17 Маусым 2013, 03:20
Әйгілі Француз актері Жерар Депардье әлемдегі жеті елдің азаматы атанғысы келетіндігін айтты. Үстіміздегі жылдың басында ол Ресей азаматтығын алған болатын. Ал, қазіргі таңда осынау кино жұлдызы Алжирдің де төл құжатына ие болудың жолдарын қарастырып жатыр деп хабарлайды Le Journal du Dimanche.
"Мен әлем азаматымын, еркін жанмын. Мен француз және орыс актерімін" дейді Депардье аталған басылымға берген сұхбатында.
Оның айтуынша, қаншалықты көп елдің азаматы атанса, сонша елге ол визасыз, емін-еркін кіріп шыға алады.
"Мен жеті елдің азаматы атанғым келеді. Алдымен Алжирдің паспортын сұраймын, кейін өзгелерін. Осылайша мен виза күтіп жүрмейтін боламын. Өйткені мен әлем азаматымын, еркін адаммын" дейді актер.
Былтыр дәулетті азаматтарға салықты 75 пайызға дейін арттырмақ болған Франция билігіне наразылық ретінде осы елдің азаматтығынан бас тартпақ болған. Кейін, бұл ойынан айнып, қаңтар айында Ресей азаматтығын қоса алды. Ресей тарапы актерді Мордовия астанасы Саранск қаласына тіркеп, сол жерден үй де берген болатын.
ҚазАқпарат.