінесе ауылға. Әсіресе, Бекболат Тұрысжанов ағам аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып тұрғанда. Дастарқандағы ащы су көбейіп бара жатса, «Ий», – деп күлетін. Мұндайда Сейдағаң басқа еркектерге ұқсап «Неге ежірейіп тұрсың?» деп салмайды. «Күләжан, Күләжан», – деп стақанды сумен ауыстыратын. Сонан Сейдағаң «Бір қыз бар Маралдыда қорлығайын…» деп әнге салсын. Жеңгемнің туып-өскен жері. Жарасымды еркелеу. Сейдағаң көзі жұмылғанша Күләтай жеңгемізді осылай еркелетіп өтті. Бір жылдары болмашы операциядан хирургтің пышағы қате тиіп, жеңгеміз жүре алмай қалды. Бұл кесел ұзаққа созылды. Сейдағаң жеңгемізді махаббатымен бері қаратты. Балаша күтті. Қимылы кішкене орныға бастағаннан кейін қасынан тастамай, ертіп жүрді. Әлдекімдер секілді біреулердің етегіне ілесіп кеткен жоқ. Күшті рух. Деталь.
***
1986 жылдың Желтоқсан көтерілісінен кейінгі күндердің бірі. Дәл қай күн екені есімде жоқ. Комсомолдың Орталық Комитетінің бюросы өтіп жатқан. Бюроға КПСС Орталық Комитетінен Соломенцев қатысты. Қазақстан комсомолының Орталық Комитеті жастардың арасында интернационалдық тәрбие жүргізбеген. Жоғары оқу орындарына кіл қазақ ұлтының өкілдері қабылданады. Қазақ ұлтшылдығына сендер тосқауыл қоя алмадыңдар – деген мазмұнда сөйлеп, саусағын бірінші хатшы Серік Әбдірахмановқа қарап шошайтты.
Үнсіздік. Осы кезде Сейдағаң паңдау, сырбаз мінезінен айырылып қалды.
– Жолдас Соломенцев! Сіз саусағыңызды шошайтпаңыз. Бізді тұқыртып келе жатқан да осы нұсқағыш саусақтар. Қазақ ұлтшылдығы деген – жабылған жала. Дәл осы кезеңде Сейдағаң баспаға директор болып ауысып бара жатқан. Үндемей қалуға да болар ма еді. Бірақ мұндайда ол үнсіз қала алмайды. Мінез. Деталь.
***
Алпысын тойлап өткеннен кейін Сейдағаңа ауыр кесел жабысты. Мойымады. «Жазыламын, жазамын, Уәлихан» дейді көңілін сұрап барған сайын. Не дейін? «Иә, иә», – деп құтыламын. Бірте-бірте кесел жаналқымға келді. Әлекең (туған ағасы) оңаша бөлмеге шақырып алды.
– Біздің ешқайсымыз Сейдахметке бата алмаймыз. «Жаман айтпай, жақсы жоқ», олай-бұлай болып кетсе, тапсырар не аманаты бар. Сенен басқа ешкім сұрай алмайды, кіргізбейді… Бөлмеге кірдім. Терезені қараңғылатып қойыпты. Қасында жарықшам. Шашы таралған. Сақал-мұрты алынған.
– Келдің бе? Тартшы пердені, күнді көрейін…
– Аға, өмір бар да өлім бар деген. Не айтасыз?
– Ұйықтап кеткен екенмін. Түсіме «Қарақыстақ» кірді. Баяғы бала күнгі бұлақтан су ішіп жатыр екенмін. Оянып кеттім. Қас-қағым сәт. Шөлдедім. Шіркін, «Қарақыстақтың» бұлақ суы-ай… Бұлақ суын Сейдағаң ауылға барған сайын ішетін. Ішкенде де ешбір дәмге қарамастан, дәлізде тұратын флягаға кружканы салып, толтыра алып, сіміре жұтатын. Әлекеңді ауылға жібердім. Сейдағаңның бал бұлағынан бір фляг су алдырдым. Кружкасымен. Ертесіне таңертең үйге қайта келдім. Кірпігі әрең қимылдап жатыр екен.
– «Қарақыстақтың» суы.
Сейдағаң кружканы екі қолымен алып, сіміре жұтты.
– Тәттісін-ай! – Газетіңді қарайтын уақыт болды. Бар.
Шынында да, бірінші бетті қарайтын уақыт, он бір. Өзін емес, оқырманды ойлап жатыр.
– Кешке соғамын, аға.
– Уәлихан, – деді ағам қолымды ұзақ қысып. – Бәрін өзің білесің ғой…
Сейдағаңның өмірі де, өлімі де бөлек. Деталь.
Уәлихан ҚАЛИЖАНОВ,
филология ғылымдарының докторы,
М.Әуезов атындағы Әдебиет және
өнер институтының директоры