17 Маусым 2013, 13:44
Әңгіме – Сейдахмет Бердіқұловтың «Үшінші подъезд» атты повестер мен әңгімелер жинағы жайлы. Неге дәл осы кітап тілге тиек болды десеңіздер, айтайын: Сәкең негізінен, спорттық шығармаларын топтастырған осы кітаптың №1 қолтаңбасын маған ұсыныпты.
…Қолымда – қалыңдығы бір еліден жуандау қатырма мұқабасы бар кітап. Қыса ұстағаным болмаса, оқып отырған жоқпын. Оқып отырмаған себебім, бұл кітапты әлденеше рет қайта оқып шыққанмын, әр сөздің десем артық болар, әр тарауының айтар тарихы ойымда жаттаулы. Талай мәрте оқығанмын. Сонда да оқығым келе береді. Оқуға еріксіз жетелейтін күш бар секілді…
«Мұңайып оянған қала» повесінің мына бір жолдарын қайталап тағы оқимын: «…Кең төсекте тыпырлап аунай бердім, аунай бердім. Кеңірдекте кептелген қуаныш, көз шарасына іркілген жас. Әлдеқайдан талып естілген СССР Гимні…». Мынау Рим Олимпиадасының күміс жүлдегері, КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері Ғұсман Қосановтың жүрекжарды жолболсынынан бір үзік: «…Кітап мұқабасындағы екі сурет те маған етене жақын. Несімен дейсіз бе? Табиғатымен. Екі көрініс те аламан бәйгенің бәсіре бір сәтін айқайлап айтып тұрған жоқ па?! Жүйріктер жарысы ғой. Мен де жүгіргем, желаяқтар бәсекесіне түскем…». Бұл жинаққа сәт-сапар тілегендердің бірі республикаға, Одаққа танымал спортшы, футбол маманы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы – Тимур Сегізбаев: «…Футбол өнері бір қарағанда жасыл алаңда теңбіл допты жиырма екі ойыншы тынымсыз қуатын жайдақ ойын көрінгенімен, олай емес. Футбол – жанкүйерлері өлшеусіз көп, тек жампоз жігіттердің өресі жететін күрделі өнер. Міне, сондықтан да біздің өз арамызда теңбіл доп саңлақтары сапырылысып жүрген жоқ. Футбол – тек ойнауға ғана емес, түсінуге де қиын өнер. Соған қарамай, Сейдахмет Бердіқұлов әлемдік футбол додасы жайлы тамаша кітап жазды. Бұл кітапты оқыған жан автордың теңбіл доп тылсымын жақсы білетініне таңданар еді. Мен өзім кезінде осыған таңданудан жалыққан емеспін…
…Сәкеңнің футболдың қыры мен сырын кез келген маманнан кем білмейтіні де кезінде мені таңғалдырғаны бар. «Қайрат» командасының бапкері А.Севидов оны шақыртып жүр екен. А.Севидов футбол өнерінің аса терең ойлы мамандарының бірі болатын. Сол кісінің Сәкеңмен бүгінгі футбол өнерінің оңы мен солы жайлы ұзақ пікірлескені есімде. Мен сол кезден-ақ Сәкеңді футбол ойынының жанкүйері деуден гөрі, ұстазы деуге жақын тұратыным сондықтан…»
Дат, оқырман! С.Бердіқұловтың творчествосына кез келген сыншы, кез келген спорт маманы жоғарыдағы екі адамнан артық баға бере алмас дедік. Ол рас. Бірақ кезінде кітап жарық көрісімен «Қазақ әдебиеті» газетіне жарияланған (№49, 4 желтоқсан, 1981 жыл) қазақ әдебиетінің тарландарының бірі, қазақ поэзиясының ардагер ағасы деуге лайық Әбділда Тәжібаевтың рецензиясын оқыған соң қандай таланттың қырын да бір немесе екі адам толық аша алмайтынын байқадық. Адамның жанын түсініп, жақсылығын бетіне айтуға үйренген ақсақал ақынымыздың жазған пікірінен соң С.Бердіқұловтың оқырмандар үшін жаңа бір қыры, қасиеті ашылды. Бүгінде әрбір шаңырақта шағын болса да кітапхана ұстау дәстүрге айналды. Біздегі сондай кітапхана деуге олқы соғатын кітап сөрелерінің ортан белінде тұратын С. Бердіқұловтың «Үшінші подъезд» атты кітабын қолға көп алып, оқуға сұраушылар кейінгі кезде көбейіп жүр. Қолқа салған соң, амал жоқ, бересің. Араға күн салмай оқып шығып, әкеліп берген оқырманның мына бір-екі ауыз сөзін жиі естимін: «Тамаша кітап екен. Жазушы №1 қолтаңбаны саған беріпті-ау, бұл да – абырой…»
Жоғарыдағы кітапты бізден алып оқып жүргендердің пікірін бұл жерде ту етуден аулақпын. Бірақ бұл кітаптың қолдан-қолға тимей оқылғанына дауым жоқ. Шынын айту керек, спорттық көркем әдебиетке тапшылығымыз әлі сол күйінде. Сондықтан да С.Бердіқұловтың есімі ерекше, дара аталары да заңды. Қай тақырыпта да, әсіресе, спорт тақырыбында, шығарманың құндылығы автордың осы бір керегесі кең, шаңырағы биік дүниеге қаншалықты жақын, қаншалықты туыс, жанашыр екенімен өлшенуге тиіс. Спорттың ет езіп, сүйек шытынатар салмағын, жүрек қысып, ішек созар тартыстылығын, бір сәтке ғана бақытты етіп, өмірлік қуат берер қасиетін білмей, сезінбей, спорт тақырыбын меңгеру мүмкін емес. «Ол үшін өзің де спортшы болуың керек» деген қатқыл пікірге қосылмаймын. «Тамаша спортшыдан тәуір бапкер шығуы міндетті емес» деген секілді, спорт тақырыбын тамаша меңгеру үшін жазушыға кезінде рекордтардан көз аштырмаған спортшы болу да мүлдем міндетсіз. Тек жоғарыда айтылғандай, спорт әлемінің тылсымын жанымен сезетін суреткер болса болғаны. Ұстазым Сейдахмет Бердіқұлов сондай адам еді. Ғ.Қосановтың мына бір әңгімесі де жазушының спорт әлеміне сонау балаң кезден балапандай тәрбиеленгеніне куә бола алады. 1959 жылғы КСРО халықтарының жазғы II спартакиадасында аса қысқа қашықтықта жеңген жеңіл атлеттің фамилиясы электронды таблода жалт ете қалғанын көзі шалған сол кездегі жастар газетінің тілшісі шарқ ұрып Қосановты іздейді. Табады. Сол кезде Молдавия құрама командасының сапында өнер көрсететін солдат Ғ.Қосановтың қазақ екенін көріп, көзіне жас алады. Мұның да еш айыбы жоқ. «Отан отбасынан басталады» деген аталы сөз бар.
Сонау жас шағында қызыққан, сол кезде таңдаған тақырыбын Секең ғұмырының соңына дейін ештеңеге айырбастаған жоқ. Әрине, біз С.Бердіқұловтың өзге тақырыптарға жазған әңгіме, повестерін де оқыдық. Дегенмен жазушы творчествосының әр кезеңінен спорт тақырыбы атой салып, ерекше көрініп, менмұндалап тұрады. Бұл тақырыпты творчествосының ат байлар қазығы десек те жарасады.
Менің бұл жазғандарым – қаламдас аға жайлы сағынышты сыр. Олай болса, жазушының жас қаламгерлерге мәңгі үлгі болар бір-екі қасиетін баса айта кеткен жөн болар. Ең әуелі С.Бердіқұловтың шығармасының тілі тамаша. Қай оқиғаны әңгімелеп отырса да одырайып тұратын бейтаныс сурет, дүрдараз диалогтар кездеспейді. Бәрі де шебер ұстаның шегесіндей, ұшы өткір, түбі тиянақты келеді. Жазушының қай шығармасын оқысаңыз да бояуы мол, рахат дүниеге кенелесіз де отырасыз. Еріксіз езу тартатын ет жақын тұстар да молынан кездеседі. Бұл жалаң юмор іздеудің жемісі емес, жазушының шұрайлы тілінің ең қажет деген тіркестерін алған тұстары ғана. Әдетте көптеген әдеби шығармаларда автордың жоқтан күлкі іздеп тауып, оны орынсыз зорлап қосып, жапсырғаны менмұндалап, сыйыспай тұрады. С.Бердіқұловта ол жоқ. Бүкіл шығарманың өн бойы жазушының өз тілі, өз баяндауы, өз әңгімелеуі мәнеріне құрылады. Әрі әлгідей әдемі қасиеттерімен ерекшеленіп тұрады. Кітаптың кез келген тұсын ашыңыз. Мысалы: «…Елеңдеп қалған адам бүйірі қызған бәйге аты секілді деңіз де қойыңыз. Байыз тауып не отырып, не жата алмайды. Аз-кем аяқ суытқаннан соң көшеге шықтым. Қасымда – грузин журналисі Отар Назадзе. Футболға байланысты дүниені сыпырып-сиырып, сатып ала береді. Бөлмесінің өзі кішігірім музейге айналған. Ауылда футбол жайлы мыңға тарта кітабы барын, дүние- жүзіндегі ең ірі жарыстардың арнаулы значоктері содан табылатынын басқа грузин жігіттері айтты. Біздегі Шора Сарыбаев секілді құныққан, беті бері қарамайтын «науқас» коллекционер». Бұл – жазушының Мехико футбол чемпионаты жайлы жазылған деректі повесінің жеті жолы ғана. Мұндай жылы теңеу, жүйелі суреттеулер бүкіл шығармаларының өн бойында балбұлақтай еседі де тұрады. Республикамыздағы спорт журналистикасының марқасқасы атанған жазушы спорт әдебиетінде де сол биігінен түспеген. Бұл айтылғандарды құлақпен естіп қана қоймай, жүрекпен сезінгісі келгендер болса, Сейдахмет аға маған №1 қолтаңба қойып берген «Үшінші подъезд» жинағын тағы бір парақтасын.
Несіп ЖҮНІСБАЙҰЛЫ,
Сәкеңнің шәкірті, республикалық
«Sport»-«Спорт» газеттерінің
директор-бас редакторы,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
Астана қаласы